№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОҚО-да биіктігі 200 метр болатын алып мұнара құлағалы тұр

ОҚО-да биіктігі 200 метр болатын алып мұнара құлағалы тұр


Шымкентте кеңестік кезеңнен қалған алып мұнара айналаға қауіп төндіріп тұр. Ескі зауыттың аумағында орналасқан нысанды мамандар өз күштерімен құлата алмай жатыр. Өйткені, мұнара банктің балансында тұрғандықтан, ешкім жақындай алар емес. Осыны пайдаланған кейбір түсті металл сынықтарын жинаушы топ оны түбінен қопарып жатыр.Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Егер алып мұнара жерге құлайтын болса, айналасындағы тұрғын үйлер мен темір жолға кесірін тигізуі мүмкін екен.
Кезінде Шымкент қорғасын зауытының даңқы аспандағаны соншалықты Одақта көш басында тұрған-тын. Қан майданда жауға атылған он оқтың жетеуі осы жерде дайындалыпты. Кеңестік кезең келмеске кеткенде алып кәсіпорын жекенің қолына өтті. Соңында түбегейлі жұмысы тоқтады. Қазіргі, жайы өте мүшкіл.
Осы күні зауыт аумағында түсті металл сынықтарын жинап жүрген жандарды көп кезіктіресіз. Олар жетіскеннен емес, күнделікті нәпақасын тауып жүргендеріне шүкіршілік етеді. Әр жерді қазып, қорғасын мен темір қалдықтарын жинайды. Тіпті кейбірінде тереңдігі он метрде жатқан металды анықтайтын аппарат та бар. Тапқан дүниесін арнайы орындарға апарып сатады.
“Осы енді, бала-шағаның қамы. Қалып кеткен майда-шүйдені тереміз. Темір шығады ма, қорғасын шығады ма? Сол, басқа амал жоқ” – дейді тұрғынның бірі.
Дәніккеннен құныққан жаман! Жер асты металл сынықтарын қазып үйренгендер енді алып мұнараға көз тіккен. Құныққандары соншалықты, биіктігі 70 қабаттық тұрғын үймен пара пар болатын нысанды түбінен тесіп тастаған. Егер ол құлайтын болса, жақын маңдағы тұрғын үйлер мен стратегиялық нысандарға едәуір зиян тигізеді екен.
Биіктігі 210, аумағы 30 метр болатын алып мұнара өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған. Құрылысын бірден байқауға болады, айналасы кірпішпен өріліп, ортасы қалың сым темірмен бекітілген. Міне, осыны білетін кейбір жұмыссыз азаматтар қалың арматураны арнайы техниканың көмегімен кесіп алып жатыр. Салдарынан мұнара бір жағына қарай жантайған. Егер де бұл құлайтын жағдайда айналасына қауіп төндіреді. Өйткені, мамандардың айтуы бойынша, ол 2-3 баллдық жер сілкінісінің әсерін береді екен.
Осы мәселе бойынша күні кеше қала әкімдігінде шұғыл жиын өткен. Онда нысанды төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдаған. Бірақ, бұзу мүмкін болмай тұр. Өйткені, зауыт қожайыны территория мен ондағы ескі нысандарды банкке кепілдікке қойып жіберіпті. Дегенмен қаржы ұйымы алып нысанды бұзуға қарсы емес. Тек,оның шығынын төлеуде болып тұр. Төтенше жағдай қызметі мұржа мен аспалы көпірдің бұзу шығынын тәуелсіз сарапшылар есептегінін айтады. Енді жақын арада тараптар ортақ келісімге келмекші.
«Бүгін ертең Қазақстан теміржолы ҰК хат жолдап, тиісті құжаттар жолдап,бірінші мәселе бізді алаңдатып отырған нәрсе теміржолдың үстінен өтетін көпірді бұзу мәселесі бойынша, Ары қарай, аулада орналасқан мұржаны бұзу мәселесі ары қарай қарастырылады» – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мадияр Жақсыбаев.
Мұнан бөлек, зауыт аумағында тағы екі мұнара тұр. Екеуі де қауіпті. Ол аздай,  кезінде кәсіпорын жұмысшыларына арнап салынған теміржолдағы аспалы көпір де апатты жағдайда тұр. Оны да кейбір адамдар тіреулерін кесіп әкеткен. Егер аяқ астынан көпір құлайтын болса, тәулігіне  арлы-берлі қатынап жүрген 60 жүк және жолаушылар пойызының қатынасы үзіледі. Өйткені, дәл осы жерден Арыс, Шымкент, Түркістан және Мәскеу аралығындағы пойыздар өтеді.
«Бізде айналмалы жол жоқ. Сондықтан бұл басты жол болғандықтан кейін, жолаушылар пойызының кесесі де толық жабылады. Сондықтан мұны әкімшілікпен келісіп, көпірді тез арада бұзу қажет, басқа ешқандай амалы жоқ» – дейді Шымкент жол дистанциясының бас инженері Нұржан Жарылқапов.
Ал, әзірге бұл мәселенің соншалықты өзекті екенін түсті металл сынықтарын жинаушылар түсіне қоймас. Өйткені, әр жерді қазып жүрген жандар жағдайдың ушыққанына емес, бала-шағасының нанын тапқанына тәуба дейді. Ал жергілікті әкімдікте тәулік бойына жергілікті полиция қызметінен күзет қоюдан басқа амал болмай тұр.

18 мамыр 2018 ж. 848 0