ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚУАТ КӨЗІ
Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда, Оразалы Мұсабеков «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ журналист» еді. Оны жаңақорғандық оқырмандар ұшқыр ойлы, қарымды қаламгер ретінде таныды һәм құрметтеді. Бірақ, Алланың үкіміне шара бар ма? Қаламгерден қапыда айырылып қаламыз деп ойладық па?
...Орекең жарықтықтың артында кестелі сөзі, орамды ойлары ғана қол бұлғайды. Тек «Жаңақорған тынысының» ескі тігінділерінде фельетондары мен очерк, эсселері қалыпты. Иә, рухани қазынасын ғана мұра етіпті. Тіпті, жұбайына аманаттайтын баспанасы болмапты...
Қайтсің, маңдайға жазылғаны да. Тірі тіршілігін жасап, уақыт шіркін жүре береді, жүре береді екен.
Отбасының кіріс көзі – қызының балабақшадағы табысы ғана еді. «Құдай азды-көпті берсе де, нығметіне тәубе қыл» дегендей барға қанағат құтып күңелте береді...
Бірақ, «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей қызына дерт жабысып, жұмыстан шеттетіледі. Жалғыз кіріс көзі жабылып, үйдің берекесі кетеді. Бір үзім нанға зар болып қалады. Пәтерге мен жарыққа төлейтін қаржы болмағандықтан берешек жамала береді, жамала береді. Үйді жылытатын ағаш та, көмір де жоқ...
Қыс ауасы келеді. Қаһарына мінсе ешкімді де аямайтыны белгілі ғой. Не керек, жары Анар Беласарова ұзақ жылдар бойы еңбек еткен қара шаңырағы – ауданның төл басылымына келіп, жағдайды түсіндірді...
Бір отбасы, тағдырлар күйрегелі тұр. Қоғамнан қайыр күтіп, алаңдаулы. Дереу отбасыға демеу болатын қалталыларға жағдайды баяндадық.
Қашанда қайырымды істердің бел ортасында жүретін жақсылар жағдайды естіп, көмек қолын созды. Мешіт жамағаты да қарап қалмады. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы да демеді. Осылайша қысты аман-есен өткізді.
Көктем шыға сауапты іске асыққан "ЖАҢАРҒАН ЖАҢАҚОРҒАН ЖАСТАРЫ" еріктілер тобы іске кірісті. Алдымен баспанасыз отбасыға қажетті жер телімін алды. Сосын құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
Жаңақорғанның топырағынан негіз алған қайырымды азаматтар аз емес. Бірі іргетасын тұрғызуды қаржылай қолдаса, екіншілері шатырды мойнына алды. Енді бірі құрылысшылардың ақысын берді. Осылайша Ораза айттың бірінші күні берекелі үй пайдалануға берілді. Анар Беласарова қоныс тойын тойлады.
Құтты, ырысты болғай!
***
Қасиетінен айналайын, қазағым-ай!..
«Құдайдың күнінің жаманы жоқ» деп күңелтіп жатқан отбасыға демеу болған жастарды көріп марқайып қалдық.
Атынан айналайын, ЖАҢАРҒАН ЖАҢАҚОРҒАН ЖАСТАРЫ"! Сауапты іске ұйытқы болып, Алланың разығын ала беріңіздер!
Айта кететіні, ерікті жастар арасында әріптесім Әбдісамат Әбдіштің де белсенді әрекеті бар...
***
Ораза айт құтты болсын, ағайын!
Абыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы айтқан, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда шалқып, бейбіт өмір кешу бұйырсын!
Оразадан оразаға аман-есен жетіп, Алланың сансыз сауабына кеңеле берейік!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.