№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ

ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ

Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұңығын әуезді әнмен жеткізетін термелік өнер тыңдаушысын адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелейді. Содан болса керек-ті, жыраулар қолына домбырасын алып жырлай жөңелгенде тапжылмай, ұйып тыңдаған. Жайылма ауылдық округіндегі клуб үйінде өткен «Шанағынан жыр тамған» атты аудандық термешілер байқауында осындай ықылас-ниетті көрдік.

Шараны ашқан ауылдық округтің әкімі Талғат Зейдалиев:
– Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағы­лымын жастар бойына дарытып, оның жан-жүйесін оятуда дәстүрлі өнердің орны зор. Әсіресе, ғибраттық мәні бар идеяларды теріп айтатын термешілік өнердің өз биігі, өз тыңдаушысы бар. Сондықтан термешілік өнердің тынысын кеңейтуге үлес қосу біздің міндетіміз. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқау жыршылық-термешілік өнерге жаңаша серпін беру арқылы әдеби тілді дамытуға, тіл мәдениетін жетілдіруге үлес қосады, – деді.
Шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударылған байқауға Шалқия, Қожакент, Машбек, Бесарық, Манап, Сунақата, Сүттіқұдық, Қожамберді, Кейден ауылынан 11-ге жуық термеші қатысты.
Өмірдің терең мағыналық жақтарын дүниетанымдық, философиялық ойлармен кестелейтін, қоғамды-әлеуметтік сарыны басым термешілік өнерді ұстанған өнер­паздар тыңдарманының санасын серпілтіп, рухын асқақтатты. Елдік сөздерді арқау еткен байқауда қожакенттік Гүлнар Қосымова бас жүлдеге лайықты өнер көрсетті. Бірінші орын биігінен кейдендік Көкен Өскенбай көрінді. Манап ауылынан қатысқан Исламбек Нағизхан мен қожам­берділік Бақыт Асылбековке екінші орынды алды. Үшінші орынды шалқиялық Мақсат Нақипов пен бесарықтық Мырзабек Баржубаев иеленді.
Байқауда Манап ауылынан келген өнерпаз Қалман Нұрлыбек терме орын­дауда ептілігін көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ, Шайдарбек Серғазиев, Нұрлыбек Қалман, Ердаулет Байсұлтанов, Ерлан Нұрманов және Асқар Диханбеков сынды термеші-жыршылар өзіндік орын­даушылық өрнектерімен ерекшеленді.
Жайылма ауылдық клуб үйінің дирек­торы Нұрлан Жапековтың сөзінше, мем­лекеттік мұрат пен елдік мүдде жырланған байқауда әр ауылдан келген жыршы-термешілер бір-бірінен оза толғап, тарихи сананың тамыры тереңде жатқанын дәріптеді.
Расында, сөз өнерінің асылы терме­шілік дәстүрді дамыту арқылы ұлттық рухты асқақтатуға болады. Байқауда термешілердің толғауын тапжылмай тың­даған тыңдарманның көңіл-күйінен осыны аңғарып қайттық.

Лаура БИБАСАРОВА.
01 маусым 2019 ж. 1 092 0