ШАМ
Электр жарығы жалп етіп сөнді. Меңіреу тыныштық орнады. Тіршілік тұтастай тоқтағандай әсер берді. Балауыз шам жақты. Шамды ортаға алып, дастархан басында жағалай отырмыз. Көз бір ғана нүктеде, шамның дем ырғағымен иретілген сезімтал сәулесінде. Қызықты әңгіме дүкен басталды. Бірінің сөзін бірі бөлмейді, ынтымаққа ұйыған. Бір кезде электр жарығы жанды, ұйып отырған бәріміз тым-тырақай тарадық. Бірі компьютер құлағында, бірі теледидар алдында, бірі басқа шаруамен.
Ой келді. Оттың құдіреті қайран қалдырды. Болар-болмас алау-сәуленің өзі қауымды бірлікке бағындырып, жұдырықтай қылып жұмылдырып қойды. Оттан отбасы, оған ұрпақ ұйыған ұғым шықты.
Заман өркені жақсы ғой, тіршілікпен тарау-тарау бағытқа бет алып жатырмыз. Бірақ бытыраған біздерді бірлікке қосатын от құдіретін ескермейді екенбіз.
Қаныбек ӘБДУОВ.
Пікір 2