№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » НАМЫСТЫ НҰРҒИСА

НАМЫСТЫ НҰРҒИСА

   Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Жаңақорғанда ұлттық ат спорты түрлерінен дүбірлі доданың жалауы желбіреген еді. Бүгін көкпардан үздік құрама анықталса, оған дейін аударыспақтан құрыш білектілер анықталды. Сонымен жүрегі түкті, жігері жалын тақымды жастар арасында кімдер ерекшеленді?

  Атқа қонған жас балуандардың тартысын тамашалауға келген көрермендердің қарасы көп. Алайда, 60 келіде сынға түскен Нұрғиса Өтеген ғана қола медальмен қуантты.
  Бес салмақта белдескен балуандар Азия чемпионатына берілер жолдаманы сарапқа салды. Алдымен, 50 келідегі балуандар жарыс жолына шықты. Бұл салмақта қарағандылық Аманжол Нұрланұлының бағы жанды. Ал, 60 келіде Түркістан облысынан келген Ермек Құралбайға тең келер қарсылас табылмады. 70 келіде Батыс Қазақстаннан келген Нармағанбек Иманғазиұлы қарсыластарын қоғадай жапырып, алтыннан алқа тағынса, тағы түркістандық балуан Ғабит Ағабек 80 келіде жеңімпаз атанды. Ал, 80 келіден жоғары салмақта ақтөбелік жігіт Азия чемпионатына баратын болды. Командалық сында түркістандықтар мықтырақ болды.
  – Шыны керек, чемпионат туған жерде өткендіктен жауапкершілігін сезіндім. Азия чемпионатына іріктегендіктен барымды салуым керек болды. Бірақ бәсі биік жарысқа алғаш рет қатысатындықтан бойымда қобалжу болды. Ақтөбеден келген қарсыласымның шеберлігі мықты екен. Соған жол бердім. Әйтпегенде алтын қолда тұр еді, – деп өкінішін жеткізді жас балуан Нұрғиса.
  Аударыспақ алаңында жер-жерден «тарт», «бас балуан», «алып ұр» деген көрермендердің қолдаулары спортшыларды шабыттандырып, намысын қамшылай түсті. 60 келіде Нұрғисаның алғашқы қарсыласы Павлодар балуаны болды. Төрт минуттық белдесуде екі ұпайға жеңіліп жатқан Нұрғиса соңғы секундтарда қарсыласын ат үстінен құлатып, жеңісті жұлып алды. Одан кейін қарағандылық мықтыны да қапы қалдырды.
  Ереже бойынша шеңбер ішінде балуандар төрт минут бойы тартысады. Егер ұпай ала алмаса екі балуан белден ұстасып, мықтыны анықтайды (кім жіберіп немесе тұлпарынан түссе онда ол ұтылғаны). Білектен ұстап қарсыласын аттан аунатып түсіру, қарсыласын өзіне қарай жұлқа тарту, төбесінен бұлтша төніп, атынан итеріп құлату аударыспақтың әдемі әдістері. Біз кешегі чемпионатта жастардан осындай айла-тәсілді көрдік.
  Жалпы, аударыспақ – шапшаңдыққа, төзімділікке үйретеді. Бастысы айланы талап етеді. Білек күші тең қарсыластар күш сынасқанда тек қара күшпен жеңем деу әбестік. Осы тұста кім шапшаң ойлап әдісті жақсы меңгерген болса соның алшысы оңынан түседі. Әрі, аударыспақ ат үстіндегі күрес болғандықтан, тепе-теңдікті сақтамасаң жеңілесің.
Иә, ауыл баласы ес білгелі жылқының үстінде өседі емес пе? Біздің кейіпкер де кішкентайынан ат жетектеген шабандоз. Өзгентте туып-өскен ол алғашқыда ауыл арасында көкпар тартып, кейіннен аударыспаққа бет бұрыпты. Ат құлағында ойнайтын оған бапкерлер сенім артып, тұңғыш рет додаға қосты.
  – Өзім волейболмен айналысқанмын, әлі де жаттығып тұрамын. Десе де, ат спорты ойындары жаныма өте жақын. Бұл ел біріншілігі мен үшін алар асуымның баспалдағы деп қабылдадым. Бұйыртса, келер жылы қоланы алтынға айырбастау үшін шеберлігімді арттыруға мән беремін, – деді ол.
  – Нұрғиса келешегінен көп үміт күтеттіретін спортшы. Ол үшін осындай жарыстарға жиі шығып, тәжірибесін толықтырып отыруы тиіс. Рас, биыл әсіресе аударыспақтан жас буыннан жүлде көп күттік. Алайда, жастардың бабы мен бағы жанбады. Осы қателіктерден сабақ алып, алдағы уақытта жұмыс жасайтын боламыз, – деді аға жаттықтырушы Исламхан Боранбаев.
Айта кететіні, ауданда ат спорты түрлері өте жоғары деңгейде дамуда. Оны Сыр елінің толық құрамын жаңақорғандық жігіттердің құрайтынынан аңғару қиын емес. Диасқожа Мұзарап, Абдунасриддин Файзуллаев, Серік Әмірсейіт пен Бердібек Жорабек және т.б. шабандоздар облыстың абыройын асырып жүрген мықтылар. Енді солардың ізін жалғайтын Нұрғисанының да табысты өнері алда екеніне сенеміз.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
21 наурыз 2019 ж. 846 0