№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Айымның арманы асқақ

Айымның арманы асқақ


Жаңақорғанда соңғы жылдары жаңа белеске көтерілген спорт түрі – ауыр атлетика. Бүгінде балғын зілтеміршілердің қатары көбейіп, облыстық, республикалық аламандардан олжалы оралып жүр. Төменарықта тұратын Айым Абылайды осы қатарға қосуға әбден болады. 9 сыныпқа өткен оның мұраты асқақ. Ол – әлемдік деңгейдегі спорттық додаларда көк туды көкте желбірету.


Төменарық ауылында еркін күрес мектебі қалыптасқан. Бағлан Ергешбаев, Әбдіманап Байгенжеев сынды спорт шеберлері түлеп ұшқан жер. Осындай аға буынның жолын жалғауды мұрат еткен Айым бастапқыда күрес залына келеді.
Онда Алмат Ергешбаевтан тәлім алып, кейіннен ауыр атлетика біржолата ауысады.
– Иә, Айымның дене икемі күреске келеді. Бірақ ол өз шешімін жасап, ауыр атлет болуды қалады. Мұны біз қолдадық. Енді талмай еңбек етіп, ауыр салмақтағы штанганы бағындыруы тиіс. Қазірдің өзінде бағыты дұрыс, бағдары анық, – деді алғашқы бапкері.
Жазғы демалыс болса да, жаттығу залынан Айымды кезіктірдік. Жұлқа, серпе көтеруден жаттығу жасауда. Сырттай бақылағанда бұл спорттың қандай жауапкершілігі барын сезінесіз.
– Менің бұл спортты таңдауыма қарсы болғандар болды. Қыз бала болғаннан кейін болашағыма ата-анам да алаңдаулы. Бірақ менің аз ғана уақыт ішінде жеткен жетістігім келешегімнің қандай екенін көрсетті. Бұйырса бұдан да биіктерді бағындыруға дайынмын. – деді ол.
Асылқожа Сағатовтың шәкірті биылдың өзінде үш турнирде жеңіс тұғырынан көрініп үлгерді. Алдымен Шиеліде өткен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 2004-2005 жылы туған зілтеміршілер арасындағы облыс біріншілігінде күміспен оралды. Одан кейін, Қармақшыдағы аймақ біріншілігіне барып, онда алтынға бір табан жетпей қалды. Осы жетістігін Түркістан облысында өткен турнирде қайталады. Тағы да алтын жолында аз ғана салмақ жетпей, күміспен күптелген Айымға бапкері үлкен сенім артып отыр.
– Ол біздің жаттығу залына оқу жылының екінші тоқсанында келді. Бойында күш, жігер бар жастың жігерін жасытпай, топқа қостық. Қыз жаны нәзік ғой, дегенмен Айымның осы спортқа деген шынайы ықыласынан аттап кете алмадық. Алда жарыс көп, бұйырса спорттық әлеуетін толықтырып, ірі-ірі турнирлерде алтынмен оралады деген сенімдеміз. Ең бастысы, мақсаты биік, – деді бапкері.
Жалпы Жаңақорғанда ауыр атлетика спортының көшін осы жасөспірімдер бастап келеді. Мәселен, Аянат Жұмағали қазір Алматы шаһарында білім алуда, ол жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрініп, Сыр елінің абыройын асқақтатты. Одан бөлек, қаншама жастар өсіп келеді. Сол ізбен жүріп келе жатқан Айымның да арманы асқақ. Оның әзірге спорт шеберіне үміткер деген атағы бар, соңы халықаралық деңгейдегіге ауыстыру үшін жаттығып жүр.
– Айым үйдің алтыншы перзенті, 4 қыз, 1 ұлдан кейін дүниеге келген. Спортқа әуестігі бала кезінен байқалған, бірақ ауыр спортқа беруге жүрексіндік. Бірақ көзінен жалын есіп, спортқа деген қызығушылығын көріп бетін қайтармадық. Сабағына да үлгереді, өзінен кейінгі сіңілісіне де қамқор, ақыры осы жолды таңдаған екен, мен қызымның үлкен шыңнан көрінуіне тілекшімін, – деді әкесі.
Міне, аядай қыздың алғашқы қадамын осылай таныдық, қалғанын уақыт еншісіне қалдырамыз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

21 шілде 2021 ж. 676 0