20 жыл күткен жеңіс
Бүгін Сыр елінің жұрты сүйіншілейтін күн. Себебі футболдан 20 жыл күткен ел кубогы «Қайсар» командасына бұйырды. Елорда төрінде өткен финалдық кездесуде қайсарлықтар «Атырау» командасынан басым түсіп, келер жылы Еуропаға жорыққа шығу құқына ие болды.
Тартысты өткен кездесудің 67-минутында атыраулық Петр Гжельчак өз командасын алға шығарды. Көп ұзамай «Қайсардың» капитаны Асхат Тағыберген алаңнан қуылды. Он футболшымен ойнағанына қарамастан 88-минутта қызылордалық команда сапынан Игорь Зенькович таразы басын теңестірді.
Бұдан кейін қосымша тағы екі кезең қосылды. Ойын аяқталар тұста, 122 минутта Думан Нәрзілдаев өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша «Қайсар» қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, биылғы Қазақстан кубогының иегері атанды.
«Қайсар» командасы 1999 жылы кубокқа ие болып, ол жолы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсті. 1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай финалда бақ сынады. Ал «Атырау» 2009 жылы кубок иегері атанды. Сол жолы Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңген болатын. Соңғы екі жылда финалға дейін жетті.
Сонымен жеңіс құтты болсын, қызылордалық!