№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мейрамбек рекорд орнатты

Мейрамбек рекорд орнатты

Жақында Қостанай қаласында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Онда жаңақорғандық жас зілтемірші Мейрамбек Әбдіхалық жұлқа көтеру әдісі бойынша рекорд жаңартып, қарсыластарын артта қалдырды.

Он жастан бастап спорттың ауыр атлетика түрінің қыр-сырын меңгерген Мейрамбекті қожакенттік Асылқожа Сағатов жаттықтырды. Бірнеше жыл аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда шыңдалды. Бүгінде ол облыс орталығындағы спорт колледжінде оқиды.
– Әртүрлі салмақтағы спортшылардың зілтемір көтеріп, күш сынасатын жарыс түрі болғандықтан ең алғаш жарыс жолына 35 келі салмақта шыққаным есімде. Жаттықтырушым Асылқожа Сағатовтың үйреткен әдіс-тәсілдерін қолданып бақпен баптың қатар шапқан күндері болды. Біздің басты мақсат ең мықтының ішінен кіл мықтыны анықтайтын жарыстарда басты қарсыласыңның тактикасын білу. Өзім ауданнан шыққан Алмас Өтешов секілді, дүниежүзін мойындатқан Илья Ильин сияқты атақты зілтемірші атанып, Олимпиада шыңын бағындырғым келеді, – дейді жас спортшы.
Бүгінде уақытының көбі жаттығу залында өтетін Мейрамбектің бос уақыты жоқ. Жарыстан соң келесі жарыс күтіп тұрады. Дайындықтың нәтижесінде жеңіске жететін болғандықтан жас спортшының арманы асқақ, мақсаты айқын.
– Зіл батпан салмағы бар темірді басынан асыра жоғары көтеру үшін де адамға үрейін жеңе алатын мінез керек. Алғаш рет ауыр атлетика үйірмесінің табалдырығын аттаған сәтте-ақ, Мейрамбектің бойында мінезі, көзінде оты болды. Мен жаттықтырған жылдары Түркістан облысының ашық біріншіліктері мен аудан арасындағы жарыстардан тыс қалған жоқ. Екі жылдай зілтемір көтерудің әліппесін тыңғылықты игерген ол жетінші сыныптан соң Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт интернатына қабылданды. Ол жақта жеткен жетістігі аз емес, – дейді алғашқы жаттықтырушы Асылқожа.
Өңірде өз салмағында облыс құрамасының мүшесі атанған кейіпкеріміз былтыр 67 келі салмақта Қазақстан Республикасының чемпионатында 3 – орын алса, биыл 73 келі салмақта Қазақстан Республикасының чемпионатында жұлқа көтеру әдісі бойынша рекорд жаңартып, бірінші орын алады. Бұған дейін жұлқа көтеруден 115 келі болса, Мейрамбектің бұл жолғы көрсеткіші 118 келі тартты. Ал серпе көтеруден 152 келіні оңай еңсерген жас спортшы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» деген атақты қорғады.
– Жарыс өте тартысты өтті. Басты қарсылас қызылордалық жоғары мамандандырылған спорт мектебінің шәкірті Нұрсұлтан Балғабаев болды. Тыңғылықты дайындалғанның нәтижесінде үміт ақталып Мейрамбек жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңісті сәтті сезіну оңайға тиген жоқ. Бәрі де төккен тердің арқасында келді. Ендігі арманым шәкіртімді Олимпиада ойындарына дайындап, биік белестен көру, – дейді спорт мектебінің жаттықтырушысы Арман Абдыреев.
Иә, «Шын талантқа тұсау жоқ» депті ескінің есті сөзінде.
Жігері мықты, мұраты асқақ Мейрамбек Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жарқылдай өнер көрсететін күн алыс емес. Біз соған тілектеспіз.

Лаура АЙДАРХАН
08 қазан 2019 ж. 768 0