Ағаш ексең аялап, басыңа болар сая бақ
Көктем мезгілі басталған соң адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі – ағаш егу жұмысына көңіл бөлу. Әлемде ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Тіпті, Лесото, Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания, Малави т.б. елдерінің ағаш егу күндері бар. Бізге тек Наурыз мерекесінде ағаш егуді кең ауқымда насихаттап, мереке аясында ұрпағымызға ағаш егу мәдениетін сіңіру қажет-ақ. Жылда кентте және ауылдық округтерде көшеттер отырғызылып жатыр. Бірақ, оны уақытылы суару, күтіп ұстау жағы кемшін болуда. Көшет егуге қоршаланған жерлер арам шөп басып жатыр. Ал, есепте ол жерлерде «пәленбай ағаш өсіп тұр» деп көрсетіледі..
Бау-бақша қамына кірісіп кеткен болсаңыздар, ісіңіз жемісті болсын дейміз! Әйтсе де, агроном мамандар айтқан кеңестерге құлақ түргендеріңіз артық болмас. Себебі қанша жерден көктем шықты, жер жылыды дегеніңізбен, кейбір өсімдіктерді үсік «ұрып» кетуі мүмкін. Сондықтан, тәжірибелі мамандардың айтарына ден қоялық…
Ағаштарды отырғызбас бұрын алдын-ала топырақты дайындап алу керек. Негізінен Оңтүстік топырағының құнарлылығы төмен. Көбіне саз топырақты болып келеді. Құрамында нәрлі заттар аз, сондықтан нашар дренаждық қасиетке ие. Жаңа отырғызылатын жеміс ағаштарын екпес алдын, жерасты суының деңгейіне жақынырақ болуын қамтамасыз ету керек. Жерасты суларының деңгейі көбінесе жер бетіне жақын орналасады. Оның биіктігін анықтау үшін тереңдігі 1-1,5 м болатын шұңқыр қазып, оны 2-3 күнге қалдыру керек. Содан кейін жерасты суларының орналасу тереңдігі белгілі болады.
Егер сіз ағаш отырғызбақ болсаңыз, ең алдымен жақсы дренаж жасап ашу керек. Егер ағашты суарғаннан кейін су төменге қарай ағып кетпесе, теректің тамырының айналасына жиналатын болса, онда тамырлары шіріп, өсімдік өліп қалады. Егетін жерге су құйып, судың қалай аққанын бақылаңыздар. Су ағып кеткеннен кейін жерді қазып, қарауға болады. Егер су нашар ағатын болса, жоғарғы қабаттарға тұрып қалады да, топырақ сазға айналып, суды өткізбейді. Демек, топырақтың физикалық қасиеттерін өзгерту немесе оны алмастыру керек.
Тұзды жерасты сулары жақын орналасқан жерлер қайта сазданып қалмас үшін дренаждық қабат төсеуге болады. Ол түтіктер арқылы топырақтағы тұзды көтермей ұстап тұрады. Ол үшін қиыршық тастар, ұсақ тастар, ірі қиыршақ тастар, керамзит, уатылған кірпіш пен басқа да ірі түйіршікті материалдарды пайдалануға болады. Толтырғыштағы саңылаулар топырақпен бітеліп қалмас үшін дренажды қабатты топырақтан органикалық емес материалмен бөлу керек. Әдетте дренажды қабат шашақты тамыр жүйесі бар өсімдіктің (алма ағашының) түбіне төселеді. Ал өзекті тамыр жүйесі бар өсімдікті (алмұрт, шие) құрамында тұзы аз және тұзды жерасты сулары төмен деңгейде орналасқан учаскелерге отырғызған жөн. Әйтпесе, шыбық талдар өскеннен кейін тамырлары топырақтың төменгі тұзды қабаттарына немесе тұзды жерасты суларына жеткен кезде, ағаш кеуіп, оны үнемі қиып отыру керек болады. Сондай-ақ, жерасты сулары жоғары орналасқан жерлерде көшет отырғызылатын орындарды үйме топырақтармен көтеріп, үйме топырақтан егетін шұңқырлар жасаған жөн.
Топырақты ауыстыру немесе бар топырақты пайдалану кезінде өсімдіктің бой алып кетуіне жағдай жасау үшін мынадай әдістерді қолдануға болады. Тереңдігі 80-100 см болатын отырғызылатын шұңқыр қазылады. Оның түбіне жоғарыда көрсетілгендей дренажды қабат төселеді. Дренажды қабаттың қалыңдығы 8-10 см болуы мүмкін. Содан кейін шұңқырға 3:1 есебімен көң араластырылған топырақ себеді. Қоспа үшін шіріп біткен көңді пайдаланған маңызды. Әдетте мұндай ұнтақталған көңнің иісі болмайды. Егер көң ескі болмаса, оны топырақпен араластырып, бірнеше ай қойған дұрыс. Топырақтың дренаждық қасиетін жақсарту үшін азғана ірі түйіршікті құм немесе құрамында тұзы аз «ПГС» топырағын (арнайы тыңайтқыш) қосуға болады. Отырғызатын шұңқырға топырақты сепкеннен кейін, оны суға толтыра алу үшін отырғызылатын шұңқыр көлеміндей қуыс жасалады. Жасалған қуыстарды кем дегенде 30-45 күн суару керек. Топырақты дайындау мерзімі неғұрлым ұзақ болған сайын, оның қасиеті де соғұрлым жақсарады. Суаруды күн сайын емес, отырғызатын қуыстағы топырақтың кебуіне қарай суарады. Осылайша, уақыт өте келе топырақтың қасиеті өзгереді.
Отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Осындай өсімдіктердің жерсіну ықтималдығы көп жылғы өсімдікке қарағанда анағұрлым жоғары болады.
Өсімдікті отырғызу – істің жартысы ғана. Енді оған күтім жасау керек. Суаруға қолайлы болу үшін суару қуысын (ағаш діңінің айналасына) жасау керек. Суару ағаш діңінің айналасындағы топырақтың кебуіне қарай жүзеге асырылады. Суару жиілігі мен мөлшері ауа-райына байланысты анықталады. Ағаш отырғызылғаннан кейінгі алғашқы жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдаланған дұрыс. Ал минералдарды келер жылдары қосуға болады. Суарудан басқа өсімдікті байлау (тамыр жүйесін нығайту және желді күні қорғау үшін), жабындау (ағаш діңінің айналасында ылғалды ұстап тұру, тамыр жүйесі үшін көлеңке жасау, жазда шыжыған күн сәулесінен қорғану және суық кезде тамырларды жылыту үшін және т.б.), пішінін ретке келтіру үшін бұтақтарын кесу және тіршілік ету әрекетін жақсарту, жапырақтарын сирексіту, ағаштың басын және діңін зиянкестерден қорғау үшін түрлі препараттармен өңдеу, қыста тамыр жүйесі мен діңдерін аяздан қорғау керек.
Дайындаған Е.Райымбек.