Астанадағы Наурыз тойына Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты
Ерте таңнан бері «ЭКСПО» аумағына елорда тұрғындары ағылып жатыр. Астана Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Наурыз тойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды "Жаңақорған тынысы" газеті ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, мерекелік шараға ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Мемлекеттік хатшысы Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов та келді.
Мейрамға орай мемлекеттік органдар, елордадағы этномәдени бірлестіктердің күш салуымен ЭКСПО аумағында 17 киіз үй тігілді. Наурыз мейрамын тойлау аясында қала тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО көрмелері кешені аумағында дәстүрлі этноауылмен қатар, бірнеше тақырыптық музей киіз үйлерді де көруіне болады, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін, театрландырылған көріністерді, айтысты, қазақ эстрадасының жұлдыздары қойған концертті тамашалайды.
Айта кетейік, 22 наурызда шаһардағы ашық алаңдарда да жалпықалалық шаралар өткізіледі. Басты мерекелік шаралар Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл монументінің жанындағы алаңда (ЭКСПО ауданы), әкімдіктің алдындағы Қалалық алаңда, Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда, Жетісу саябағында, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және «Жастар» театрының жанында (ескі вокзал аумағы) ұйымдастырылады.Наурыз мейрамы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ұлттық этноауылдан басқа, ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы тақырыптық музей-киіз үйлерді, ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды, айтыс пен қазақстандық эстрада жұлдыздарының және қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттерді тамашалай алады. Бұдан басқа, келушілер, зергерлердің, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарымен танысады.
Қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату, армрестлингтен дәстүрлі спорт сайыстары да ұйымдастырылады.Е.Раймбек.