№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Машбектегі спорт мерекесі

Машбектегі спорт мерекесі

Биыл Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған турнирге 300-ге тарта спортшы жиналды. Олар шағын-футбол, волейбол және қазақ күрісінен өзара мықтыны анықтады.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында алғы сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов еңбекқорлығы мен қарапайымдылығының арқасында танылған Машбек ақсақалдың есімі ерім дейтін елі мен ұрпағы тұрғанда ұмытылмайтынын айтты.
Бірнеше жылдан бері жастардың рухын көтеріп, салауатты өмір салтын ұстануға себепкер болып және намысын жанып, жігерін оятқан бұл сайысты асыға күтетіндер көп.
Ал, ардақты ақсақалдың ұлы, аудандық мәслихаттың депутаты Әлібек Нәлібаев жастардың жігерін шыңдап, рухын асқақтатын жарыс жалғасын таба беретіндігін сөз етті.
Алдымен машбектіктер мен қонақтар қазақ күресінен өткен республикалық ашық турнирге көз тікті. Талай спортшының бабы мен бағын сынап, үлкен спортқа жолдама беретін турнирге 12 облыстан кіл мықты спортшы келіпті. Арасында Азия, Әлем чемпионатының жүлдегерлері де бар.
Сонымен, жеңіл салмақтан бастасақ. 55 келі салмақта қызылордалық Ердәулет Салыбек дара шықты. Ол жерлесі Ерасыл Зейнуллаевтың, сосын павлодарлық Ерсұлтан Аймұраттың осал тұсын тапты. Ақтық бәсекеде Дәулет Тұрғановтан басым болды.
60 келіде 20 балуан өзара мықтыны анықтады. Бұл салмақта финалдық кездесуге дейін мүдірмей жеткен қызылордалық Олжас Оразұлы мен Шымкент қаласынан келген Мейіржан Тұрарбеков арасында үздік анықталды. Жерлестерінің қолдауын сезінген Олжас қарсыласының осал жерін тауып, тұғырдың биігінен көрінді.
Алматылық Бижан Елібай 70 келіде үздік екенін дәлелдеді. Ол ақтық сында Қарағанды облысының намысын қорғаған Бауыржан Хуанғанның осал тұсын тапты.
Салмақ ауырлай түскен сайын жарыс қыза түсті. Әсіресе, 82 келідегі спортшылардың бәсекесінде қызықты да тартысты сәттер көп болды. Шешуші бәсеке қос жамбылдық Сұлтан Зарықбай мен Айболат Тынышбай арасында өтті. Бұл сында алғашқысы үздік шықты.
Жоғары салмақтарда Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұлттық құрамының балуандары озды. 90 келі салмақта Мейрбек Байжігіт, 100 келіде Жансерік Жұмабай алтыннан алқа тақты.
Жамбыл облысынан келген Сұлтан Серікбай 100+ келі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.
Ертесіне үздік түйе балуан анықталды. Оған «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев пен «Қазақстан барысының» жүлдегері Руслан Абдразақ сынды білекті спортшылар қатысты. Көпшілік осы екеуінің бірі «Түйе балуан» атанады деп топшалады. Расында, қос алып қарсыластарын қоғадай жапырып, финалға шықты.
Еламан алдымен Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұлттық құрамының балуаны Жансерік Жұмабайдың жауырынын жер иіскеті. Сосын түркістандық Нұрсұлтан Мыңғышевтің жолын кесті. Жартылай финалда Нұрым Сәлімгерейден айласын асырса, ақтық сында Русланды жеңді.

ҮЗДІК КОМАНДАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Жарыстың алғашқы күні Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған волейболдан облыстық ашық турнирінде Машбек қарсыластарынан басым түсті. Олар финалда «Бақсайыс-Қызылордадан» басым түсті. Үшінші орын Әбдіғаппар командасына бұйырды.
Ал шағын футболға 12 команда қатысты. Бірінші топта Ақтөбе, Машбек, Түгіскен, Қожакент, Алтынсарай, Шиелі, Жайылма, Сығанақ және т.б. командалар финалға шығу үшін тер төкті. Дегенмен соңғы екі команданың бағы жанып, ақтық сынға шықты. Облыстағы үздік команданың бірі – Сығанақ жайылмалық жігіттерді ұтып, үздік команда атанды. Ал, Шиеліден келген команда Машбектен басым түсті.

ТҮЙІН. Машбектегі спорт мерекесі осылай өрбіді. Жалпы, «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған турнирдің ауқымы кеңейіп, маңызы артып келеді. Біз соған куә болдық...


Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
23 қазан 2018 ж. 1 109 0