№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТІЛ БІЛГЕННІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

ТІЛ БІЛГЕННІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Елбасының жыл сайынғы Жолдауында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріліп келеді. Сондай алғышарттардың негізінде «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы нәтижелі жұмыс өрнегін көрсетуде. Міне, осы жаңашыл жоба Жаңақорған жастарының жаңадан кәсіп ашып, еңбек етуіне даңғыл жол ашты. Стартап жобасына қолдау тапқан сүттіқұдықтық Сәрсенкүл Шатырхан бүгінде ауыл балаларының заманауи біліммен сусындауына жұмыс жасауда. «Болашаққа бастар жол» атты жобасы арқылы қайтарымсыз грантқа ие болған жас көшбасшының арманы асқақ.
– Ағылшын тілін меңгеру – бүгінгі күннің басты талабы. Оған қоса, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласында қабылданған бірнеше жобаға ағылшын тілінің тікелей қатысы бар. Атап айтқанда, Латын әліпбиіне көшу, «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы мен «100 жаңа оқулық» жобасы бұқараға халықаралық тілдің маңызын жеткізіп тұрғандай. Мектеп партасынан бастап, шәкірттердің шет тіліне қызығуын, білімге деген құштарлығын ояту бағытында танымдық белсенділікті арттыруда. Сондай-ақ мектептен тыс уақытта қосымша курстарға жазылу арқылы тіл үйрену енді Сүттіқұдық ауылында тұратын өрендерге де қолжетімді. Біздің жоба бойынша ағылшын тілі мен математика пәні тереңдетіліп оқытылады, – дейді жоба көшбасшысы Сәрсенкүл Шатырхан.
Ендігі кезекте шағын орталықтың тынысына тоқталсақ. Біріншіден, мұнда сыныптан тыс сабақтар жиі өткізіледі. Бұл ауызекі сөйлеуді еркін меңгерудегі тиімді тәсіл. Әрі, мектеп бағдарламасынан сөйлесу жеңілірек болады дейді жас көшбасшы.
– Негізі ағылшын тілін үйрену сіз ойлағандай қиын емес. Тек ниет пен ынта болса болғаны. Мәселен, шет тілінде сөйлей білу ең кемі 300-400 сөз жаттасаңыз жеткілікті. Бұл – ағылшын тілді адамдардың күнделікті пайдаланатын сөздік қорының 65 пайызы. Оған тіл үйрететін арнайы сайттардың қатысушыларымен күніге бейнеқоңырау арқылы сөйлессеңіз, тез меңгеруге болады. Оған қоса, ағылшын телеарналары мен радиоларын қосып, тыңдауды әдетке айналдырған абзал. Және де тіл үйренуге бел буып, бағыт алған адамдарға интернеттегі кейбір медиа-ресурстардың өзіндік пайдасы бар, – деген Сәрсенкүл өзінің жобасына шын берілген маман ретінде көрсете білді. Бұл да болса, ауыл жастарының заманауи білімді серік етіп, болашақта өз саласының озық майталман маманы болса деген ниет. Сондай-ақ жоба шартына сай қосымша білім курсына әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы, толық емес отбасыдан шыққан балалар қатысуда екен. Көшбасшы өзімен бірге Бексұлтан Шатырхан мен Есенжол Нұржанды жұмыспен қамтып, олардың ай сайын жалақы алуына жағдай жасауда.
Ал, аталмыш жоба менторы Арайлым Исматова сүттіқұдықтық жастардың ынтасы серпінді қызметіне өз бағасын берді.
– Жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы жұмыссыз жүрген жастардың кәсіп ашып, ісін өркендетуге бағытталған. Яғни, жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтып, қоғамдағы орнын табуға дем береді. Тағы бір айта кетерлігі, «Zhas Project» жобасында нәзік жандыларға көбірек басымдық берілген. Бұлда болса мемлекет қолдауының айқын ашықтық пен жариялылыққа негізделген көрінісі деп білеміз. Соның бір айғағы – Сүттіқұдық ауылындағы Сәрсенкүл Шатырхан көшбасшылық ететін «Болашаққа бастар жол» атты жоба. Бұл ауыл өрендерінің шет тілін меңгеруге бағытталған жарқын жоба, – дейді Арайлым Исматова.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
23 қазан 2018 ж. 1 010 0