№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жауқазын жылда гүлдейді

Жауқазын жылда гүлдейді

  Жер-Анадан өніп шығып, оның перзенттері – адамның игілігіне жаратылған жасыл өсімдіктер жылда бүршік атып, гүл жарады. Адам табиғаты да сондай. Жанында бүр жарып, жақсылыққа жетелер үміт сәулесін бір сөндірмей, әр күнін жарқын болашаққа жалғайды.
  «Нұр» базарының айқара ашылған қақпасының алдына көк шалғын өсімдіктерін жайнатып қойып, келушілерге тал көшеттерін, гүлдің ұрығын, жапырақ жайып, гүлдеп тұрған шоқ бумаларды ұсынып, саудасы бір таластамай жататын түрік бауырларымызды көргенде біздің санамызда өмірдің осындай айнымас заңдылығы жаңғыра түсті.
   Осындай жандардың қатарында Сана Ахиадова апамыздың еңбек жолы айрықша. Ол кісінің сауданы кәсіп еткеніне қырық жылдан асыпты. Әңгімеге тартқанымызда өмірбаяны туралы біраз сырға қанықтық.
  – Әкеміз Бахдадин Ахмадұлы анамыз Чичакпен қол ұстасып, бір-ақ күнде Грузин ССР-і, Адиген ауданынан Қазақстанға жер аударылғанда, село халқымен бірге пойызға отырғызылып, осы станциядан түсіп қалған екен. Жергілікті халықтың өздерін жатсынбай, бауырына тартып, мейірім көрсетуінің арқасында ажалдан аман қалған. Бірте-бірте ес жиып, алғы күнге армандарын жалғапты. Екеуі 8 ұл-қызды өмірге әкеліпті. Қазір сол кісілерден екі перзенті осы Жаңақорғанда өсіп-өркендеп отырмыз.
Олар өте еңбекқор адамдар еді. Бізді де еңбекке тәрбиеледі. Еңбектену дегенді адал болу, адал жолмен нан табу деп түсіндік. Ал адал еңбекпен тапқан нан қайырлы болады. Менің бұған толық көзім жетті.
Өзім алғаш азық-түлік сатумен айналыстым. Соңғы жиырма жылда осы кәсіпке дендеп бет қойдым. Анам Чичак та гүлдерге құмар жан еді. Жалпы «Чичак» деген сөз сіздерде гүл деген сөз ғой, гүл шешек атты дегенді білдіреді.
Өз үйімнің айналасы да гүлге толы, – дейді Сана Ахмадқова.
  – Күзде ұрығын жинап аламын. Мына сатып отырғаным осы. Ал көшеттерді жылы жерге отырғызамыз. Түркістан қаласында жылыжайдан қаншамасын алып келіп, саудаға шығарып отырмын. Табысым жаман емес.
Иә, гүлдер жылда шешек атады. Қайта гүлдейді, қайта жапырақ жаяды. Маған кәсібім осы үшін де ұнайды. Адам жаны да осы гүлдер тектес. Ертеңгі күнге үміт жалғаудан жалықпайды ғой, – дейді ол жайдарылана күлік.
Осылай әңгімелесіп тұрғанда қаншама кісілер келіп, сауда жасап жатыр. Бірі тал көшеттерін сұраса, бірі қызанақ, қияр көшеттеріне тапсырыс беріп жатыр. Әсіресе қызылды-жасыл гүл шоқтарын алушылар көп.
  Қалампыр, қызғалдақ, жауқазын, раушан гүлдері көздің жауын алады. Ал оны саудалап отырған бауырларымыз одан да әдемі көрінеді екен. Әлде біздің осы кісілерге деген алғаусыз пейіл, адал көңіліміздің шынайылығы ма? Осы ынтымағымыз, бірлігімізге ешқашан сызат түспесе екен. Біздің тілегіміз осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
30 сәуір 2019 ж. 1 357 0