№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛА ТӘРБИЕсі алаңдатады...

БАЛА ТӘРБИЕсі алаңдатады...

Бала – тылсым дүние. Осы тылсым дүниенің сырына неғұрлым қаныға түссек, соғұрлым тәрбиеміз де түзу болмақ. Керісінше, оның ой-пікірімен санаспай, үйреткіміз келген жайтты жөн-жосықсыз тықпаласақ, онда баланың тәрбиесі баянды болмайтыны белгілі. Ата-ананың жүрген жолымен баласы жүреді. Сондықтан әрбір басқан қадамға қырағылық қажет. Ұзақ жылдарғы бала тәрбиесіндегі тәжірбиемнен түйген ойымды оқшау ойда бөліссем.

Бірде балабақшада бүлдіршіндерге «Алтын сақа» ертегісіндегі жалмауыз кемпірді сипаттап жатқаным сол еді: «Менің анамның да тырнағы ұзын» демесі бар ма, арт жақта отқан балақай. Шыны керек, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз ойыма оралды. Тереңіне үңілсек, бала үшін тәрбиенің тал бесігі ұшқан ұясы – отбасысы екені айтпаса да түсінікті. Күнделікті көріп жүрген көрінісі перзентке таңсық емес. Төрт жасар алғыр бала тек салыстырмалы түрде айтты. Үлкендерден көргенін айтты. Баланы бұл үшін кінәлай алмаймыз. Өйткені, ілгеріде әже әлдиімен балбырап, бесік жырымен тербетіліп, ертегімен елітіп, өркен жаятын өскелең ұрпақ бұл күнде смартфоннан түр-сипаты түсініксіз мультфильмді көріп, мазасыз «Машадан» тәлім алып жүргені жасырын емес.
Енді бірде, өрендерге «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісін өрбітіп отқанмын. Кенет: «Ешкі жеті лағын қамап, орманға азық әкелуге кеткенде, қасқыр келіп есікті тоқылдатады» – десем, «Неге званогы жоқ»? – дейді, тілі былдырлаған бала. Бесіктен белі шықпаған баланың тілі шұбарланып жатқаны жаныма батты. Оған қоса, шет тіліндегі мультфильм кейіпкерлерін айна-қатесіз айтатын балғындар өзін оңаша «Супермэн» сезінеді. «Ер төстік» пен «Алпамыс батыр» жыры жайына қалды. Оның қатарында, сөйлейтін жануарлар әлемі балақайларды ә-дегеннен-ақ өзіне елітіп әкететіні айқын. Алайда мультфильм де – идеология құралы екенін ұмытпаған абзал. Әрбір ата-ана баласының қандай анимациялық өнімді тамашалайтынын жіті қадағалауы тиіс. Белгілісі – бүгінгі мультфильмнің басым бөлігіне сіңірілген идеология – атыс-шабыс, төбелес, құбыжық кейіпкерлерден тұратынын ескерсек, ендігі қолымызды кеш сермеген боламыз. Санасы уланған бүлдіршен ақ пен қараны ажырата алмай, дүбәра күйге түседі. Айтайын дегенім, қазір бәрі дайын. Телефонды түртіп қалсаң, теледидар мен компьютерді қосып қалсаң, қалаған өніміңді көресің. Әрине, бұл заман талабы шығар. Бірақ ата-ананың аялы алақаны мен мейірім көзқарасындай түсіндіретін, ұтымды ұғындыратын жан жоқ. «Қауіп қайдан болса, қатер содан» дейді дана қазақ. Үнемі құбыжық кейіпкерлердің қырқысқанын көрген бала, өсе келе қоғамға да өзіндік зиянын тигізбесі үшін ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен бастап көңіл аудару ләзім. Бір сөзбен айтқанда, бала – тамаққа тоқ, тәрбиеге аш болмауы тиіс.
Қорытынды сөзді батыр Бауыржан Момышұлының бәтуәлі сөзінен түйіндесем. «Біріншіден бесік жырын айтпайтын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» – деп, батыр бабамыз үш ауызсөзбен болашақтың ахуалын баяндап кеткен.
Қос қолдап қосыламыз. Ертеректе қырық жыл қырғын болса да қазақ ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие беруді ұмытпаған. Дұрысы ұлтжанды ұл, қылықты қыз тәрбиелеген. Ұлттық тәрбиені жоғалтсақ, өзімізді жоғалтқанымыз. Елдің тұтқасын ұстар ұрпағымыздың жүрегіне тарихи халық даналығын сіңіріп тәрбиелеуде балаларымыздың санасын сақтап қалу – біздің борыш. Ой түйіп, ортақ мәселеде ұтымды нәтиже шығару ойлы оқырманның құзырында...

Айгүл МАХУЛБАЕВА,
І-санатты тәрбиеші.


19 қаңтар 2019 ж. 938 0