Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «АЛТЫН ҚОЛҒАП» АЗАМАТТА

«АЛТЫН ҚОЛҒАП» АЗАМАТТА


Сербиядан сүйінші жаңалық, ағайын! Суботица қаласында өткен бокстан жастар арасындағы халықаралық «Алтын қолғап» турнирінде Азамат Бектас алтын тұғырдан көрінді. Осымен 37-рет ұйымдастырылған турнир төрінде 69 келіде өнер көрсеткен жаңақорғандық боксшы чемпион атанып қана қоймай, жарыстың «Үздік боксшы» номинациясына ие болды.


Жалпы, бокста «69 келі – қазақтың салмағы» деген сөз бар. Әрбір Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары осы салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынады. Әлем чемпионаттарында да бұл салмақта қазақ боксшыларына тең келер ешкім жоқ. Енді міне жастар арасында да жаңа буын өсіп келеді. Әбдіғаппар Ашимов басқаратын №7 Жаңақорған спорт мектебінің түлегі Азамат Сербия төрінде ешкімге дес бермей, мықты екенін тағы бір дәлелдеі.
– Азамат әлі жас боксшы, оның бағындырар биігі алда. Енді ғана он сегізге толған оның ересектер арасында өнер көрсетуге әлеуеті жетеді. Ал Сербиядағы турнирде оған ешқандай қарсылас шақ келмеді. Бұл оның халықаралық турнирлерден жеңген бесінші алтыны. Одан бұдан да биікті бағындыратынына сенемін, – деді білікті бапкер Құрбаш Саркулов.
Алғашқы бапкері Құрбаш ағайдан тәлім алып, кейіннен жас болса да, тәжірибелі жаттықтырушы Дінмұхамед Абайханнан шыңдалған ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Әсіресе, 2018 жылы Азамаматтың үлкен спорттағы толағай табыстарына куә болдық. Қазір Сәбит Сейіловтың қол астында жаттығатын ол Қызылорда облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде.
Турнир төріне оралайық. Азамат алдымен жарыс жолына туркиялық боксшымен шығады. 69 келіде өз елінің үздігі Топал Духан турнирге тас-түйін дайындықпен келіпті, дегенмен қазақ боксшысының жұдырығына төтеп бере алмады. Ширек финалда Азаматтың қарсыласы Диас Молжігітов болды. Қос қазақстандық қолғап түйістірген бәсекеде біздің боксшының басымдығы байқалды.
Жартылай сында Азамат италиялық Мерро Маркомен қолғап түйістіреді. Тәжірибелі қарсылас та қарап қалмады, барын салды. Алайда шаршы алаңдағы тамаша өнеріне тәнті болған төрешілер бір ауыздан жеңісті қазақ боксшысына берді. Ал ақтық сында Азамат үнділік қарсыласы Виджай Деппен жолықты. Барлық қарсыласын жарыс жолынан ығыстырған үнді боксшысы біздің жігіттің ауыр соққыларына лайықты жауап бере алмады.
– Қарсыластар осал емес, барлығы да өз елінің бетке ұстар мықтылары. Сондықтан барымды салуға тура келді. Ең бастысы, қазақ еліне жеңіс сыйладым. Бапкерлер мен жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Енді Моңғолияда өтетін Азия чемпионатында осы нәтижені қайталауға тырысамын, – деді жарыс жеңімпазы.
Иә, қыркүйек айында өтетін Азия біріншілігінде Азамат өнер көрсететін болады. Бұл оның жастар арасындағы соңғы жарысы. Біз жерлесімізді енді ересектер арасындағы бәсекелерде көретін боламыз. Қуандық Жүсіппен бірге Сыр елінің намысын лайықты қорғап, әлемдік ареналарда көк байрақты желбірететініне сенімдіміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
17 шілде 2019 ж. 1 122 0