№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЕМІСІН БЕРГЕН «ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫ

ЖЕМІСІН БЕРГЕН «ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫ

«Арманда! Ұсын! Іске асыр!». Осындай тақырыпта Қызылорда қаласында жастар корпусын дамыту жобасының аймақтық форумы өткен болатын. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким мен жоба жеңімпаздары қатысқан алқалы басқосу әлеуметтік жобалар көрмесінен бастау алды. Көрмеге Жаңақорғаннан да үздік деп танылған жас кәсіп иелерінің өнімдері қойылды. Оның ішінде, бал арасы өнімі, қолөнер бұйымдары, шағын наубайхана өнімдері мен саумал көрме қонақтарының назарын өзіне аударды. Әрине, бұл біздің ауданнан барған өнімнің оннан бір бөлігі ғана. Өйткені, Сыр өңірінде «Жас проджект» жоба бойынша 244 жоба жеңімпаз деп танылса, соның 69-ы Жаңақорған ауданының жастарына тиесілі.

Жастар жылындағы алғашқы жас кәсіпкерлер форумын облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ашып:
– Аймақта өткен «Zhas project» жобасы бойынша 244 жоба таңдалды. Бұл жобалар алдағы уақытта бір мезеттік болмай, үлкен кәсіпке айналатын, ел игілігі жолында жүзеге асатын ауқымды кең жоба болады деп ойлаймын. Мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені, жастардың өз алдына кәсіп ашып, жұмыспен қамтылуына септігін тигізбек. Бұл жоба жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Біз жастарды әрдайым қолдауға дайынбыз, – деді.
Мұнан кейін мінберге көтерілген Жастар корпусын дамыту жобасы үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким Сыр жастарының жалынды жігеріне таңданысын жеткізді. Яғни, өңір жастарының кәсіп ашуға деген белсенділігін үлгі етті. Расында, ел ертеңіне көз салсақ, бүгінгі аға буынның келесі ізбасары – жастар. Сайып келгенде, жас буынның бойындағы белсенділік, жаңа бастамашылдық – өсудің, өркендеудің нақты көрінісі.
Осы тұста, алқалы форумда облыс бойынша ең көп жоба жеңіп алған аудан ретінде Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевке сөз берілді.
– Өздеріңізге бегілі, өткен жылдың тамыз айында бастау алған «Жас проджект» жобасы жалынды жастарға жігер берді. Аудандар арасында ең көп жоба жеңіп алу үшін 26 кент, ауылдық округты аралап, насихат жұмысын кеңінен жүргіздік. Шалғай жатқан елді мекенге дейін барып, жастармен жүздестік. Алматы қаласынан арнайы ІТ университетттің білікті мамандарын шақырып, тың идеяларды талқыладық. Сараптадық. Содан кейін ғана 160 жобаны ұсындық. Нәтижесінде 69 жоба қаржылай қолдау тауып, жеңімпаз атанды. Қайтарымсыз 69 млн. теңге, оған қоса, жобаға қатысушы 247 жас 6 ай бойы 40-60 мың теңге көлемінде шәкіртақы алды. Бұл дегеніміз – аудан жастарына 145 млн. теңге инвестиция құйылды деген сөз. Шыны керек, жастар корпусын дамытуға бағытталған жобаның келешегі кемел, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Сондай-ақ аудан әкімі форумды пайдалана отырып, Жастар жылында Жаңақорғанда атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Әкім сөзінен белгілі болғандай, наурыз айынан бастап, «Жас прожект» жобасына қатысушыларға қолдау көрсетіледі. «Үздік» деп танылған оннан астам жоба жеңімпазының жұмысын ары қарай жандандыру мақсатында шағын гранттар мен пайыссыз несиелер беруді жоспарлап отыр екен. Ондағы мақсат – жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамытып, ауыл жастарының әлеуетеін арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Сонымен қатар, аудан орталығында жоба сметалық құжаттары дайын тұрған «Жастар үйін» биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарда тұрғанын жеткізді. Осылайша, көп алдында аудан жетістіктерін тізген Ғалым Әміреев биылда жастарға қолдау шаралары жалғасын табатынын тілге тиек етті.
Иә, «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы нәтижелі жұмыс өрнегін көрсетті. Жаңашыл жоба Келінтөбе ауылы жастарының жаңадан кәсіп ашып, еңбек етуіне даңғыл жол ашты. Стартап жобасына қолдау тапқан келінтөбелік көшбасшы Айдана Қалжігітова «Саумал – рахмет үшін» жобасы аясында жұмыс жасады. Алты ай бойы еткен еңбегінің жемісін облыстық жастар форумының көрмесіне апарып, таныстырылым жасады.
– Жасыратыны жоқ, ауылда атакәсіпке адалдық танытып, мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген жастар да жоқ емес. Біздің жоба да 5 адам жұмыс жасадық. Жылқыны бағып-қағуды, қора-қопсыны тазалауды Сұлтанбек Оразбек қолына алса, Ұлдана Абдирова мен Асылзат Бабажанова бие сауады. Ал, Жазира Құрманбекова оператор. Сондай-ақ бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямайтын ментор Арайлым Исматова. Міне, осы топ мүшелері жұдырықтай жұмылып, жобаны жүргіздік. Кәсіп жасап қана қоймай, 100 деген отбасыға қайырымдылық мақсатта тегін саумал тараттық, – дейді жас көшбасшы Айдана Қалжігітова.
Қорыта айтқанда, «алмақтың да салмағы бар» демекші, әрбір құнды құжаттың соңында сұрауы бар. Мемлекет жасаған қамқорлықтың қайтарымы болуы тиіс. Бұл тұрғыда Жаңақорған ауданының жігерлі жастар командасы қолға алған кәсіптерін дамытып, ел игілігі жолында жұмыс жасайтыны айқын.

Әбдісамат ӘБДІШ.
02 ақпан 2019 ж. 1 282 0