№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУДЫҢ ҮЛГІСІ

ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУДЫҢ ҮЛГІСІ

Арыс қаласындағы төтенше жағдай – қалың қазақтың ортақ қайғысы. Оқиға орнына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, Үкімет пен Түркістан облысы әкіміне нақты тапсырма берді. Зардап шегушілердің хал-жағдайын біліп, көмектесетінін білдірді. «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаратын» жауапты кезде барша қазақстандықтар «Арыс, біз біргеміз!» ұранын көтеріп, жер-жерде жылу жинауда. Құдды, қазақтың генінде жасырынған қайырымдылық қасиеті оянғандай әсер етті.

Ойламаған жерден болған апаттан Арыс қаласының жұрты азап шегіп отырғанда Қостанайдағы ағайынның да жүрегі сыздады. «Апат айтып келмейді» деген, оның зардабы да, шығыны да зор болып тұр. Мұндай жағдайда Алаштың анасына баланған Қызылорда облысының тұрғындары қарап отыра ала ма? Ж-о-о-қ. Ұлт болып ұйысудың жолын көрсетіп, арыстық ағайынға қол ұшын беруге асықты.
Оқиға орын алған 24 маусым күні қызылордалықтар қайырымдылық керуені 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық пен 1,5 тонна сүт және гигиеналық-тұрмыстық қажетті заттарды тиеп жолға аттанды. Қызылорда қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері 174 мың теңге көлемінде жылу жинап, қайырымдылық жасады. Бұл – облыс атынан аттанған қайырымдылықтың алғашқысы.
26 маусымда «Nur Otan» партия­ның облыстық, қалалық, аудандық филиалдарының қызмет­керлері қар­жы­лай көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударды. Одан бөлек облыстық әкімдіктің қызметкерлері мен мәсли­хат­тың депутаттары, «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелері қаржылай қолдау көрсетті. Сын сағатта «Жас Отан» ЖҚ 50 еріктісі көршілес ағайынға көмек көрсетуге жолға шықты.
Қашанда қайырымдылық істерге белсенді кірісетін жаңақорғандықтар да арыстық ағайынға шама-шарқынша демеу болуда. Жайсыз хабар желіде таралған сәттен-ақ аудан тұрғындары іске кірісіп, «Ғани» және «Заңғар» сауда орталығының алдына қайырымдылық газелін қойды. Сауапты іске асыққан тұрғындардың арқасында үш газель азық-түлік, қажетті заттарға толықтырылып, гуманитарлық пунктке жөнелтілді.
Ерікті жастардың белсендісі Еркінбек Айнақожаев және «Қамқор» әлеуметтік дүкенінің жетекшісі Наржан Молдабеков, сондай-ақ, Қоғамбек Бисембиев, Арман Мәжитов, Нұрхан Айдаров, Данияр Досантаев, Қайрат Оралбеков бастаған еріктілер Түркістан қала­сындағы мектеп интернат пен Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік уни­верситетінің жатақханасына барып, арыстық ағайынға қайырымдылық заттарын үлестірді. Ерекше айта кететіні, бұл игі шарада «Каспи голд» карточкасына және арнайы садақа жәшігіне 450 мың теңге садақа жәшігіне 300 мың теңге қаржы жиналып, мұқтаж азаматтарға берілді.
Құран аяттарында жақсылықтың сауабын Алланың өзі еселеп беретіні айтылған. Осындай сауапқа асыққан жаңақорғандық жұрттың қайырымдылығы мен қамқорлығы күллі елге үлгі болатындай. Себебі, басқа өңірлер қайырымдылықты бастап жатқанда, біздің жерлестер 9 тонна азық-түлік пен керек-жарақты тиісті мекенге жеткізіп, арыстықтардың алғысын алып та үлгерді. Мұндай қамқорлықты ұйымдастыруда аудан және кент әкімдігі, аудандық мәслихат, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы, аудан əкімдігінің дербес бөлімдері, аудандық емхана мен аурухана, кәсіпкерлер, Жаңақорған аудандық орталық мешітін ерекше атауға болады. «Қызылқұм» ЖШС «Хорасан-1» кеніші ұжымы 300 мың теңге, «ҚДСМ Қыран» ұжымы 72 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Әсіресе «ЖАҢАРҒАН ЖАҢАҚОРҒАН ЖАСТАРЫ» ерікті жастар тобының сауапты іске ұйытқы болғанына куә болдық.
– Аудан халқының жақсылықта жарысқаны көңілді қуантты. «Арыс­қа жіберетін заттарымыз бар еді» деп өтініш айтқан соң, аудан орталығындағы және Қосүйеңкі, Сүттіқұдық және Жайылма ауылдық округіндегі мешіттер мен ерікті жастар тобының ұйымдастыруымен 27 маусымда 3,5 тонна азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар тиілген 1 газель көлікті жолға шығардық және Сүттіқұдық, Жайылма, Қожакент, Аққорған және т.б ауылы мешіт жамағаты қомақты қаржылай көмек көрсетті. Осы орайда, облыста оқ бойы оза шығып, қиналғандарға қамқорлығын аямастан көрсете білген жаңақорғандық жамағатқа Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының және облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуовтың атынан алғаусыз алғыс айтамын, – дейді бас имам Сайдулла қажы Омаров.
Осындайда жігерлі, бастамашыл жастардың бойындағы шынайы иманын көріп, олардың сауапты істе жарысатынын көріп сүйсіндік. Ауданнан өз көлігімен Шымкентке жол тартып, қайырымдылықтың нышанын көрсете білгендер де аз емес.
– Арыс қаласында болған қайғылы жағдайды күйзеліспен қабылдадық. Үйлерін тастап шығып, бас сауғалаған халықтың қайғысына ортақпыз. Көмекке зәру отбасылар үшін киім-кешек, ойыншықтар мен азық-түлік тиелген 4 Газель автокөлігімен Шымкент қаласындағы арыстықтарға табыстадық, – дейді «Жаңарған Жаңақорған Жастары» еріктілер тобының жетекшісі Еркінбек Айнақожев.
P.S.: Лайым, қашанда аспанымыз ашық болсын! Жаратушым бейбіт заманымыздан айырмасын! Арыстағы оқиға бізге осыны тәлім еткедей

Ханзада ДОШАН.
29 маусым 2019 ж. 756 0