Ұстазы мықтының ұстанымы мықты
Ғалия Бегентаеваны Жаңақорған өңіріндегі мұғалімдер қауымы орыс тілі пәнінің тәжірибелі оқытушысы деп біледі. Ол өз пәнін жетік меңгергендігін місе тұтпай, қашанда ізденіс үстінде жүреді. Елімізде Мемлекеттік тілі ана тілі болып саналғанымен халықаралық қатынас тілі саналатын орыс тілінің екеуінің өзекті жайлары біртектес.
Ғалия Бегентаеваның өмір жолымен танысып, қазіргі білім саласындағы тың өзгерістер, балабақшаларда біртіндеп енгізіліп жатқан ағылшын тілінің жайы, оған қоса латынша қаріпке көшу туралы пікірін білген едік.
Ғалия қарапайым ауыл қыздары секілді Қыркеңсе елді мекенінде туып өсті.Әкесі Әлайдар жүргізуші болса, отанасы Рашида екеуі алты баланы бағып, қағып жетілдірді.1986 жылы Жаңарықтағы №167 орта мектепті бітірді. Сол кездегі ұстаздары Исаев Абушамар республикаға танымал математик болатын. Мектеп бағдарламасы қаншама қиын болғанымен, қазір өзі де математикадан балаларына қолқабыс көмегін беріп отырады. Искакова Айсара деген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі есінде қалып қойған. Қазіргі №169 орта мектебінің директоры Ахметов Алдаберген де Ғалияға орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Жас қыздың мамандық таңдауына да осы ұстаздың ықпалы зор болды.Сөйтіп, арман жетегінде Қызылордағы Гоголь атындағы педагогикалық институтының қазақ мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқыту мұғалімі факультетін бітірді. Ондағы әр түрлі ұлт өкілдерінен жасақталған ұстаздарыжақсы болып жолықты. Шэк Элин Григорьевич, Николай Канцев, Күләш Мурзалиева деген оқытушылары өз баласындай қарады. Мұстафа Матаев деген кісі философиядан сабақ берді. Олар республикаға танымал ұстаздар болатын. Қазір отбасына құрған Ғалия Бегентаеваның жары Ерлан Мамбаев №125 мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Ұлы Нұрқан Алматыдағы Жаңа экономикалық университеттің экономика факультетіндегі менеджмент мамандығын бітіріп, Алматыдағы сауда үйінде қызмет етеді. Нұрай мен Ұлпаны басқа мамандықты медициналық саланы таңдады. Ұлы Қажым №125 мектептің төртінші сыныбында оқиды.
Өзі де үнемі білімін жетілдіріп отырады. 2013 жылыНазарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін насихаттау мақсатында ашылған Қызылорда қаласындағы педагогикалық шеберлігін шыңдау орталығында үш айлық курста оқыды.
«Қарапайым мектептерге сол біліктілігін жетілдіру орталығындағы алған білімдерімізді насихаттау мақсатында бірінші ілгері деңгейінен өттім. Одан кейін мектеп тренері курсын бітірдім. Бірнеше мұғалімдермен бірлесіп, сонда оқыған іс тәжірибедегі рефлекцияны оқу үдерісіне енгізудеміз. Себебі, бұрын мұғалім үйретуші болатын. Қазір мұғалім үйретуші, тәжірибені талдаушы болып табылады. Яғни, тәжірибені өзіміз талдап оны басқаларға түсіндіреміз. Онкүндік, айлық кезінде осы тәжірибелерді насихаттап түсіндіріп таратып отырамыз. Сол мұғалімдермен бірлесіп, оларды үйретіп қана қоймай, енді-енді үйреніп жатырмыз.Ол түгілі оқушы балалардан да көп нәрсе үйренуге болады. Ата-анамыздың арасында отырғанда да олардан бірнәрсе үйреніп шығамыз. Елбасы айтқандай өмір бойы ізденісте жүруіміз керек. Сонда ғана бәсекеге төтеп бере аламыз»,-дейді Ғалия.
Қазір Ғалия №125 мектептегі 7 «ә» сыныбының үздіктері орыс тіліне жетік, ынталы оқушылардан топ құрып, оларды түрлі деңгейдегі пәндік байқауларға әзірлеуде. Олардың ішінде Айкөркем Жалбызбай, Ақкенже Асанбектегі, Тоғжан Мұсабек, Жанар Ержан, Жаннұр Алиасқар қатарларынан озып тұр. Орайы келгенде Ғалиядан үштілділік орта қалыптастыруға көзқарасын, қазіргі балабақшадан бастап сыналап енгізіліп жатқан ағылшын тілінің жайы туралы сұрап білдік.
– Бала алдымен өзінің ана тілі қазақ тілін меңгеруі керек. Орыс және ағылшын тілдерін адам өзінің қажеттілігіне қарай үйренуі тиіс.Қазір үш тілдік оқуды енгізгенімізбен ол да адамның қажеттілігіне қарай саралануы тиіс. Ағылшын тілін балабақшадан бастап үйрету керек деген пікірге қосылмаймын. Бала алдымен қазақ тілін жетік меңгеруі тиіс. Ол ана тілін толығымен меңгергеннен кейін ғана өзге тілдерді үйретуді бастауымыз керек. Меніңше төртінші сыныптан кейін басқа тілдерді үйренсе де болады. Оған дейін өзінің ана тілін әбден толығымен білгені жөн».
Оны қазіргі аударма жайы да толғандырады.
– «Осыдан алты жыл бұрын үш айлық деңгейлік курстар басталды. Сол кезде қолымызға ағылшын, орыс, қазақ тіліндегі оқулық берілді. Маған қазақ тіліндегі оқулықтан гөрі орыс тіліндегі оқулық түсінікті болды. Себебі, қазақшасы калкалық көшірме аударма болғандықтан, бастауышы баяндауышы қайда екені белгісіз. Қазіргі балаларға үйге тапсырма бергенде олар Интернетке жүгіреді. Интернеттен онлайн сөздікке кіріп, тексті сол күйінде калкалық аудартқызып алады. Сөйлемнің мағынасы жоқ. Сөздердің жиынтығы ғана. Бала содан шатасады. Біз мұны ретке келтіруіміз керек,–дейді Ғ. Бегентаева.
«Қазіргі балалар технологияны жетік меңгеруде. Тілді де тез үйренуде. Себебі, теледидар мен ұялы телефондардағы ойындардың дені орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Баланың үйде қанша сағат ұялы телефонмен ойнап, үңілуіне ата-анасы жауапты. Оның не көріп жатқандығына бақылау жүргізу керек. Біз кезінде кириллицамен сауат таныдық. Бірінші сыныпқа келген балаға бірден латынша үйретуді бастаса, оған әлдеқайда оңайға түседі. Себебі, ол сауатын латынша ашады. Бұл енді ұзақ мерзімді саясат әрі көпшілікке неғұрлым жеңіл жағын қарастырылуы тиіс,– деген пікірде.
Ескендір Ертай.