№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Көрші ақысы


Әлемдегі дамыған елдермен терезесін тең етуге барын салып, ұмтылған халқымыз өзінің ұлттық құндылықтарынан қол үзе бастағаны өкінішті.Басқа халықта кездесе бермейтін қазақтың өзіне тән дархандығы, қонақжайлығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет кішіпейілділік қасиеттері заман ағымымен жадымыздан көшіп, санамыздан өшіп кетпесе екен деген мазасыз ойдың ұшқыны да кейде қылаң беріп өтеді...
Бүгінгі күндері кенеуі кетіп, көрікті көрінісінен айрыла бастаған көршілердің қарым-қатынасын алайық.
Ағайыннан да, туысыңнан да артық болып саналатын көрші хақысын білеміз бе? Оны қалай орындап жүрміз?
Шариғат талабына келсек, айналаңдағы қырық үйге дейін көрші есептеледі деген. «Көршісі аш екенін біле тұра жағдайын білместен өзі тоқ ұйықтаған адам бізден емес» деп мұсылманшылықта көршіге қарасуды, жағдайынан хабардар болуды міндеттейді.
«Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе жанына қоңсы қондырмас» дегендей, көрші отырған ағайынмен арада бітпес дау қабыздатып, сынықтан сылтау тауып отыратын кінәмшілдік те қарадай кісіні қажытатынын көріп жүрміз. Мұның аржағында көреалмаушылық, іштарлық деген пиғылдың бұғып жататыны түсінікті.
«Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деген қағиданы қазық ететін халықпыз. Тіпті осы көрші мәселесінде жолы болмаған жанның лажсыздан қоныс аударып кетуге мәжбүр болатын жағдайларды да көріп жүрміз.
Кешегі келмеске кеткен қоғамдық жүйемен бірге көршілік ізгі қарым-қатынас деп аталатын құндылықтың да артта қалғанын мойындауға тура келеді. Теңгермешілдік саясатын ұстанған кеңестік кезеңде бұқараның жалпы тыныс-тіршілігі, әлеуметтік хал- ахуалы бір-бірімен деңгейлес болғаны рас. Адамдардың бір-біріне мұқтаждығы да басым еді. Көршің – базарың дегенде барыс-келіс жағы да басым болатын. Дүкендер қазіргідей көп емес, не болса сол қат, көршіңе сіріңке , сабын, тұз, дегенге дейін сұрап барысып-келісіп, бар кезінде қайтарып жату айып емес, қайта ерекше бір жақындықты білдіріп, жайма-шуақ көңіл-күйге жарастырып тұратын. Үй аулалары арасында есік жоқ, ары-бері емін-еркін өтіп, кез-келген уақытта бір-бірін шайға шақырысып, қонағын да бірге күтіп, бірге қарсы алатын көрші татулығы берік болатын.
Қазірде ол үйлердің барлығы биік бекініспен қоршалып, себепсіз бір-бірінің үйіне бас сұқпайтын көршілер кейде балалары шекісіп қалса, арасына түсіп, дау-жанжал тудырып, бір-бірін сотқа сүйреуден тайынбайтын болды. Бір-бірінің кешірімін қабыл алмай, ақырында сотқа шығынданып, айып төлеп жайына кететін ағайынның кішіреюді қорлық санап, кек тұтып , бір-бірін кешіре білмегенде тапқан нәтижесі – жығылған көңіл ғана. Басқа ешнәрсе емес. Барлық нәрсені түзеуге, бұзылғанды жөндеуге болады, тек қалған көңілді қайта орнына келтіру қиын. Бірақ көбіміз мұны ескере бермейміз.
Кейде жұмысбастылықтан қол тимей, көршіңнен қол үзіп бара жатқаныңа қапаланып, уақыт бөліп, қой, үй арасында үй жоқ көршінің барып хал-жағдайын білейін, көршілік міндетімді өтейін деп ауласына енсең отыр деп орындық ұсынуды білмейтін, тар уақытта қолбайлау болып не жұмыспен келді екен деп қабағын бермей салқын қарсы алатын қоңсыңның шағырағына қайтып аяқ басқың келмей қалатыны рас. Қазақы қалпымыздан, ұлттық табиғатымыздан ажырап бара жатқанымыздың бұл да бір нышаны.
Осы жерде мына төмендегі тәмсілді келтірейік:
Пайғамбарымыздың бір пасық мінезді көршісі болады. Ол күнде үйінен шыққан қоқырсықтың қалдығын Пайғамбарымыздың (с.а.у) есігінің алдына әкеліп төгіп кетіп жүреді. Пайғамбарымыз болса ешнәрсе деместен оны аулағырақ апарып тазалап қояды екен. Осы жағдай үш-төрт рет қайталанады. Төртінші күні қараса әлгі қоқыс тасталмаған. Көршісінің үй жағына қайта-қайта қарап, солай қарай аяңдайды. «Сырқаттанып қалған жоқ па, бұлар неге жым-жырт» деп жағдайды көзбен көріп, білмек үшін келе жатқан Пайғамбарымыздың төбесін байқаған көршісінің жүрегі жібіп, қылығынан ұялып, алдынан шығады. Қолын қусырып кешірім сұрайды. Біздің бойымыздан осындай мәрттік , кеңпейілділік табыла ма? Көршімізді апталап, кейде айлап көрмесек те есігін ашып, армысың деуге уақыт таппайтын халге жетендейміз.
Дегенмен де қай қайсымыз да көрші ақысы дегенді біле жүруіміздің зияны жоқ. Сонымен , қысқаша тоқталсақ ол төмендегідей:
Көрші, жалпы мұсылман баласы бір біріне зияны тиетін әдеттен сақ болуы керек.
Өзі отырған баспанасын сататын не қоныс аударатын болса алдымен көршісінен хабардар етіп, ақылдасуы керек.
Жапсарлас отырған көршісіне сарайының, немесе қорасының қабырғасын пайдалануға, беруге қарсы болмағаны жөн.
Үйіне көңіл қызығатындай азық-түлік, жеміс - жидек әкелсе көршіге «көз ақысын» беруге, жақсы тамақ дайындалып оның иісі аңқып тұрса ауыз тигізгені абзал.
Отбасында қандай бір шара, жиын болғанда алдымен көршісін шақырып, қызықшылығына ортақтасқан жөн. «Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көрші артық» дегендей жасқа жас қосылып, басқа бас қосылып қуансақ көрімдігін қойнына тығып, алдымен жететін, ауырсақ елден бұрын біліп, қасымыздан табылатын көршімізбен тату болайық.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.
18 қыркүйек 2018 ж. 1 142 0