Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қайықшы

    «Қайықшы-ы!» Суы ернеуінен асып, толқып жататын Сырдарияның суы қалқымалы көпірді алып кетіп, екі жағада қалған елдің қарым-қатынасы үзілген қиын шақта күзетші үйшігінде қаңтарылып қаңсып тұратын қайығына осылай зәрулік туар еді. Ал бұл болса сау күнде аяғы тұсалып, екі қолы байланған талайды тәуекелге барып дарияның арғы жағы мен бергі жағына талай тасымалдап еді-ау. Су бетін жұқалтаң мұз басып, сең жүре бастаған кездері өзі ескекті есіп, қайықтағы жолаушының қарулысы қолына ағаш алып, туралап келген мұз сынықтарын қалт жібермей, кері итеріп отыруға тиіс. Әйтпесе, қайық аударылып кетуі мүмкін. Қазір ойлап қараса, сондай қатерлі қадамға қалайша тас-түйін бекініп, тәуекел ете білген? Бұл да жастықтың ақкөз аңғырттығы ма, жоқ жалын кеуденің жүрек жұтқан батылдығы ма? Қос қолтығынан дем беріп тұрар осы екеуі де шығар.
   Әбілпатта әкеден жастай жетім қалды. Балалығы соғыс­тың қиын кездерімен тұспа-тұс келіп, бұғанасы еңбекпен қатты. «Ақ барақ» деген жерде тұратын. Осы жылдары халық болып «Тайпақкөл» каналын қазды. Канал құрылысы қыста да тоқтап қалмай, тоң жерлер түнде өртеліп, таңертең қайта жұмыс қызатын. Істің басы-қасында Зұлпыхар Мұсаханов жүрді.
Жас өскін 5 кластық білім­нен кейін оқуын жалғай ал­мады. Он екі жасқа келгенде анасынан да айрылды. Он төрт жасқа толғанда Жаңақорған санаториясының қосалқы ша­руа­шылығына жұмысқа алын­ды. Астық өнімдері, бау-бақша дақылдарының барлық түрі егілді. 1960 жылдан кейін те­мір­жолға жұмысқа ауысты. Өндірісте жарақат алып, бұл жерде ұзақ істей алмай, ау­дандағы СМУ мекемесінде жұ­мысын жалғастырды. Алпыс тоғыздан бастап ДРЭУ меке­месіне қарасты пантон қа­рауыл­дығына тағайындалып, жұ­мысшылықтан кәнігі шебер мамандығына төселді. Күн қабағын аңдап, табиғат тілін тү­сінер талғампаздық танымы сол кездер тәжірибесінің жемісі.
Бірде құрылысқа қарасты министрдің осы жаққа жолы түсіп, оған алпыс тонна жүкті көтеруге есептелген қалқыма көпірге теміржолдың үлгісімен рельс темірлерін қою жөнінде ұсынысын өткізгені өз алдына хиқая. Шынында, көп өтпей рельс материалдары жеткізіліп, бұрынғыдан әлдеқайда мықты, төзімді көпір салынған еді.
   Жүзін күнге сүйдіріп, дауыл­ға қақтап, дария үстінде дамыл­сыз бел жазбаған бейнетті күндер еңбек адамының өміріне өшпестей өрнек қалдырды «Қайық­шы» деген қасиетті ат бұл кісіге сол кездері таңылған сыңайлы.
1958 жылы Ташкенттен ту­ған жерге қоныс аударған Мүсілім деген кісінің қызы Асма­мен бас қосады. Қос жастың басын қосып, үппершектей үй етіп қоятын қамқор ата-ана жоқ, біріне-бірі арқа сүйеп таяныш болған қос жүрек ауыр тағдырға арашаны адал еңбектен тапты. Алдымен баспана салып алудың қамына кірісті. Кесекті өздері құйып, қабырғасын тұрғызып, 1967 жылы бес бөлмелі үй салып кірді. Осы құтты шаңырақта он төрт ұл-қыз дүниеге келіп, өсіп-өніп, өркен жайды.
Әбілпатта ағамыз бен Асма апа өнегелі өмірлерінде перзенттерін ең алдымен адал­дыққа тәрбиеледі. Арлы жан не нәрсені де көтере алады, тек қиянатқа төзбеуі мүм­кін. Өтірікке, жалғандыққа еш­уақытта бара алмайды екен. Мұны «өйттім, бүйттім» деген естелікпен емес, күнделікті іс-әрекет, өмір жолдарымен дәлел­деп, екеуі де балаларының ғана емес, елдің алдында еңкеймес қадір-қасиеттерімен танылды.
Бір жылдары аудан орта­лы­ғындағы малшы балалары жатып оқитын интернатта да жұмыс атқарды. Арасында ба­лаларға етік тігіп беретін де өнері болыпты.
Зейнетке шыққан соң көз көрген, қолы үйренген кәсібіне дендеп бет бұрып, дарияның бойында «Кішкенекөл» жаға­сына егін екті. Балаларының: «Жаныңызды қинап, қайтесіз? Енді демалыңыз» дегеніне көн­беді. Кешеге дейін қолынан кет­пені түспей, қайрылғанға қайырымы мол қара жерді бап­таудан жаңылмады.
Шағын ғана денелі, аяқ қо­лы жеңіл еңбек адамының көкі­регі шежіре. Кілтін таба білген көл-көсір қазынасына көміліп, кешегі өткен күннің сырлы сандығынан інжу-мар­жан шашқандай хиссалар мен дастан, жыр, толғауларды төгіл­діре жөнелгенде кемел суатқа бас қойғандай рухани қанаттанып қаларың рас. Біз де қолқа салып көріп едік, жасым сексеннің жетеуіне кел­ді, ұмытып та қалдым ғой демеді, көкіректе жатталған жыр толқынын күмбірлетіп қоя бер­ді. «Қобыланды», «Алпамыс батыр» жыры, «Әзірет Әлі мен Әнапия», «Көрұғлы», «Мұңлық – Зарлық», бұдан басқа қаншама халықтың ауыз әдебиетінен жеткен асыл мұраларын бала кезінде көпшілік жиналған ор­тада жатқа оқумен аты шығып, «ақын бала» атанған Сыздықтың тұяғы Әбілпаттаның бұл өнері ізсіз қалмады. Ұлы Әбілқайыр жолын жалғады. Ақын Әбілқайырдың шабыты келгенде арқасы қозып, арынын тежемей, алысқа шырқап ке­тер шығармашылығының түп негізі әкесінің осы бір қасие­тінен бастау алған болар-ау. Қаршадайынан қара сөздің қуатынан нәр алып, шыңдалған Әбекең осы бір шүйкедей шалға осының өзі үшін – ақ шексіз қарыздармын деп есептесе құба-құп.
Кіндігінен өрген бала­лары­ның барлығы да әке жолымен қара­пайым еңбекті қадір тұтқан, біреуге қылдай қиянаты жоқ қаранар азаматтар. Тоқсан бе­сінші жылдары барлығы жа­былып қарашаңырақ орнына кең сарайдай үй тұрғызып берді. Ынтымағы келіскен үйде екі-үш келін бір қазанды қайнатып, бір дастархан басында жарасымын таба алады екен. Ал аналары ешбірін бөліп жармай, кем­шілігін кешірді, қасиет-қадірін өсірді. Асма анамыз Тәшкеннің тәрбиесін көрген қыз емес пе, тірліктен бір күн қолы бос отыруды білмейтін, бір бөл­месіне арнайы кілем тақтасын құрып, келіндерін тоқыма өне­ріне баулыды. Барлық нәрсе өткінші, тек өнер-сыралғы сері­гің, жұтатпас жолдасың де­генді алдыға тартты. Қыз­дары Зүбайра, Мәдина, Маки­да, Жанар бүгінде бір-бір үйдің түтінін түтетіп, өсіп-өніп жатыр. Ал ұлдары Барқия, Әбділла, Қайбулла, Сай­фулла, Икрам, Әбілқайыр, Әбді­рахман, Әбдірашит, Бегалы, Бек­тұрсын, барлығы да үйлі-жайлы, бір-бір шаңырақтың егелері. Осы ұлдарының бар­лығын салыстырып келіп, қара­шаңыраққа ие болар біреуіне таңдау түскенде қолға осы Әбдірашитін алып қалуды дұ­рыс көріпті. Оның себебін сұра­ғанымызда қария былай деп жауап берді. – Бұл балама не айтсаң да «мақұл» дейді, жоқ, көке, мұныңызды істемеймін, деген кезін көрмедім. Мақұлбек десем болады. Содан соң көңіліміз осыларға ауды, – деп қолындағы келіні мен баласына марқая көз тастады.
   Келе алдымызға дәм-тұзын ұсы­нып, жік-жапар болған екеу­ге елжірей көз салдым. Ойы­ма мына төмендегі тәмсіл оралды. «Иеменде бір жігіттің қолында дімкәс анасы бар еді. Қарияны тастап, ұзап шыға алмайтын ол іштей: «Мен Пай­ғамбарымыздың заманында ғұмыр сүрсем де сахабалардан бола алмадым. Өсиетін өз ау­зынан тыңдай алмадым» деп іштей қатты қайғыратын. Расу­лаллаһ өмірден өтерінде үс­тіндегі шапанын өзінен кейінгі имам болатын Хазіреті Омарға табыстап тұрып: “Иеменнен келетін Уайыс деген жігітке берерсің» деп аманаттайды. Хазіреті Омар жылда Иемен­нен келушілерге қарата: «Ара­ларыңда Уайыс деген кісі бар ма?» деп сұраумен болады. Бір жылдары Иемендік топтың соңында арып-ашып, қуаныштан көз жасын тия алмай келе жатқан Уайыс Хазіреті Омардың сауалына «менмін» деп жауап береді. «Сен кімсің?» деген сауалына: «Мен бір арманда қалған жанмын. Анам өмірден озды. Содан соң қажылық сапарға ниет етіп, Алла Елшісінің өзін көрмесем де, оның мүбарак табаны тиген жерді аяғымен басайын, оның маңдайы тиген жерге сәжде етейін деп келе жатырмын» деп жауап беріпті. Сонда Хазіреті Омар оған сүйінші хабарды жеткізіп: «Олай болса сенің сол жүрегіңдегі сүйіспеншілігіңді Алла Елшісі сезіп, саған мына мүлкін аманат етіп қалдырып кетті», – деп шапанды табыс етіпті. Міне, ата-анасын ардақ тұтып қарашаңырақта отырған перзенттің бәрі осындай ра­зылықтың егелері екен. Олар сансыз сауапқа ие. Тек өздеріне лайық не сый күтіп тұрғанын бұл екеуі біле ме, білмей ме, өз басым шын сүйсіне қуанғаным анық.
2016 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсында Жаңақорған ауданы атынан қа­тысқан Сыздықовтар отбасы облыста жеңімпаз деп танылып, лайықты марапатқа ие болды. Өкініштісі, ел алдында мерейі осылайша биіктеген отбасының бұл қуанышты сәтін отанасы Асма анамыз көре алмай кетті.
Қазірде Әбілпатта қарияның он төрт ұл-қыздан тараған 56 немере, 34 шөберенің қызығына кенеліп отырған жайы бар.
Оның күнделікті қимыл-қаре­кетінің, өсиет-өнегесінің өзі көпке үлгі, таусылмас тағылым.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
06 қараша 2018 ж. 2 309 1

Гость Jeahulalf от 4 ақпан 2019 11:47
Viagra Generika Erfahrungsbericht п»їcialis Je Voulez Durer Plus Longtemps Cialis 5 Posologia Sunrise Tadalafil India Cialis Lilly Prezzo Keflex Vaginal Bacteria propecia without prescription Priligy Prezzo 2013 Sale Secure Ordering Macrobid 100mg Las Vegas Propecia Causes Impotence Online Viagra viagra Premature Ejaculation Venta De Viagra En Farmacia Tadafil Softsule Tuf 20 cialis from canada Prix Cialis 5mg Cpr 28 Levitra 20 Mg Comentarios viagra prescription Sky Pharmacy Wellbutrin