ҰЛ ТӘРБИЕСІ: ЖЕТІ АТАСЫН ҰҒЫНДЫРУ

"Жеті атасын білген ұл - жеті жұрттың қамын жер" деп, жеті атасын білуді өте жоғары бағалайды. Олай болатыны, қазақ халқы жеті атаға дейінгі барлық адамды өзінің ет жақын туысы есептейтіндіктен, жеті аталарын қанық білген жас ұрпақ кмнің жақын, кімнің алыс екенінен ертерек хабардар болады да, қыз алып, қыз беру, қыз айттырып, жар таңдау істері мен той-томалақ, өлім-жітім ұзату сияқты бұқаралық қимылдарда ұятты істерден аулақ болады. Туыстар арасындағы сүйіспеншіліктерін арттырып, ел-жұрты мен туыс-туғандарының қамын жеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын халықшыл азамат болып жетілуге дағдыландырады. Сондықтан да әр отбасы ұрпақтарына кем дегенде әкесінің, атасының, арғы атасының, бабасының, түп атасының, тек атасының аттарын жаттатқызып, туыстық қарым-қатынас жолдарын ұрпақтарына толық үйретуді бас тартпас парыздары санаған.