Құлан қандай жануар?
Құлан – жылқыға ұқсас тұяқты жануарлар тобына жататын айрықша қорғауға алынған жануар. Құланды ел арасында жабайы жылқы деп те атайды. Дегенмен жазық далада үйір-үйірімен тіршілік ететін бұл жануардың еті адал әрі өте дәмді келеді. Сондықтан да аңшылар құланды есепсіз ату салдарынан құртып жіберуге аз қалған.
Жиырмасыншы ғасырда құланның негізгі таралған аймағы Каспий теңзінің шығысы мен Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары болған. Әсіресе Торғай даласы құландардың үйір-үйірімен жортқан қасиетті аймағы екен.
Құлан негізінен өте жүйрік жануарлар қатарына жатады. Олар тақыр жерлерде сағатына 68-72, тіпті 85 километрге дейінгі жылдамдықпен шауып өтеді. Тірі құланның салмағы 250-300 килограмды құрайды. Құландар жылқы тәрізді пысқырынады және өте сақ келеді. Көргіштігі мен иісшілдігі соншалық, құланға 1-1,5 километрден жақын жерге сездірмеу бару мүмкін емес. Тіпті ауа-райының құбылатындығын да алдын ала сезіп, боран, жел согардан бұрын сай-саланы, бұта-бұталардың арасына тасаланып үлгереді.
Бір қарағанжа құландар есекке қатты ұқсас келеді. Бастары үлкен, құлағы ұзын, кекілі жоқ, жалы тік болады. Ал ширақтығы мен дене тұрқының сымбаттылығы жылқыға ұқсас деуге болады.
Құландар жыртқыш аңдарға алдырмайды, аш қасқырдың өзі ірі құлан тұрмақ үйірдегі құлынның өзіне шабуыл жасай алмайды. Алайда құланның бір ғана жауы бар,ол – адам. Ашаршылықтан кейін Қазақстан жерінде бірде-бір құлан қалмаған. Қазақстаннан ауып кеткен құландарды қайтару жұмыстары өткен ғасырдың елуінші жылдарында ғана қолға алына бастаған. 1953-1964 жылдары Түрікменстаннан 19 құлан әкелініп, Барсакелмес қорығына жіберілген.
Бүгінде еліміздегі қорықтарда құланның саны екі жарым мыңға жеткен. Және көбісі Қызылорда облысы Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына жерсіндірілген. Дегенмен Аралдың экологиялық жағдайына байланысты мұндағы құландардың да бұрынғы күйі кеткен. Сондықтан да қазіргі таңда ҚАзақстанның әр аймақтарына құландар жеткізіліп, оларды жойылып кетуден сақтау шаралары жүзеге асырылуда.
"Қызыл кітапқа" еніп, заңдық тұрғыда қорғауға алынған кең даланың еркесі құлан жайлы айтылған өлең жолдары мен аңыз-әңгімелер ел ішінде көп таралған. Мәселен, Асанқайғы бабамыз:
"Құйрығы жоқ, жалпы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер?"
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер!?", - деп толғасы, Бұқар жыраудың
Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон,
Құлан жортпас демеңіз - деген белгілі жыр жолдары түз жануары құланның ерекше жаратылыс иесі екенін айғақтайды.
Сонымен қатар, табиғаттың таңғажайып жаратылысы - құланмен байланысты әйгілі "Ақсақ құлан-Жошы хан" күй-аңызы бар. Бұл аңыз қазақтың төл аспабы домбырамен байланысты айтылады. Аңыз бойынша ертеректе домбыра үш ішекті, көмей тесігі болмаған делінеді. Әрі қарай аңыз желісі бойынша өрбиді.
Ертеде Шыңғыс ханның ұлы Жошы бір топ нөкерлерімен аңға шығады. Жолда кезіккен құлан үйірінің соңынан өкшелей қуған Жошыны құлан шайнап өлтіреді. аңнан оралмаған ұлының бір сұмдыққа ұшырағанын сезген Шыңғыс хан: – Кімде-кім ұлымның жаманат хабарын естіртсе, құлағына қорғасын ерітіп құямын, - деп жер салады.
Ханның қаһарына қаймыққан халық әбден қиналады. Күндердің күнінде ел аралап жүрген қарт домбырашы хан ордасына келіп, домбыра үнін бебеулете бастайды. Күйді құлағы шалған Шыңғыс хан уәзірлері арқылы домбырашыны ордаға алдырады да, келген мақсатын сұрайды.
- Тақсыр, көптен көңілімде жүрген күйім бар еді, соны сізге әдейілеп сынатпаққа келіп едім, - дейді домбырашы.
- Олай болса, тарт домбыраңды! . дегенде, найман Кетбұға күңіренген азалы күйін орындаған екен. Домбыраның көмейінен:
Ақсақ құлан шошыған,
Қырда еркін жосыған.
Тынышын бұзып құланның,
Оқ атқан сіздің ұлыңыз
Опат болды осыдан, - деген жолдар сарнап қоя береді. Сөйтіп қаралы хабарды жеткізген домбыраға Шыңғыс хан арнайы тесік жасатып, қорғасын ерітіп құйдырады.
Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы елдімекеннің бірі құлан атымен аталады. Бұл елдімекен 12-13 ғасырларда өркениеттің бастауында тұрған, Ұлы Жібек Жолы бойындағы айтуды қалалардың қатарында болған.
Қазақтар ежелден "жылқы атасы - керқұлан" деп бекер айтпаған. Бұл туралы орыстың ориенталист ғалысы П.И.Рычков 1762 жылы: "Жайықтың арғы бетінде, кейде бергі бетінде жабайы жылқылардың екі түрі кездеседі, олар - тарпаңдар мен құландар (жабайы есектер)" - деп мәлімет қалдырған.
Жылқы тұқымдас жануарлардың көпшілігі жойылып, біздің заманымызға құлан, керқұлан, зебра, есек сияқты түрлері ғана жеткен. Пржевальский жылқысын көне замандағы қазақтар "керқұлан" немесе "жылқы құлан", біз қазір құлан деп жүрген жануарды "есек құлан", "жабайы есек" деп атаған. Бұлайша атау Шыңжаң, Тарбағатай, Алтай қазақтарының арасында әлі күнге дейін сақталған. Яғни ата-бабаларымыз бұл жануарлардың арғы тегі жылқы екенін білген. Сондықтан бабаларымыздың:
"Бұрқылдаған қақ көзі,
Суат болмас демеңіз.
Жер тағысы Керқұлан,
Жылқы болмас демеңіз. - деген сөзінде терең мағына бар.
Генетикалық зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, бүгінгі құлан деп аталып жүрген жануарды жылқымен шағылыстырғанда, өзінен кейін тұқым бермейтін ұрпақ алынған. Сондай-ақ аталған зерттеулер бұл құландардың жылқы тұқымдарының қалыптасып жетілуіне ешқандай әсер ете алмайтынын дәлелдеген.
Бүгінде осы құлан тұқымдас понилар көпшілік демалатын орындарда - зоопарктер мен саябақтарда жиі кездеседі. Біз кездері жойылуға айналған жануарларды еліміз егемендік алғаннан кейін көбейту шаралары көптеп іске асырылып жатыр. Сахараның сәні болған құландарды тарихи отанына оралту ойдағыдай жүзеге аса берсін.