№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ІЗ КЕСУШІ СЕЙДІЛЛА

ІЗ КЕСУШІ СЕЙДІЛЛА


Қай кезде болмасын қазақ халқының бойына ерекше қасиет дарыған Олардың арасында қасқырдың апаны мен борсықтың інін табудың шеберлері, айсыз қараңғы түнде қажет жерге жұлдызға қарап тура үстінен түсетіндер, жоғалған малды іздегенде оның ізіне, жолда тастаған тезегіне қарап, оның қайда бет алғандығын тап басып айтатын жандар болған, қазір де бар. Сондай азаматтың бірі қаратөбелік Сейділла - Сейдан Әбуов Жақияұлы деген азамат. Ол да қызылдың құмы мен тақырларда із кесудің шебері болатын. Мұндай қасиет адамда өте сирек кездесетіні мәлім. Мен осы азаматпен 1978 жылы танысып, кейін отбасымызбен араласып тұрдық. Ол кезде Сейдан «Түркістан» кеңшарында шопан болатын. Кейін малды өткізіп «СОПК-ның ХХІV съезді» атындағы кеңшарға келіп қоныс тепті. Оның ең керемет қасиеті ізшілдігі еді. Мен өзім көзіммен көрген екі жағдайды атап өткім келеді.
Кеңес өкіметінің кезінде Жаңақорған ауданының оңтүстігінде Шымкент облысымен шекаралас аймақта «Мемлекеттік қор» жері болатын. Кезінде Үкімет осы жерлерден Шымкент облысының малшыларына мал бағу үшін ұзақ мерзімге жалға жер берген болатын. Мен ол кезде «Қызылқұм» ауданы (қазіргі Отырар) «Арыс» кеңшарында шопандарға жем-шөп таситын «көкқасқа» автокөлігін жүргіземін. Кеңшар орталығынан 120-130 шақырымдай жерде бұрын бөлімше орталығы болған Байтеке деген жер бар, Жаңақорған ауданына қарасты «мемлекеттік қор» жерімен шектес. Құмдағы тоғыз жолдың торабы. Сол жерде оңтүстік батысы Күлік құдығы, батысы Ізтілеу құдығы, солтүстігі Апанқақ, солтүстік шығысы Шыбық, Қоскольцо, одан әрі Құмиян арқылы «Келінтөбе», шығысында «СОПК-ның ХХІV съезді» атындағы кеңшарға, оңтүстігінде «Түркістан» кеңшарына шығатын жолдардың тоқайласады.
Біздің кеңшардың 15-20 отар қойлары 1977 жылдан бастап сол қор жеріне көшіп отыратын. Сол Байтекеге жақын жерде отыратын Бердіқұл деген шопан бар еді. Оқиға сол 1977 жылдың шілде айында болады. Бүйірқұмды жағалай жайылып жатқан малдың бір бөлігі жүз қаралы қой байқаусызда бөлініп кетеді. Шілденің аптап ыстығында құдыққа суға келген мал қарамынакн малдың бөлінгенін бағамдаған Бердіқұл үлкен ұлын малға қалдырып екінші он бір жасар Бақыт деген баласын ертіп жоқ қарауға шығады. Бір бүйірқұмды сағалай өскен сексеуіл шоғырынан 20-30 малын тауып, оны отырған жерлеріне жеткізуді Бақытқа табыстап, өзі ары кетеді. Бірақ мал табылмай кері қайтады. Келсе мал айдап кеткен Бақыт жоқ. Сол атыраптағы малшы қауымына ізшілдігімен мәлім, көрші отырған Сейділла-Сейданға дереу үлкен ұлын жұмсап көмекке шақырады. Сейділла-Сейдан екеуі түнімен құмның ішін кезіп айқайлағанымен жоғалған бала табылмай, екеуі сол түнді құм ішінде түнеп құм төбенің басына от жағып шығады. Ертесіне Сейділла-Сейдан баланың мал айдаған ізін шардан шығарып ізге түседі. Бірақ ұзап кеткен балаға бұл күні де жете алмай тағы да құмға қонады. Аттар шаршап болдырып қалады. Үшінші күн дегенде ізшіл Сейділла-Сейдан Жақын маңда құдық барын айтып солай қарай бастайды. Бұлар жеткенде алдындағы малын айдаған бала да құдыққа жеткен екен. Бала сол маңнан тауып алған бір ескі ыдысқа әр жерден тапқан сымы мен жіптерін жалғастырып құдықтан су алуда екен. Неше жылдан бері суы ішілмеген құдық суы улы болатынын жақсы білетін Сейділла болдырған атын тастай жүгіріп жетіп, суын енді іше берем деген баланың қолындағы шелекті қағып түсіреді. Бала талықсып құлайды. Бұлар дереу өздерімен ала шыққан суды шым-шымдап ішкізіп тұрғызып алады. Қазір Бақыр Арыс қаласында тұрады, отбасылы. Бұл эпизодты маған Жақия ақсақал айтып берген еді.
Екінші оқиға болғанда ,оған өзім де қатыстым. Бұл 1978 жылдың жазы болатын. Шопандар құмға жаңадан көшіп қонып жатқан кез. Сол Байтекеге жақын Жомартқұдық деген жерге Отырар аулының шопаны Құрманбай Әбілдаевты көшіріп келген болатынмын. Құрманбай ақсақал айналадағы жақын отырған шопандарды шақырып ерулуік берді. Барлық шопандар бала-шағасымен келген. Ерте басталған ерулік ұзаққа созылды. Бір мезгілде «Түркістан» кеңшарының шопаны Серікхан Әуезханұлының әйелінің жан дауысы шыққанын көрдім. Әлгінде өздерімен ертіп келген 4-5 жасар баласы үшті-күйлі жоқ. Ерулік далада қалды. Бәріміз баланы іздеуге шықтық.Мен машинадамын қасымда екі шопан бар, біреуі тыста қорапта. Сейділла атпен шыққан, анда-санда ат үстінен еңкейіп із қарайды. Күн болса аптап ыстық,
Жолшыбай құмда құдық қазып жүрген орыстарға кезіктік. Мән жайды естіген олар бала көрмегенін айтып, бізбен бірге оларда қосыла іздеуге шықты. Күн екіндіге жақындап қалғанда із кесіп келе жатқан Сейділла кенет ат үстінен еңкейіп бірнәрсе алып қолындағы затын көрсетті. Жоғалған баланың аяқкиімі екен. Арада шамамен тағы бір сағаттай уақыт өте алдымыздағы шоқ сексеуілдің үстін бірнеше қарақұстардың шарлап ұшып жүргенін байқаған Сейділла қасындағы Сатыпалды Есенбаев деген шопанға ана жерді көруге жұмсады. Атпен шауып кеткен Сатыпалды сексеуілге жете бере кілт тоқтап бізді шақырды. Келсек әбден шаршап, шөлдеген бала сексеуіл түбінде талықсып жатыр екен. Бәріміз жабылып баланың аузына су тамызып, ақыры толық тірілтіп алдық. Сондағы менің байқағаным Сейділла-Сейданның өзгелер байқамағанды байқайтын көзінің қырағылығы мен аңғарымпаздығы, ізшілдігі баршамызды тәнті етті. Ол болмағанда біз ол баланы таппас та едік. Ол бала да қазір Түркістанда тұрады деп естідім. Кейінде де оның ауылының жоғалған малдарын іздеп табысуға қолғабыс беретінін талай естідім де. Сондай ақпейіл де ақжарқын азамат дүниеден ерте өтті.
Осы бір оқиғаны жазу арқылы жаны жайсаң жанның ауылдастары біліп естімеген осы оқиғалардан хабардар болсын деген тілегім еді.

Жұмахан БЕГМАНҰЛЫ,
Түркістан облысы
Отырар ауданы, Отырар ауылы.
30 маусым 2018 ж. 1 824 0