Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТӨРТ ТАҒАН немесе тоғызбаевтың теоремасы

ТӨРТ ТАҒАН немесе тоғызбаевтың теоремасы

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында тұралаудан шет қалмаған аудан денсаулық сақтау саласының тағдыр -таразысын сол кезеңдері екі шылбыр, бір тізгінді қолға алып, іс басына келген білікті маман Асылбек Тоғызбаевтың есімінен бөліп-жарып тарқата алмаймыз. Артта қалған ауыр сын ақиқаты осыны меңзейді. “Өтпелі кезеңде өмір сүр” Жапондардың ең үлкен қарғысы саналатын осындай қиын шақта жоқтан бар жасау, қауқары кетіп қалжырағанды қайта аяққа тұрғызу үшін талап аз, табандылық қажет, жаңашылдық аз, жанашырлық қажет екен. Жанына батқан дертіне жәрдем іздегенде жандалбасалап ақ халаттыларға күні қарайтын қараша жұрттың маңдайына осындай мазасыз шақта Асылбек аға сынды марқасқаның бұйыруы, бүгін ойлап қарасақ, мұқым жақсылықтың мөлдір бастауындай болыпты. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол кезеңдерді ойша көз алдымызға келтіріп көрелік. Алғаш қабырғасы қаланған алпысыншы жылдан бері бірде бір рет күрделі жөндеу көрмеген ауруханада қарапайым қажеттіліктердің өзі тым тапшы болатын. Ішке су кіргізілмеген, әжетхана сыртта. Сырқаттарға тамақты сыртта қазанға пісіріп, кір-қоң су қайнатып далада жуылатын, дәрігерлер қолын құманмен жуатын қарабайырлықтың үстінен түсті. Емхана орталық аптеканың бір бөлігінде балаға да, ересектерге де аралас қызмет көрсетеді екен. Аурухана жедел жәрдем көліктері тозған. Жағдайға жетік көз жеткізген соң аурухана жұмысын түбегейлі қайта құру қажеттілігіне көзі жетті. Ең алдымен емдеу-сауықтыру жұмыстарын жолға қоюға кірісті. Ауданда туу көрсеткіші өте жоғары екенін ескеріп, перзентхананы қолайлы орынға көшірді.

Ьұл кезде инфекция әсіресе балалар арасында өршіп тұр екен. Аудан бойынша нәрестелер өлім-жітімі жиілепті. Жағдайды оңалту үшін алдымен тозған ғимаратты толық жөндеуден өткізу керек. Он бес тәуліктің ішінде бөлімше қабырғаларын қайта сылатып, шіріп кеткен су трубаларын ауыстырып, жылу, электр жүйесін жаңалауға тура келді. Екі қабатты аурухана үйі түгелге жуық күрделі жөндеуден өткізіліп, ота жасайтын бөлме арнайы медициналық құралдармен жабдықталды.
1991 жылы күз айында Қазақстан ком­партиясы таратылғаны жөнінде жиын болып, осы жиынға қатысуға келген облыс басшысы Сейілбек Шаухамановқа арнайы жолығып, аудандағы поликлиниканың жағдайы нашар, өзі тар, нормативке сай келмейтінін дәлелдеп, атқару комитеті таратылғандықтан босап жатқан ғимаратын алып беруін сұрады. Мұны сол кездегі аудан басшысы И.Әбибуллаев та қолдады. Сөйтіп, аяқастынан орталықтағы еңсесі биік, сәулетті ғимарат емхананың еншісіне тиіп, күні кешеге дейін, яғни, жаңа емхана тұрғызылғанша тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсетіп келді.
Поликлиникаға жаңа рентген аппараты алынды. Ауылдық ауруханаларда пай­да­ланылмай қоймаларда тұрған ЭКГ физиотерапия, лабораториялық аппа­рат­тарды орталыққа алып келіп, ЭКГ каби­неті, лаборатория, физиотерапиялық бөлім ашылды. Аудандар арасында бірінші болып ультрадыбыстық зерттеу, асқазан қуысын, ас қорыту жүйесін зерттейтін гастродуодоноскоп аппараттары алынып, лайықты кадрларды дайындау жолға қойылды. Халық бұрынғыдай облыс орталығына сабылмай, тұрғылықты жерде жан-жақты тексерілуге мүмкіндік алды. Же­дел жәрдем меселесі шешіліп, бөлім дәрігер - фельдшермен, автокөлікпен, рациямен қамтамасыз етілді.
Ауыл медицинасы да назардан тыс қалмады Түркістан, Келінтөбе, 23 парт­съезд, Талап, Бірлік, Төменарық ауру­ханалары күрделі жөндеуден өткізілді. Қажет кадрлармен, медициналық аппара­туралармен толықтырылды.

Дерттіге – шипагер, денсаулық күзетінде – менеджер

Аудан денсаулық саласына Тоғызбаев келгенше бүкіл жұмыс тоқырап, тоқтап тұрған ба? Адам бар жерде ажалға араша тұрар ақ халаттылардың жанкешті еңбегін ешнәрсемен теңгеруге болмайды. Аудан тарихында аты қалған "алтын қолды» дәрігерлеріміз қаншама. Бір анық мәселе, басшы болуда жақсы дәрігер болу аз, мықты ұйымдастырушы, бүгінгі заман тілімен айтқанда, менеджер бола білуің керек. Кейіпкеріміздің қызмет сатысында өсу, өрлеу дәрежесіне үңілгенде біз осының негізін тапқандаймыз.
Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін бітірген жас маман еңбек жолын облыстық ауруханада анестезиолог-реанимотолог болып бастап, кейіннен қан құю бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайындалыпты. 1982 жылдан 1990 жылға дейін осы аурухана дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік ісі бойынша орынбасары болып қызмет атқарды. Міне, осы жылдары Мәскеуде СССР Денсаулық сақтау Министрлігіне қарасты жетекші кадрлар резервін дайындау Академиясы жанында алты айлық оқу курсында екі мәрте оқып, білімін жетілдірді. Америка, Прибалтика, Германия академиктерінен алған дәрістер, практикалық іс-тәжірибелері басшылық қызметке келгенде толығымен кәдеге асты. Іс тетігін таба білудің басты нысаны осындай жоғары біліктілікте ғана десек қателесеміз. Қызмет бабында айналамен адами қарым-қатынастың нәзік иірімдерін игеру, ол да өз алдына өнер, тілін тапқан ғана табысқа жетеді. Тағы да мысалға жүгінейікші. Жанақорған аудандық ауруханасына алғаш келгенде қатты жанына батқаны - су мәселесі еді. Сол күндері бұл аймақта арнайы гидрогеологиялық экспедиция жұмыс жасап жатқанын естіп, мекеменің бастығымен тығыз қарым қатынасқа көшті. Мақсат - аурухананың суға зәрулігін жеткізіп, жәрдем сұрау. Денсаулық нысанына дем беруден кемел ниеттілер кенже қалған емес, әлгі кісіміз де көмек қолын аямады. Аурухананың астында су қоймасы бар екен, бұрғылау құрылғыларын іске қосып, бір аптада 280 метр тереңдіктен су тартатын құрылғы мен су мұнарасын орнатып, түйткілді толық шешті. Енді осы суды ауруханаға жеткізу керек. Бұрынғы су құбырлары толық шіріп, істен шығыпты. Енді қаладағы көзкөрген тамыр-таныстарды жағалап, жағдайды реттеуге әрекет жасады. Ол кезде қаржы мәселесі құлдырап тұрған кез. Қызылорда тресіне қарасты ХРСУ мекемесі басшысы базынасын жерге тастамай, су, жылу, кәріз жүйесін бағдарлауға бригадасын жіберсін. Міне қызық, іштегі жылу қазандығының тек біреуі ғана пайдаланылып келіпті. Жылы су беретін бойлер жұмыс жағдайында, бірақ бірде-бір іске қосылмаған. Арнайы топ аурухананың толықтай ішкі, сыртқы жылуын, мұздай су, ыстық су, кәріз жүйелерін қайта жүргізіп, бұзылып тұрған 4 комфорлы электр пешін жөндеп іске қосып берді. Осыдан соң мекемедегі барлық санузелдер, қол жуатын раковиналар, душевойлар іске қосылды. Ас асханада дайындалатын болды. Аудандағы ХРСУ мекемесі де жәрдемнен шет қалмай, аурухананың еденін, есік-терезесін толық ауыстырып берді. Сүйегі мықты терезелердің бояуын ерітіп, қайта бекемдеді. Енді терезе толық жабылып, жел үрлемейтін болды. Ғимарат сырты жаз аяғына дейін мәрмәр тас қиыршықтарымен қапталып бітті. Нәтижесінде, ұядай жылы бөлмелерде науқастарға жеңіл киіммен жүруге мүмкіндік туды. Жұмсақ төсек орын, киім, керек жабдықтар үш ауысымдыққа жаңаланып, нормативті медициналық құрыл­ғылар жеткізілді. Аурухананы жарық­пен тұрақты қамтуда да кілтипан көп екен. Ток кернеуі көтере алмағандықтан жарық өшіп қала беретін. Энергиямен жабдықтау мекемесін жағалауға тура келді. Нәтижесінде аурухананы үздіксіз электр жарығымен қамту шешімін тапты. Осы атқарылған игіліктердің баршасы қарапайым сіз-біздіктен, өзара сыйластықтан өріс алып, өркенін кеңге жая түсіпті. Көптің мүддесіне келгенде көңілшектігінен ажы­рамаған қазақы қалпымыз қатып-семген қағидаларды да жібітіп, жарқын үміттің айдарына жел бітірген талай жақсылыққа жол ашқан тәрізді. Ең бастысы, елге болсын деген ерекше пейіл, қапысыз кұшатарлықтың құдыреті жатыр еді мұнда.

Біліктілік барометрі басшыға байланысты
Адам өмірінде секундтар шешетін сын сәттер кездеспей тұрмайды. Ондайда жа­лаң қолмен жақсы дәрігер де дәрменсіз. Жағдайы тұралаған аурухананы аяққа тұрғызуға бел шеше кіріскен білікті басшыны жатса-тұрса ойландырған осы мәселе еді. Ауыл ауруханасында аяқастынан ауыр жағдайға душар болған науқастарға көрсе­тілетін жедел жәрдемді қалыпқа келтіру керек. Тоғызбаев бұл мәселені қалай шешті? Бұл жөнінде сол кездегі жас хирург-дәрігер, Асылбек ағаның шәкірттерінің бірі Молдахмет Искаков былай дейді: «Бір күні бас дәрігер кабинетіне шақырып алды да, «оқуға кетесің» деді. Анестезиолог-реани­мотолог мамандығы бойынша арнайы курсқа жіберетінін айтты. Басшы таңдауы маған түскен екен, бас тарта алмадым. Сонымен Украйнаның Запорожье қаласына жол тарттым. Елде ақша жоқ, қиын кездер. Бізде рубль ол жақта купонмен есептеледі екен. Ілдалдалап жүріп сол оқуды бітірдім. Обалы не керек, елге келемін дегенше реанимация бөлімін ашып, ішіне керекті құрал-жабдықтар қойылыпты. Мені осы бөлімнің басшысы етіп тағайындады. Сонымен облыста алғаш алпыс бірінші жылы Шадиар Нұрымбетов наркоз беруді қолға алса, мұнда мен осы мамандықты игердім. Жаңақорған ауруханасы жан­дандыру бөлімінің негізін қалаған тұлға ретінде атымыз тарихта қалды. Инициатор басшының осындай талабы болмағанда дәрігерлік бағыт-бағдарым басқаша өріс алған болар ма еді? Бәрінен бұрын, қаншама тағдыры қыл үстінде тұрған науқастарға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіліп, көптің алғысына кенелдік. Сондықтан жеке басым Асылбек Тоғызбаевты ұстазым деп пір тұтамын, оған шексіз қарыздармын деп есептеймін» десе, сол кездері бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған Сәулебек Есқожаұлы: «Бір күні жүрек жарақатымен науқас түсіп, тез арада облыспен хабар­ласып хирургиялық жедел-жәрдем брига­дасын шақырту керек деп шештім. Бас дәрігерге хабарласып, жағдайды жеткіздім. «Жарақатты қашан алған?» деген сұрағына «30-40 минут бұрын» деп жауап бердім. «Облыстың дәрігерлері келемін дегенше біз қалай қарап отырамыз? Болмайды. Сен хирург емессің бе? Операцияны өзіміз жасаймыз. Құрал-сайман, наркоз, бәрі жеткілікті. Сіз ота жасайсыз, наркозды өзім беремін. Керек жерін айтып тұрамын» деді де шұғыл іске кірісіп кеттік. Сөйтіп науқасты аман алып қалдық. Мұндай жағдайлар көп болды» дейді ағынан жарыла.
Дәл осындай алғаусыз пейілді ыстық-ықыласты ол кісінің тәлім-тәрбиесін көрген әріптестері, шәкірттері Сұлтанбек Әлқожаев, Мырзагүл Жамурова, Сәкен Үсейінов, тағы да басқа көптеген ақ халатты абзал жандардың аузынан естігенімізде мағыналы ғұмыр иесіне деген құрметіміз одан әрі еселене түскендей.
Міне, осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1990-1995 жылдары бір де бір ана өлімі тіркелген жоқ. Нәрестелер шетінеу көрсеткіші екі есеге төмендеді. Балаларды егу жұмысы, жүкті аналарды есепке алып, диспансерлік бақылауда ұстау қатаң қадағаланды. Орта буын мамандарды қайта даярлау, оқыту жүйесі жолға қойылды 1991-92 жылдары ауданға 15 жас маман жұмысқа тартылып, 11 автокөлік алынды. Сунақата, Юбилейный елді мекендерінде дәрігерлік емхана, Задария елді мекенінде аурухана іске қосылды. Сәби тағамын дұрыс жолға қоюда кент орталығында сүт кухнясы ашылды.
Емдеу сауықтыру жұмысын жүйелі атқаруда ауруханада хирургия, травмото­логия, терапия, кардиология, инфекция, балалар бөлімі, гинекология бөлімдері маман­дармен, медициналық құрал-жабдық­тармен толық қамтамасыз етілді.
Өзінше дербес мекеме болып тері-венерология ауруханасы, стоматологиялық емхана ашылды.
Бұл Асылбек Тоғызбаевтың Жаңақорған ауданы бас дәрігері қызметін атқарған кезде қолға алып, қорытындысын тапқан жұмыстары еді. Асылбек аға 1994-1997 жылдар аралығында облыстық аурухана бас дәрігерінің кеңес беру диагностикалық істері бойынша орынбасары, 2008 жылдан бастап қалалық аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарғанын білеміз. Осы кісі басшылыққа барғаннан қалалық ауру­ханада да қайта құрылымдану жүріп, жұ­мыс жүйелі түрде жандана түскенін қызыл­ордалықтардың кез-келгені айтады. Заманауи тұрғыдағы медициналық құрал жабдықтар - эндовидеохирургиялық лопа­рос­коп, ангиографиялық-рентгено­логиялық аппарат, гистерескоп, компьютерлік томо­графия, электрондық байланыс құралдары алынып, салауаттылықты қалыптастыру ісі жаңа стильде жалғасын тапқаны жұрт­шылықтың көз алдында.
Қай жерде жүрсе де ақыл-ойы мен ерік-жігеріне сүйеніп, білгірлік пен талап­шылдық, тәуекел және төзімділік деп аталар төрт тағанды тірек ете білген білікті маманның пайымдауынша, өнегелі өмірдің ұзындығы нақтылы мақсат-мүдде мен еселенген қуат-қайраттың қосындысына тең. Бүгінге дейін жарты ғасыр денсаулық күзетінде тынымсыз тірлік кешкен Асылбек Тоқмырзаұлының түйген теоремасы осындай.
Біз бұл шағын мақаламызда Асылбек ағаның Жанақорған медицинасында қал­дырған іздерін ғана саралап шықтық. «ССРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрмет» ордені иегері Асекеңнің салалық бас­шылықтан алған басқа да толып жатқан марапаттарын да тізбелеп шығуды мұрат тұтпадық. Өйткені одан да жоғары тұратын, екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бір бекзат атақ бар. Ол – АБЫРОЙ деп аталады.
Оған ақша да, тамыр таныстық та жүр­мейді. Өйткені оның төрешісі, әділ қазы- УАҚЫТТЫҢ өзі. Бүгінде 70 жасқа толып отырған ел ағасының жүріп өткен еңбек жолынан еншілеген үлкен олжасы осы. Осыған тәубе дейді. Соңында желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтары бар. Тұңғышы Ғалымжаны және қызы Жазира әке жолын қуған дәрігерлер. Нәзирасы экономист- ғалым. Бауыржаны – заң қызметкері, кенжесі Алияр - облыс әкімі аппаратында жауапты қызметте. Асыл­бек аға отбасында жары Мейрамкүл екеуі немерелер қызығына кенеліп отырған бақытты жандар.
Ал біздің Тоғызбаев теоремасынан түй­геніміз мынау, кешегідей таршылық кезеңдерді былай қойғанда, аспаннан ақша жауып тұрса да соған жан бітіріп, қоғамды гүлдендіретін адам факторы. Біз осындай асыл құндылығымыздан айрылып барамыз. Ісімізді ілгері бастырмай, абыройдан жұрдай етіп, кежегемізді кейін тартатын да тұратын кемшілігіміз осы. Жетпіс жас - кез келгеніміз көзді ашып-жұмғанша кемеріне шығар кемел биігіміз. Сол кезде Асекең сынды жүзіміз жарық болуын қаласақ қазірден тұлпар тұрпатты табиғатымызға табынып, жақсылықтың жалына жармасқанымыз жөн-ау. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, осындайда алдыға қояр ақеділ пейіл, адалдықтың символындай болған Асекең сынды ағаларымыздың бары қандай жақсы!

Баян ҮСЕЙІНОВА.
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.


15 маусым 2019 ж. 759 0