№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Күрес те өнердің бір төресі

Күрес те өнердің бір төресі


Көшпенділер өмірінде әлсіздерге орын жоқ.
Олар қатал өмірде бәсекеге қабілетсіз болады. Содан болар жастайынан күрес өнеріне баулып, епті, төзімді болуына мән берді. Оны аңыз-әбсаналардан білуге болады. Мәселен, тау көтерген Толағайдың балуандығы ғасырлар бойы халық ауызында мақтанышпен айтылып келеді. Бес қаруын сайлаған батырлардың кез-келгені күрес өнерін жоғары дәрежеде меңгергені анық. Жауырыны жер иіскемеген Балуан Шолақ пен Қажымұқанның ерлігі ұрпақтарға үлгі-өнеге. Кеңестік дәуірде Әбілсейіт Айханов, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Аманжол Бұғыбаевпен мақтанамыз. Біздің ауданнан да республикалық, халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде белдесіп, аты шыққаны бар. Одан бөлек, тойлардың көркі болған қаншама білекті азамат болды. Бірақ олардың есімі ұмытыла бастады. Солар жөнінде аз-кем әңгіме қозғасақ.

Біздің елде өгізді өңкеріп әкететін күш аталары болды. Қаратаудың бойындағы Ботасоқты өзенінің тауға бойлап енген тұсын қоныс еткен Төке балуан асқан қара күшке ие болды. ХІХ ғасырда өмір сүрген Төке атан өгізбен жүрсе керек-ті. Көнекөз қариялардың сөзінше, оны жылқы көтере алмайтындықтан өгізді мініске пайдаланған. Жаз кезінде тау ішіндегі бұлақтар тартылып қалатын кездері болған. Ағайын-туысы мен ауылдастары ауыз судан тарыққанын көрген Төкен бұлақтардың су көзін аршуға кіріседі. Судың көзін ашу ұшын екі-үш адамның құшағына сыймайтын тастарды аршу керек болады. Салмағы жарты тоннадан асатын қойтастарды Төке қылшылбырмен орап, жоғарыға көтеріп, судың қайнарын ашады екен. Нәтижесінде қысы-жазы суы сарқылмайтын бұлақ пайда болады.
Төкенің немере інісі Оңғарбай да қара күштің иесі болды. Ол көтерген 200-300 келілік тастар кешегі күнге дейін Қосүйеңкі ауылындағы гаражында қаланып тұрды. Бұл күні ол тастар да майдаланып әркімнің меншігіне айналып кеткен.
Балапан төбеден шығып Ташкент жұртына белгілі болған Жанұзақ балуан өмір сүрді. Ынтымақтың баурайында Әуелбек Есенбекұлы деген атақты балуан болды. Төменарықта Тасболат Аманжолұлының балуандығы өз алдына бір әңгіме. Жер ауып келген шешен, кәріс, гректердің тентектерін сабасына түсіргені әлі ел аузында. Қызылорда мен Түркістан арасына аты мәлім орыс балуаны Тасболатты іздеп барып күреседі. Жарты сағатқа созылған теке-тіресте Тасболат орыс балуанының аяғын аспаннан келтіреді.
Халық арасында өздерінің ерен күші мен ерліктерімен аты қалған жандардың бірі – ақүйіктік Мұратбай Әйітұлы мен Жиенәлі Ақназарұлы. Олардың палуандығы жөнінде жазушы-журналист Ғайыс Егембердіұлы мен Әбілазиз Сейдәзімұлының «Аулымның ардақтылары» атты шежіре кітабында баяндайды.
Қожамберді батырдың ұрпақтарының арасында әйгілі балуандар шықты. Олардың арасында Баймұрат Бекенұлы (1837-1910 жылы) бөліп-жарып атау керек. Ол жасы алпысқа қарағанда Атбасарға Балуан Шолақты іздеп барып, белдесуге шақырады. Оның белдесу өнеріне разы болған Балуан Шолақ оған шапан жауып, астына ат мінгізеді екен.
ХХ ғасырда Омардың қос ұлы Тәжібай мен Тұрманның жамбасы жерге тимеген балуан болған-ды. Олар көктемде Өзбекстанға өтіп, Бұхара, Сухандария, Жизақ, Ташкент, Самарқан жерлерінде балуандарды бірінен кейін бірін жер жастандырады екен. Осы дәуірде өмір сүрген Байзақ балуан жайлы да жақсы әңгіме көп.
Жаманбай батыр ұрпақтары арасы­нан не бір балуандар шықты. Солардың арасында Кәрібай Боқайұлынан бастасақ. Ол ноғайлардың тұрақты палуаны ретінде Түркістан мен Ақмешіт арасында өткен сайыстарға үнемі қатысып отырған. Енді бір балуан Ешмұрат Беркінбайұлы дер едік. Соғыстың алдындағы жылдар болса керек. «Октябрь» колхозына спорт шебері келеді. Айтушылардың сөзіне қарағанда, спортқа бейім жастарды жинап, Алматыға оқуға алып кетеді. Оны сол ауылдың комсомол белсендісі Есіркеп Кәрібаев ертіп жүреді. Ешмұраттың қара күшке мықтылығын білетін ол қонақты оның үйіне ертіп келеді. Ешмұрат үй саламын деп кесек құйып жатса керек-ті. Кәрібай екеуін күрестіруге бел буады. Содан білектілерді сынап жүрген азамат Ешмұраттан ұтылып, оны оқуға шақыртатын болып кетеді. Бірақ келер жылы соғыс басталып, Ешмұрат майданға аттанады. 
Оңтүстік Қазақстан облысына Шаян ауданы Қараспан аулына қоныс аударған Нұрлыбек Момбековтің де өмір жолы қилы-қилы. Онда Кавказдан жер аударылған қарашайлар келеді. Соғыс біткеннен кейінгі бір мерекеде күрестен жарыс өтеді. Бәсеке қазақ, қарашай арасында өтеді. Білекті бір қарашай қазақтарды қайта-қайта жеңіп, мысын басады. Намысқа булыққан ел ағасы: «Тездетіп Нұрлыбекті шақырындар», дейді. Тойдың ортасына Нұрлыбек келіп, қарашайдың балуанын аяғын аспаннан келтіреді. ХХ ғасырдың 60 жылдары ол елге оралады.
Енді бір айтуға тұрарлық азаматтың бірі – Қайықбай Қилыбайұлы. Жиын-тойларда талай балуанның иығын жер иіскетіп, жүлдеге жылқы, түйе, өгіз алады. Ол Сыр бойында алғаш теміржол құрылысы басталғанда, сонда жұмыс істейді. Оның аңқаулығын білетін қасындағылар жол бойына тартылған сымды бағаналарды көрсетіп: «Мынаны қамшымен тартып-тартып жіберсең, ақ патшаға сенің аманатыңды тура жеткізеді» дейді. Сөзге сенген Қайықбай атына мініп алып, бағанның жанына келіп, қамшымен тартып-тартып жіберіп: «Ақ патшаға айта бар, біздің қатынның көйлегі тозып қалды, бірнешеуін беріп жіберсін» дейтіні әлі ел аузында айтылып жүр.
ХХ ғасырдың 40-60 жылдары өмір сүрген Шора Сейдалыұлы, Жанқожаның Досжаны, Ережеп Бекқожаұлының балуандылығы жайында айтылатын әңгіме көп. Қожакенттік Мұхтар Бұрхановтың айтуынша, Шора бойы екі метрден асатын алып адам болған. Оны көзімен көрген Берден қажы айтқан екен. Шораға күші жетер ол маңда балуан болмаған. Оның негізгі кәсібі балық аулаған, ұстағанын ауылдастарымен бөлісіп отырған. Досжан балуан саудагерлердің керуенін күзеткен. Олар бірде жолшыбай қарақшылардың қолына түседі. Сонда Қарақшылардың басшысы: «Кім де кім менің балуаным мен үйретілген пілімді күресіп жеңсе, керуен әрі қарай сапар шегеді. Жеңе алмаған жағдайда керуен талауға түседі» деген шарт қояды. Сонда көп арасынан Досжан шығып, балуанды жығып, пілді де тізе бүктіреді. Ал Ережептің жолбарыспен болған теке-тірестері айтылады. Қауық қонысының маңайында қалың қопалы қамыс арасында мекен еткен жолбарысты аулауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Ережеп қылшылбырмен білегін шандып орап, жолбарысқа ұмтылады. Сонда жолбарысты құшақтап қолы қасарысып қалады.
Осындай арқалы балуанның бірі – Әшім Кенжеұлы. Ол қатарластары арасында «өгіз» балуан атанған. Оған бұл ат ауылда ешкімге дес бермей үлкенді-кішісін қуып, сүзіп жүрген өгізге қарсы шығып, оны жерге сұлатып түсіргеніне байланысты қойылады.
Бесарық өзені аңғарында өмір сүрген Ергөбек Қаламбайұлы деген балуан өтті. Оның саятшылығы мен тақымы мықты шабандоз болғаны қоса айтылады.
Талдысудан шыққан Сердалы Құрымбеков тек шабандоз ғана емес жауырыны жерге тимеген балуан болғандығын талай естігенім бар. Оның балуандығын жоғары бағалаған ақын Нартай Бекежанов арнайы келіп, қарақалпақпен шекарада өтетін айтулы тойға ертіп барады. Сал-серілік дәстүрді жалғаған Нартай қасына әнші-күйшілерімен бірге білекті азаматтарды тойға ерте барады. Сол тойда Сердалы өзбек, қарақалпақ балуандарын жеңіп, елге мерейі үстем болып оралған.
«Ленин» колхозының тұрғыны Жәми Берженбайұлы мен Есенқұл Тұрмағанбетов атақты балуандардың бірі болған. Әсіресе Жәмидің ағайыны, еңбек ардагері Айдар Әуезбеков: «Колхоздың шөбін тасып жүргенде өгіздер болдырып, арбаны тарта алмай қалды. Екі өгізді арбадан шығарып, арбаның артына байлап, арбаны өзі екі шақырымнан астам жерге сүйреп әкеледі», дейді. Ал Есенқұлдың Шымкент қаласында тұратын ұлы Самат кезінде грек рим күресінен Азия чемпионы атанды. 
Бұдан бөлек, аты шыққан балуандар аз емес. Оның бәрін біле бермейтініміз де хақ. Тек есте сақталғандарын ғана тоқталып өттік. Егер жауырыны жер иіскемеген балуандар жайлы білсеңіз, ойыңызбен бөлісіңіз, біз толықтарып, жазуға дайынбыз.
Енді түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, аты шыққан балуандарға тоқталсақ. 1938 жылы қазақ күресінен тұңғыш рет спартакиада өтті. Содан бері қалыптасты. Ұлттық спорт түрлері болғандықтан республика ішінде автономды түрде өтті. Тек Тәуелсіздік алғалы қазақ күресінің тынысы ашылып, халықаралық деңгейге көтерілді. 2004 жылы Дүниежүзілік қазақша күрес федерациясы құрылды. Бүгінгі таңда 48 елде қазақша күрес федерациясы ресми тіркеліп, жұмыс жасайды. Осы уақыт ішінде 10 рет әлем чемпионаты мен 11 рет Азия чемпионаты және 3 рет Еуропа чемпионаты өткізілді. Сонымен қатар «Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысы» сияқты жобалар қазақ күресінің айбынын асыра түсті.
Ауданда ресми түрде күрестен тұңғыш жарыс 1960 жылы Сопының сазында өтті. Шопандар тойында жасына, салмағына қарамай белдесті. Осы сайысқа аудандағы барлық колхоздан 60-тан астам үміткер қатысты. Шопандар тойында талаптық Нұрбек Палымбетов, жаңақорғандық Оңғарбек Егембердиев, төменарықтық Адырбек Ергешбаев, Тен Рева жүлде алды. Сол жылы облыста бірінші рет қазақша күрестен облыстық чемпионат өтіп, сол жарысқа Кенжебек Сарқұлов 6 спортшыны алып барады. Осы жарысқа қатысқан Нұрбек Палымбетов былайша еске алды:
«Қызылордада политехникумда оқып жүргенмін. Демалысқа шығып, ауылға бағыт алдым. Вокзалда Кенжебек ағайды кезіктірдім. Тұңғыш чемпионатқа қатысуға келген беттері екен. Менің күресетінімді білетін Кенжекең: «Бізбен бірге жүр, бірге қайтамыз, мүмкін күресерсің», деді. Қолым бос, келісе кеттім. Не керек, белдесіп, абыройсыз болған жоқпыз, мен бірінші орынды, Мырзабек Аюпов екінші, Оңғарбек Егембердиев үшінші орын алды».
1960 жылдан бастап аудан көлемінде қазақша күресі арнайы спорт түрі ретінде жарыстар өте бастады. Бүгінде талай балуанның жауырын жер иіскеткен төменарықтық Махмұт Ахматов 90 жаста. Сексенінші жылдардың ортасына дейін боз кілемнің шырайын кіргізген Пернебек Қабылов, Ибаш Досымбеков, Александр Туманцев, Мейір Кенжебеков, Тобажан Иманқұлов, Әбибулла Сариев, Келербек Жолдасбеков, Арын Дауылбаев, ағайынды Нүрділла мен Тілеубай Отарбаев, Ерман Көшербаев, Бектұрсын Әбутұрапов, Мұрат Тотаев, Дәулет Сүгірбаев, Қайрат Әбілақов, Болат Уайсов ауданның абыройын биікке көтерді.
Күрес өнерін жоғары деңгейде меңгерген Омар Төлегенов, Әбдіхалық Абдуллаев, Тәжіхан Серікбаев, Әбутәліп Аманов, Бақытжан Мұхамметжанов, Серік Ибрагимов, Орынбасар Әмірбеков, Құтымбек Әділбеков, Нарбек Жабырайылов, Тілеубай Оспанов, Наятулла Қарақожаев, Асылбек Исаевты, еркін күрестен Оңал Аяшев, Қайбулла Сариев, Әбузәкір Әбжаппаров, Ералы Ермұхаммедов, Қосаман және Әбілғазы Шерниязов, Аслан және Орынбасар Құлмановты атауға болады. Олардың алды зейнет демалысында болса көбі түрлі салада еңбек етіп жүр.
1970 жылы аудан орталығында алғаш жасөспірімдер мен балалар спорт мектебі ашылып, күрес өнері дамудың жолына түсті. Кейін халық сұранысына орай Төменарық, Бірлік, Түгіскен ауылынан оның филиалы ашылды. Соңғы 18-19 жыл көлемінде күрес өнері қыздар арасында даму үстінде. Бүгінде Түгіскенде белбеу, дзюдо, қазақ күресінен атағы жер жаратын балуандар шығуда. Бірлік пен Төменарықта еркін күрестің шеберлері түрлі деңгейде өнер көрсетіп жүр. Тіпті Олимпиада ойындарына қатысқан балуандармен де мақтана алады.
Айта кететіні, ұлттық спорт түрлерін дамытуда Мадияр Ахметовтің де еңбегі зор. 

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
Журналистер Одағының мүшесі
12 сәуір 2020 ж. 607 0