№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Асыл сөз адамзатты аялайды

Асыл сөз адамзатты аялайды

        
   

Адами құндылықтардың басты қорғаны – әдебиет. Ол араб тілінен аударғанда асыл сөз деген мағынаны береді. Әдебиет пен билік арасында өзара байланыс берік болса, онда қоғам гүлденеді. Әдебиет, өнер өркендесе ел өркендейді. Өйткені бұл екеуі тағдырлас, тыныстас. Екеуі де адам, қоғам үшін жаралған. Орыс самодержавиесі заманында ақ патша «Орыс тарихын А.С.Пушкин жазсын» деген екен. Міне, биліктің әдебиетке ықпалы осындай. Қоғам алға басуы үшін адам парасаттануы керек. Ал әдебиет былғанса қоғам азғындыққа ұшырайды. Сондықтанда әдебиетті ізгілендіру мәселесі қай кезеңде де өзекті. Редакция алқасының ұйымдастыруымен «Жаңақорған тынысы» газетінде бас қосқан руханият жанашырлары осы тақырыпта өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Ардақ Камакова, №167 орта мектебінің педагог-психологы, газетіміздің тұрақты авторы:
– Бала кезімнен әкем арқылы поэзияға құштар болдым. Әкем кітапқұмар еді. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына құмарттым. Оқушы кезімнен өлең жаза бастадым. Жергілікті басылымға талай рет өлеңдерім жарияланып, жұртшылыққа танылдым. Қазірде жеткіншек ақындардың мүшайрасына мені әділқазы ретінде шақырып жүр. Сонда отырып қынжылатыным, әдебиет пәні мұғалімдерінің қара сөздің қадір-қасиетіне аса жауапкершілік таныта бермейтінін сайысқа алып келген оқушысының түкке тұрғысыз шимайларынан байқауға болады. Бұлай өлеңге де, өренге де обал жасауға болмайды.
Ауданда жас ақындар шығармашылдығымен жұмыс жасайтын мектептің бар-жоғын әлі білмейміз. Өйткені байланыс жоқ. Өзім мектепте дарынды балалармен жұмыс жасаймын. Көркем сөз оқу шеберлері, суретшілер, музыканың түрлі жанрына бейім білімгерлердің талабына тірек болу – мақсатым. Олардың ішінде республикалық деңгейде сайыста жүлдегер атанған 10 сынып оқушысы Зейнеп Амангелді жас ақын ретінде мектебіміздің мақтанышына айналып отыр.
Мадияр Оспанов, Бірлік ауылы Мәдениет үйінің қызметкері:
– Жасымнан өлеңге құштар болдым. Осы аудандық газетті төңіректегеніме он-он бес жыл болыпты. Өлеңдерім жарамсыз болып, талай тауым шағылып қайтты. Енді қайтып қалам ұстамаймын деп өз-өзіме серт беріп, ызалансам да қайта қағазбен қалай қауышқанымды білмей қаламын. Сіздердің сол талаптарыңыз мен қайрады, жетілдірді.
Соңғы кезде туған жер тақырыбына көп аңсарым ауып жүр. Тау-тасты кезіп, кейде не іздеп жүргенімді білмей шаршаймын. Даланы, еркіндікті аңсаймын. Адамдардың барлығы ақ пейіл, ешкім ешкімге кедергі болмайтын кемел қоғамның кепілі болғым келеді. Айналамды соған үндеп, соған сендірсем деймін. Жан даусымды жеткізетін жалынды жыр туғызуды армандаймын.
Ақындардан Қалқаман Саринды, Исрайл Сапарбаевты жата-жастана сүйіп оқимын. Жырларын жүрегімде жаттап өстім десем болады. Кітапты көп оқимын, көп ізденемін. Соның нәтижесі бағытымды тапқандаймын. Өлең техникасын меңгеріп келемін. Соңғы кезде өлеңдерімнің еш түзетусіз жариялануы осы еңбегімнің өтеуі деуге болады.
Нұрғайша Қыпшақбаевадан көп үйреніп келемін. Әл-әзір шәкірт тәрбиелеймін деп айта алмаймын. Әдебиетке қажет мінез – жауапкершілік. Мен бәрін білемін, болдым-толдым деп өркөкіректенумен ешқашан өспейсің, керісінше өшесің. Осылай деп өз-өзімді қамшылаумен келемін.
Айман Үсенова, Шалқия ауылдық клубының қызметкері:
– Жоғары оқу орнында қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын бітірдім. Қазірде өнер саласы бойынша қосымша оқып жатырмын.
Кішкентайымнан өлең жазуға құштар болдым. Бір күні Адырбек ағама келіп едім, жазғандарымды көрді. Ақын Әбілқайырды шақырып, менімен сөз қағыстырып байқады. Сөйтті де сол кезде өтіп жатқан жас ақындардың айтысына мені қосты да жіберді. Топ жармасам да ынталандыру сыйлығын алып қайттым. Қазірде тұрмысқа шыққан, жас балалы анамын. Бірақ өлең жазуды қоя алмадым. Қолыма қалам алып, өлең жазғым келіп тұрады. Өз өлеңдерімді өзім ғана оқимын. Сын көзбен қараймын. Құрылымында қиғаштықтар бар сияқты көрінеді. Ұстаз көрмегенім аңғарылып тұрады. Сондықтан да жас талапкерлермен жұмыс жасайтын шығармашылық мектептің жұмысын ширату керек деп есептеймін.
Ерсұлтан Мұстафаев; Бесарық ауылындағы балалар өнер мектебі көркем-сөз үйірмесінің мұғалімі:
– Жоғары оқу орнын актерлік мамандығы бойынша бітірдім. Райымбек Сейтметовтың шәкіртімін. Поэзияға құштарлық – қанымда бар қасиет. Газетпен оқушы кезімнен тығыз байланыстамын. Өлең жазу техникасын жете меңгермегендігім, ойымның саяз, тілімнің жұтаңдығы жөнінде сын-ескертпе естіген кезім де аз емес. Мен солардың барлығынан тек сабақ алдым. Баяғыда «Ұланнан» осы тектес хат алғанымда үш күн жылап жатып қалғам, енді қалам ұстамаймын деп серт бергенмін. Бірақ, не сиқыры барын өлең деген әлеммен қош айтыса алмадым. Әлі де білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз. Сүйікті ақыным – Жұматай Жақыпбаев еді. Соның заманында неге өмір сүрмедім деп талай опындым. Сағынышымды ақынның рухына арнап, желіге салдым. Онымды ақынның жары Зайда Елгондиева оқып, маған хат жазды. «Жұматай жоқ, өлеңі бар. Өлеңдегі өзіндік жолыңды қалыптастыратын кез туады» деп дем берді.
«Ағашты түзу өссін десең артық бұтағын кесесің. Сол секілді сын әдебиетті өсіреді. Дегенмен ақынға рухани сусындау үшін рухани орта қажет. Осындай зиялы ортаға сусап, поэзия Меккесі – Мұқағалиға жеткім келді. Жұдырығын жағына таянып отырған сұсты мүсініне жетіп жығылып, оның өзімен тілдескендей терең әсерге бөлендім. Ақын Маралтайдың Мұқаңның зиратына барып: «Қабірде жатқан өлең ғой» деп қара топырақты қалай қыршып жылағанын түсіндім. Адырбек Сопыбековты бала жасымнан сүйіп оқимын. Байбота Серікбаевтың өлеңдері көңіліме өзіндік өрнегімен қымбат. Қадыр Мырзалиевтің «Иірімін» оқып, оның өмірбаянымен толық танысып шыққандай болдым.
«Мінезді ақыннан мінезді өлең туады» деп жатады. Мұхтар Шахановтың «Эвересті тану», «Отырардың күйреуін» жаттап өстім. Жақында қарауымдағы шәкірттеріммен осы шығарма бойынша әдеби кеш өткіздім..
Университетте оқып жүрген кезімде Гауһар Мақаш деген апам болды. Сол кісі маған көп бағыт-бағдар берді. Қайрат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітабын оқуыма кеңес берген еді. Мен осы кітаптан көп ғибрат алдым. Шағылмауды, өрге ұмтылуды үйрендім.
Қазірде жас дарындармен жұмыс жүргізіп келемін. Өлең жазуға талаптанған өреннің жадағай ой, жалаң тіркестерге ұрынбауы үшін барынша табиғатпен жақын тілдесіп, жанды сурет салуына жол ашқым келеді. Махаббат дегеніміз – сүю, бірақ ол тек қуаныштан ғана тұрмайды, өкініш, мұң, қайғы-қасіреттен де құралады. Жас құрақ мұны әлі білмейді, білмей-ақ қойса деймін. Жас талантты жылатқым келмейді. Баяғы өзім бастан кешкендей күйзелмес үшін өлеңің жақсы екен деп, үнемі дем беріп, шабыттандырып отырамын.
Сара Бекахметқызы, араб тілінің маманы; өнер өкілі:
– Кітапты оқуды, қадірлеуді әкемнен үйрендім. Әкем Жетісай өңіріне белгілі айтулы ақын, шежіреші кісі. Бала кезімнен көргенім, әкем қай қалаға барса да кітап дүкендерін аралап, таптырмай, қолға түспей жүрген әдебиеттерді іздеп тауып, балаша қуанып оралатын. Рухани азықпен балаларының құр қалмауына да қатты көңіл бөлді.
Әкемнің кітап қоятын шкафын құнттай етіп ұстау, әр кітаптың шаңын сүртіп аялап күту біздің ең сүйікті жұмысымыз еді.
Баламыз ғой, көлеміне қарай іріктеп жинай бастасақ, әкеміз әрбір кітаптың құнын, қасиетін дәріптеп, дерегі деңгейлес келетін әдебиеттерді сөреге жарқырата қоя білуге кеңес береді. Адамдар да өзімен деңгейі бір, қанаттас, мұраттас серікті іздеп жүреді емес пе? Кітапты да сол адамдарға теңеп түсінік қалыптастырдық.
Қара сөздің қадір-қасиетін ұлықтап, содан нәр құдырет, қуат тауып жүргеніміздің астарында балалық шақтан сақталған әдебиетке деген осындай құштарлық жатыр.
P.S. Дөңгелек столға қатысып, пікір сөзді асқақ тұтқан алатаудай махаббаттарымен әрбіріміздің көкірегімізге көрікті ой, көшелі пікір қалдырғанын мойындауға тиіспіз. Әдебиет тақырыбы таусылмайтын тақырып. Өйткені адамзат өмірінің өзі асыл сөзден тұрады.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
22 шілде 2019 ж. 917 0