№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көрші тату болса көңіл тоқ

Көрші тату болса көңіл тоқ


Наурыз айы туғанда,
Той болушы деі бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға...
Иә, көктемнің шұғылалы шуағымен Наурыз мейрамы да келіп жетті. Жалпы Жаңақорғанға көктем ерте келеді. Содан болар Сыр өңірі бойынша жаңақорғандықтар Ұлыстың Ұлы күнін бірінші болып тойлайды. Биыл да осы дәстүрден жаңылмады. Ең алғаш Жаңақорған кентінің Алдан Аюпов көшесінің тұрғындары дастархан жайып, наурыз көжені көпшілікке ұсынып, салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртты.


Алыстағы ағайынды, жақындағы жамағатты, көршілес көшенің тұрғындарын шақырып, шаттыққа кенеліп жатқан Алдан Аюпов көшесінің тұрғындары Наурыз мейрамын жоғары дәрежеде ұйымдастырды. Қазақы қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, әннен шашу шашылып, үлкендер кәдесыйын жасады. Тіпті өзге ұлт өкілдері де қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, көпке тарту етті.
Көше тұрғындарының ынтымақ-бірлігін әйгілеген іс-шараға аудан әкімі Руслан Рүстемов бастаған құрметті меймандар қатысты. Руслан Рүстемұлы игі істерге бастамашыл болып жүретін көше тұрғындарына алғыс білдіріп, жаңақорғандықтарды мерекемен құттықтады.
– Наурыз тойы – жер-жаһанды жаңғыртып, тіршілікті оятып, табиғат ананы жасартып, береке мен бірліктің, ырыс пен несібенің, қайнаған қызу еңбектің мерекесі ретінде құнды, мәнді, бағалы.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурызға ерекше тоқталуының сыры мемлекеттілік мұратпен ұштастырып, атақонысты құрмет тұтып, Отанды қорғауға үндеп, адамдардың бір-біріне деген сыйластығын арттыруды көздейді.
Елбасы айтқандай, жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайынмен қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан. Сондықтан барша жаңақорғандықтарды осынау ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан басшысы.
Одан кейін осы көше комитетінің төрағасы Үмбет Абибуллаев бастаған ел ағалары ілтипат танытып көпті ақ дастарханға бастады.
– «Бір жоқшылықтың артында, бір тоқшылық бар» демей ме қазақта. Былтыр еліміз үшін ауыр жыл болды, қаншама қиындықты бастан өткердік. Құдай қаласа, осы бір ауыртпалық кезең артта қалып, халқымыз тек қуанышпен сүйіншілесін. Сиыр – молшылықтың белгісі, лайым, биыл тек жақсы жаңалық бола берсін. Соған төрт көзіміз түгел куә болайық. Бірлігіміз ажырамасын, ынтымағымыз арта берсін, – деп ардагер ұстаз Зинабдин Шермағамбетов ізгі тілегін жаудырды.
Кең аумақта тігілген киіз үйдің керегесін аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, аудан өнерпаздары ән мен күйге шалқытты. Жайылған кілем үстінде қаз-қатар тізілген балалар сәби тілегін тақпақтатты. Әрі, мақал айтып жарысып, сыйлықтар ұтып алды. Артынан күреске кезек келді. Жеңге мен қайын күресіне куә болдық. Зинабдин ұстаз бүлдіршіннің тұсауын кесіп, «елге қызмет ететін азамат болсын» деп ақ батасын берді.
Наурыз көжеден дәм татқан қонақтар ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Айтпақшы, 2020 жылдың қорытындысымен «Үлгілі көше» номинациясын жеңіп алған көше ынтымағы мен ауызбіршілігін осы күні тағы бір жарқыратып танытты.
– Көшемізде 56 үй бар, әрқайсысының орны бір бөлек. Біздің үздік атануымыздың басты себебі – ауызбіршілігімізде. Қандай қызмет болсын ақсақалдарымыз ақылын айтып, жастар жұмыла кетеді. Осы дәстүрлі жолды жалғап, келер ұрпаққа өнегелі іс қалдыруға тырысудамыз, – деді Үмбет аға.
Қазақтың тойы бітпесін, сиыр жылында қазақтың әр шаңырағы шаттыққа кенеліп, іші жанға, сырты малға толсын. Ең бастысы, еңсеміз биік, елдігіміз мәңгі болсын, ағайын!

Әли ТЕМІРБЕК
21 наурыз 2021 ж. 911 0