№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕДИАЦИЯ: БІТІМГЕРШІЛІК ЖОЛЫ

МЕДИАЦИЯ: БІТІМГЕРШІЛІК ЖОЛЫ


Сотсыз татуласу орталығын ашуды алғаш болып Қызылорда қаласы жүзеге асырмақ. Онда медиаторлар, адвокаттар, нотариустар, психологтар, сот орындаушылар көмек көрсететін болады. Сондай-ақ, орталық адамдардың дауларды сотсыз шешу тәсілдерін білу деңгейін көтеруге ықпал етеді. Осыған байланысты аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен аудан активімен кездесті.
Жалпы орталықтың міндеті мен тиімділігі қандай? Ол кімдер арқылы жүзеге асады? Осы сауалдардға жауап беру үішн аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтбенбеттің төрағалығымен өткен жиында Сағатбек Болатбекұлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жиынға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес қатысып, ой бөлісті.
Елбасы дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Соның нәтижесінде қоғамдағы жанжалды жағдайларды төмендету, шешімдердің басқа да баламалы тәсілдерін енгізу мақсатында «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы қаралды. Ал, оны жүзеге асыру құқығы медиатордың құзырында.
Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасын жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленіпті. Егер жаңа жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса басқа да өңірлерде осы бағыт қолға алынатынын жеткізді.
– Бұл бастаманың еліміз үшін маңызы зор, өйткені қазіргі таңда болмашы дауды көптеген жылдар бойы шешілмей, қып-қызыл шығынға ұшырайтын жағдайлар жиілеп барады. Мұндай берекесіздікті ізгілікті жолмен де реттеуге болады, – деген кеңесші осындай үлгіні өмірге келтірген Қармақшы ауданының «Көмекбаев» ауылын мысалға келтірді. Иә, шынында өнеге боларлық ауыл. Бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты. Мұндай тәжірибені Жаңақорғанда кеңінен қолдану қажет-ақ.
Жалпы, орталыққа азаматтық істермен жүгінетіндердің саны басымырақ екен. Өйткені, қазір бұл іс бойынша тіркелушілер саны артып келеді. Мәселен, ресми деректерге сүйенсек, бір жылда қаралған азаматтық істердің саны өңірде 30 мыңға жуықтайды. Расында, Жаңақорған өзінде 2017 жылы соттың өндірісіне келіп түскен азаматтық істің көрсеткіші 862-ге жеткен. Демек, жыл сайын арызданушылар саны еселеніп келеді деген сөз. Ал, «Медиация туралы» Заң аясында 41 азаматтық іс аяқталыпты. Бұл медиаторлардың көмегіне жүгінетіндердің де бар екенін көрсетеді.
Кездесуге ауылдық округ әкімдері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және кәсіби емес медиаторлар қатысты. Себебі, ауылдық жерлердегі дауларды әрбір елді мекеннің кәсіби емес медиаторлары шешуге қауқарлы. Қысқаша айтқанда, олар бүгінгінің билері. Жаңа жүйе іске кірісті, ендігісі ағайынның ауызбіршілігінде.

Әли ТЕМІРБЕК.
27 ақпан 2018 ж. 1 671 0