Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

БІР ҚАСЫҚ СҮТ


Момын тағы да ерте оянды. Құдайдың жалғыз демалысында жата тұруға болады ғой. Өйтпеді. Әйтеуір бір мазасыздық түртіп оятады. Зарлауық кереуеттің дымын шығармастан, ептеп бір қырына аунады. Көзін жұмып ұйқы шақырғаны әурешілік болды. Төсектен басын көтерместен аяғын еденге түсірді.

Белімен кереуетке шалқалай сүйенген бойда еденге ілікті. Сәл құлақ тосты. Оянбапты. түн ортасын аудармай жатпайтын жұбайын аяп, сәл көз тастаған-ды. "Ып-пу", "ып-пу", тәйкесінен түсіп жатыр. Сөйте тұра сергегін қайтерсің, сәл-пәл сықырдан көзін ашып алатыны бар. Баяғыда үстіне 50 сом беріп алған румын кереуетінің сүйегі әлі балғадай болғанымен, төсегінің солқылдақ серіппесі арық сиырдың омыртқасындай шодырайып, сәл қимылдасаң шақырлай берген соң, бір мәрте кісі шақырып жөндетті. Оған да жиырма шақты жыл бопты. Ал мына мүлде жаңа төсек, ойбайға аттан қосып, дүниені дүрліктіретін пәтшағардың өзі боп шықты. Балалар мүлде жаңалаймыз, қоқысқа тастаймыз дегенге зар қағып жүрген өздері. Қимайды. Студенттік заманнан жоқшылықтың зарын тартып пәтерден-пәтерге тентіреп жүргенде қазанға ас түсіп, астыға жарқыраған төсек тигені неге ұмытылмақ. Ей жарықтығым-ай, сен де керексіз болдың-ау. Тоздың...
Момын мысықтабандап, киімін іздестіре бастады. Диванның астына кіріп, кеткен шұлығын тапқанша, маңдайы жіпсіп үлгерді.
– Осыған болдыртуымды қара. Тіс екен тіс осындай әуреге салған соң, Алланың ісіне не шара. "Тіс тамырынан қоректенеді, өзі-ақ бекиді" деп күшала жонып тығып жүргенде, жақ сүйектің тең жартысы тіс-місімен шіріген боп шықты. Ақыры операциядан жан қалды. Тәубе... "Қарайып кеткен жерде қауіпті белгі бар, зертханаға тексеруге жібердік" деп жанды шүберекке түйгізген жоқ па? Әй, Момын, Момын.
Момын сыртқа шыға бере, күнделікті әдеті бойынша: "Ассалаумұғалейкум, жарық дүние, зеңгір аспан, нұрлы күн, киелі Алатау. О дүниедегі ата-анам, ата-енем, екі ботамды; пәни жалғанда тірлік етіп жүрген балапандарымды қорғап-қоршай көріңдер" деп бетін бір сипады. Қала үйреншікті тірлігін бастап кеткен-ді. Көшеден ағылып жататын машина сиректеу. Ал жосып жүрген халықта қисап жоқ. Күндегі қалпы. "Апыр-ау, күн шықпай құмырсқаша қыбырлаған мына халық қу тамақтың құлы боп жүр-ау. Шіркін, адамды тамақ ішпейтін етіп неге жаратпады екен" деп, қауағындағы сарқын суды төкпек болғанымен тамшы тамбады. "Өй, мынауың? Күн әжептеуір аяз екен ғой. Бәсе, сарайы көңіл сала беріп еді-ау. Шіркін! Шақырлаған сары аязды да сағынады екенсің. Бұған да шүкірлік" деп бөкебайын босатып, кеудесін ашыңқырап қойды.
Машинамен келетін "Сары сиыр" атанған сары сестірнаға бет ала бергені сол болатын. Жарты литрлік банкідегі сүтін қос қолдай ұстаған бір әйелді байқап қалғанды. Әлгі байғұс тайғанақтай берді де шалқасынан түсті. Қолындағы бәнкісі ұшып кетіп быт-шыты шықты. Момын асыға басып келіп қолтығынан көтере берген:
– Әрман! Аулақ! - деген ызалы үнін естігенде, әйелді тұрғызарын, я тастай салып жүре берудің жөнін таппай аңырап қалды.
– Шеше, бір жеріңіз ауырып, - деген сөз көмейіне кептеліп әзер шықты.
– Тиіспе маған! - деген бойда Момынға сүйеніп орнынан тұрды. - Өле қалмайды екенмін! Ә, құдай!
Момын енді байқады. Қағаздай. Тап-таза киінген. Басында ақ түбіт шәлі. Қанша қаһар шақырдым дегенмен жүдеу тартқан бозымық бетінде мейірім табы басым. Оны басым етіп тұрған көзі. Көгілдір бояуы басым тинемдей көздің мейірім шапағаттан басқа сәуле шығаруға шамасы келмейтіндей, жапақ-жапақ етеді.
Момын жүрегінің зырқ ете қалғанын сезді. "Апыр-ай, жарты литр сүтті... Жарты литр сүтті..." Өзінің не айтпақ болғанын да ұқпады.
– Шеше,, үйіңіз... - дей бергенде:
– Банкісі құрғыр... Үйден басқасын алып келгенше сүт өтіп кететін болды. Әй, құдайым-ай! деп шәлі ішіндегі бірбайларының бір шетімен көзін сүртіп, Момынға шағына қарады.
– Үйде біреу бар ма? Мен әкеп берейін. Адресіңіз қалай?
– Әй, балам!? Үйде біреу болса, өстіп жүрем ба? Рахмет саған.
– Қазір. Сіз мына менің қауағымды алыңыз да, кезекке тұра беріңіз. Мен қазір-ақ.
Момын, анау ауыз ашқанша, қауағын ұстатты да, шыны ыдыс қабылдайтын дүңгіршекке қарай тартты.
Сәтін салғанда, дүңгіршек ашық екен. Әрең дегенде бір литрлік банкі сатып алды да, кері зымырады. "Біз сатпаймыз, сатып аламыз. Өте қажет болса екі бағасына алыңыз" дейді "Апыр-ай, адамнан ұят кеткені-ау" деп бір қойды.
– Балам-ау, сен не істегелі кеткеніңді де айтпадың. Әй, шырағым-ай. Бейшара кемпірлі аяғаның ла,
– Жарты литр тым аз болар деп...
– Бекер әуре болғансың. Менің сүт ішкім келіп бара жатқан жоқ. Мысығы құрғырға бола.
– Бопты. Мысыққа десеңіз, мысыққа.
– Васькажан өз сорынан көрсін. Енді оған сүт жоқ. Наннан артылған тиынды жинап, екі-үш күнде сүт алам. Өлмейді.
– Кімнен кейін тұрсыз?
– А? Әй, алжыған басым-ай. Дұрыстап сұрап алсам еді... Қап! - деп әбігерленіп, өшіреттегілерге сығырайып қарай бастады.
– Әже! Сіз менің алдымдасыз, - деген қыз баланың даусы естілді.
– Ал, балам. Құдай көсегеңді көгертсін. Мен үйге жетіп алайын. Банкіңді алған жеріңе қайта өткіз. Мені аяп қайтесің. Құдай алмаған соң.
Солай деді де, сәл бүкірейген белін тіктеп алып, кібіртіктей басып кете барды.
Момын әйелдің артынан әлсін-әлсін қараумен болды. Кесірлісін қара деп бір ғайбаттап, тәкаппарын өзінің деп бір іш тартып үлгерді.
Момын қауағын толтырып сүт құйғызып тұрып, жарты литр сүтті төгіп алғандағы қағілез кемпірдің көзін тағы елестетті.

Иген ХАСЕНҰЛЫ.
21 ақпан 2019 ж. 860 0