№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Байқау. Шанағынан жыр тамған

Байқау. Шанағынан жыр тамған


     

     
Сейсенбі күні  Жайылма ауылдық клубының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президенттің «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Шанағынан жыр тамған» атты аудандық термешілер байқауы өтті. Ұлттық өнерімізді насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу, жыршылық, термешілік дәстүрді жалғастыру мақсатында  жарасым тапқан жампоз жырдың жанкүйерлері халық аузындағы және бүгінгі күн тақырыбына араналған төкпе жырды төгілтіп, тыңдарманның көңілін бір серпілтті.
Дәстүрлі терме өнерін дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру және де ел арасында талантты орындаушыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараны ашқан ауыл әкімі Талғат Зейдалиев ұлттық өнерді дәріптеуге жұмыс жүргізіп жатқан ауылдың клуб басшылығына алғысын білдірді.
Термешілер байқауына Шалқия, Қожакент, Машбек, Бесарық, Манап, Сунақата, Сүттіқұдық, Қожамберді, Кейден ауылдарынан 11-ге жуық өнерпаз қатысты. Оған аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Баян Үсейінова мен мәдениет қызметкері, облыстық термешілер байқауының жүлдегері Ғалымжан Омаров қазылық жасады.



Өз тыңдарманын дәстүрлі өнермен сусындатқан байқау қорытындысында талапкерлер арасынан жүзден жүйрік танылған  қожакенттік Гүлнар Қосымова бас жүлдені қанжығаласа, бірінші орын биігіне Елмұра Жаңабергенованың шәкірті кейдендік Көкен Өскенбай лайық деп танылды. Екінші орын Манап ауылынан  Исламбек Нағизхан мен қожамберділік Бақыт Асылбековке бұйырды. Үшінші орынды шалқиялық Мақсат Нақипов пен Бесарық ауылынан Мырзабек Баржубаев иеленді.
Байқауда Манап ауылынан келген тағы бір талапкеріміз Қалман Нұрлыбек терме орындауда тың сүрлеуден танылуы туған жер таланттар қатары тағы бір тың есіммен толыққанын көрсетті.
Сайысқа қатысқан Шайдарбек Серғазиев, Нұрлыбек Қалман, Ердаулет Байсұлтанов, Ерлан Нұрманов, Асқар Диханбеков сынды термеші-жыршылар өзіндік өрнектерімен ерекшеленді. Бұл өнерпаздардың барлығы да күнделікті ауыл өміріне айшықты ажар сыйлап, руханиятты түсінер әлеуметтің жүрегіне жырдан шашу шашып жүрген жандар. Оларға таланттарыңыз биіктей берсін дегіміз келеді. Жүлдегерлер және байқауға қатысушылар ауылдың мәдениет үйі дайындаған бағалы сый-сияпаттармен марапатталды.
Лаура БИБАСАРОВА
29 мамыр 2019 ж. 1 217 0