№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қалыңдығың қайда, қайным ау!

Қалыңдығың қайда, қайным ау!


Қоғамда қайшы көрініс көп. Мүмкін аңғармаймыз, мүмкін аттап кетеміз. Әйтеуір, бас-басымызбен болып, айналаға салиқалы зер салуды ұмыт қалдырып жүрміз. «Оң жақта отырып қалды» деген қыз балаға тән құбылыс бүгінде ер адамға да ойысып бара жатқан секілді. «Үйленбеген жігіт» деген сөз ілудешаң беріп жүр. Отыз бен қырықты былай қойғанда, алпысты алқымдаған бойдақтар арамызда бар. Түрлі факторға жүгінгенмен, түбірін таппаймыз. Бәлкім белсіздік шығар, әлде берекесіздік пе, оны дөп басып айтуға төрелік ете алмаймыз. Бір анығы, әрбір тағдырдың астарында бір құпия жатыр. Біз солардың бірнешеуін тарқатып көрдік...
БОЙДАҚ ҒҰМЫР
Телефонның ащы даусы безектеп, Жәмилә апаны шырт ұйқысынан  оятып жіберді. Ол көзін ашып үлгерместен телефон құлағына жабысып, бей уақыттағы қоңырауға түсінбей тұр. Әлеу дегенше болған жоқ,  арғы жақтан  өктем дауысшықты.
– Бұл Жәмилә ма?
– Иә, иә.
– Мен жайсыз жағдайды жеткізгелі тұр едім, айып етпеңіз...
– Арманға не болды, сен кімсің?
Телефонның даусы үздігіп үзілді. Тыңқ-тыңқ...
Сол Арман кішкентайынан алғыр, сыныптастарының алды болып жүретін. Ойын баласы асыр салып кеп үйге:  «Апатай, білесің бе, бүгін неше бестік алып келгенімді» деп кіргенде үй іші нұрланып кеткендей болушы еді. Көрші Ұрқия келін баласына  «Әлгі Жәмиләнің баласы Арманнан бір жерің кем бе?» деп жер-жебіріне жетіп ұрсып, таяқтың астына алып жатқанын талай көрген. Баласының сөмкесін ақтарса кітап орнына қыздардың сезім хаттары төгіліп, бейне бір жігіт болып қалғанын ұқтырғандай еді. Үшбұрышталған хаттың көбі былай басталушы еді: «Сәлем хат, Сәлеметсің бе, Арман? Қал-жағдайың, сабағың жақсы ма? Ал, өзіме келсем, күндіз-түні ойлайтын бір жан бар. Соны көрсем, жүрегім алқымымнан шығардай дүрсілдей жөнеледі. Соның бейнесі, жүріс-тұрысы, сөйлегені, күлгені, тіптен ашуланғаны да, бәрінен ерекшеленіптұрады. Сол бейтаныс — өзің екенін біліп жүргейсің... Сәлеммен Ақбота.»
Иә, қыздың жолы жіңішке емес пе, ашылып айта алмағанын қағаз бетіне осылай төгіп, ішіндегі құпиясын ақтарған ғой, қайтсін енді. Сөзге сараң, тілге шорқақ, ұяң қыздар үш сөздің басын құрап, сөмкесіне жасырын салып жіберетін. Сондайда бетін шымшып «Құдай-ау, мына дүние не болып бара жатыр. О заманда бұ заман қыз жігітке сөз айтып...» дейтін кейуана. 
Ол да бір өткен шақтың елесі екен, мектеп те бітті, кешегі оқушы таңдаған жолына түсті.
Мектепті үздік бітіріп, арман қуып Алматыға келді. Емтихандарды ойдағыдай тапсырып, студент атанды. Студенттік шақ,  балалықпен қоштасып, жастықтың естен кетпес сәттеріне бойлап кетті. Мұның тобында  бой десе бойы, ой десе ойы келіскен, тіпті шашын желкесінен қиса да, өзіне жараса қалған, Сандуғаш есімді қылықты қыз оқитын. Орта бойлы, қасы қияқтай, жәудір көз қыздың ашаң жүзі кімді болсын еліктірмей қоймайтын. Сол Сандуғашты талай би кештерінде ортаға шақырып, бойын билеген асау сезімін бір жеткізе алмай жүретін. Сандуғаштың жымия күлгені, қиыла қарағаны, жатса тұрса есінен кетпей арманға жетелейтін. Асқақ ой сағым болып ұшып, айдынға келіп қонатын.
Сандуғаш үшінші курсқа көшкен қыркүйекте сабаққа келмеді. «Ә, есейгендігін білдіріп, кештеу келейін деген шығар, әлде ата-анасын қимай жатқан болар» деп өзін жұбатып жүрді. Бірақ ол сол кеткеннен оралмады. Қоңырқай күздің сағыныш жапырағы секілді жүректе әлдебір күдік ұялап алды. Кейін естігеніндей, жазғы демалыста жүргенде ауылдасы алып қашып, тұрмыс құрған екен. Сол тосын «жаңалық» тұла бойын мұздатып, жансыздандырып жібергендей әрі-сәрі халге жеткізді. Тағдыр бір қызды сүюге мүмкіндік берсе, екінші мәрте ол қайталанбауы тиіс. Арманның байламы осы болатын. Бәлкім, сол байламы болар, оның қыз атаулыға деген сенімі мен сезімі жойылды. Лаулаған от жүрегі бықсыған көңнің кейпіне түсті. Саяқ кетуді шығарды, ешкімнің көзіне түспеуді қалады.
...Содан бері де аттай жиырма жыл зулап өтіп кетіпті. Бүгінде Арман Алматыдағы ҚазГУ-ді экономика мамандығы бойынша бітіріп, тәп-тәуір қызметтерді атқарып жүр.  Бір басына берген бақ жеткілікті. Алайда әлі бойдақ.  Үйленіп, үй болайын деген үміті өшкен. Білетіндер, оның сезімі баяғы Сандуғашпен кеткен дейді. Бәлкім, солай шығар, ол Арман үшін ғана аян.
Бостандық
Ғабиттың ойламаған жерден жолы болды, ауылшаруашылығы колледжінің студенті атанды.   Оқып жүріп әскер қатарына шақырылып, қызығы мол студенттік шақтан жырақтап кете барды. Әскер өмірі жігітті жеті жағынан шыңдап, жігерлі болуға жетеледі. Ауылдағыдай алаңсыз жүру жоқ, бәрі де тәртіпке бағынады, уақытпен санасады.  Командирдің бұйрығы - заң. Оны орындау сарбазға міндет.Әсіресе түнгі кезекшілікте тұрудың азабы мен жауапкершілігін айтсаңшы. Тәтті ұйқыдан қалып, нысанды күзету сарбаздың серті мен сергектігін сынайды. Ғабит үшін осындай аманатты арқалауда азаматтық борышы артық еді.
Кезекшілікпен бірде аспаздың ыдыс жууына көмектессең, бірде казарманың сала-құлаш дәлізін жуғызып қояды. Сондайда үйдегі анаңның, қарындасың мен әпкелеріңнің қадірін түсініп, оларға деген бауырлық сезімің арта түсетіндей. Өмірге перзент әкеліп, күндіз мемлекеттің, кешкісін үйдің күйбең тірлігінен бас алмай, түн ұйқысын төрт бөлетін қайран аналардың қайратына құлдық ұрасың...
Әскерде де барлығы бірдей емес, әр үйдің еркесі жиналады. Мысалы, қысық көз, жылтың Әсет әркімді шағылыстырып, өзіне ұпай жинағанды тәуір көреді. Әңгімесінің пәтуасы жоғын біліп тұрып, сөзіне қалай сеніп қалғаныңды білмей қаласың. Сондай бір шақта ерегісіп қалған жігіттер шарт-пұрт төбелеске көшіп, бір жігіттің жағы сынып кеткені бар. Тергеуге алып, сұрақты жаудырып жатқанда, Ғабит бар кінәні өз мойнына алып кете барды. Мақсаты барлығы емес, өзі ғана жатып, жанындағылардың ауылға аман есен қайтқанын тіледі. Екінің бірінің қолынан келмейтін көзсіз ерлікке барды...
Тас түнек төрт қабырғаның ішінде жатқанда көп жайға көз жеткізді. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрді. Мұндай өмірі құрысын,арайлана атқан таң мен нұрлана батқан күнді көрмеген соң, өмір өмір ме? Екі жылы жиырма жылға татып, бостандықтың ақ таңы күлімдеп атқанын қалай ұмытсын...
Ауылға келген соң да көпке дейін жұртқа қарағысы келмей, үйде жатып кітап ақтаратын. Бұрынғы оқыған кітаптары бұл жолы басқа кітаптай парақталып жатты. Жан досы Жанқабыл келіп көңілін аулауға тырысатын. Кешке бірауық серуендеп оны-мұны айтып содан, үйленіп бір басың екеу болса, ата-анаңның да ақ тілегі қабыл болар едіге апарды.
Достыққа адал болғанымен, маңдайға жағылған қара күйе оның өмірлік жар тауып, ендігі өмірінде бақытты болуына кедергі болатындай... Жанын түсінетін, қиындыққа қайыспайтын, ары да, жаны да таза қыз кездеседі ме, ол жағы өзіне беймәлім.
Қатарымнан қалып қойыппын
Мектеп бітірген соң колледжді, содан кейін университет тауысамын, жұмысқа тұрамын деп жүргенде жасымның қалай жиырма беске келгенін байқамай қалыппын. Кейін бір қызға ғашық болып, арамызда сезім ұшқыны болып, сөз байласқан едік. Бірде ол қызды алып қашып кетті, артынан бардым. Бірақ ол сол аттаған босағасында қалатынын айтты. Сол заматта өмір біткендей көрінген.
Қазір бір емес бірнеше қызметте істеп, астыма көлік мініп, үй салу қамына да кірісіп кеттім. Табысым жақсы, келбетім де ешкімнен кем емес. Бірақ талғамым да өзгерген сияқты. Жұмысы бар, жағдайы дұрыс, тәрбиелі, инабатты, сұлу да жас қыз алғым келеді, – дейді атын жасыруды сұраған танысым.
Бір кездері махаббат деген оттың жалынына күйіп, енді сол отқа жақындауға беті қайтып қалған орда бұзар отыздағы жігіттің әңгімесі осындай.
Жігерсіздік
Ержанның қызметі, пәтері, қаржысы, көлігі бар. Тек әйелі жоқ. Тай құлындай тебісіп бірге өскен досы Мұрат болса үйленуге қолқа салып жүргелі қашшан. Бірде Мұрат:
– Еркежан есімді институт бітірген қызды жұмысқа алған едім. Көрікті, мінезі де жақсы, ісіне де пысық екен. Қаласаң алып қашайық, тек келісіміңді бер, – деді.
– Ойланып көрейін.
– Ереке, ойланатын несі бар? Сен қазір қыз таңдайтын жастан кеттің. Еркежан саған жақсы жар, анаңа дұрыс келін болатынына көзім жетеді, – деді бүгінде отыздың төртеуіне келген досы.
    Арада бірнеше ай өтті... Еркежан қызмет бабымен Астанаға ауысатын болды. Мұрат Ержанға қайта келіп: – Сен құсыңнан айырылғалы тұрсың. Поезға билет алып қойыпты. Жүр сөйлесіп, сосын алып қашайық,-деді. Досы үн-түнсіз қалды.
– Ынжық екенсің. Бір қызға үйленіп, жанұя құрып, бала-шаға асырау жауапкершілігінен қашасың ба? Әлде жігерсіз, намыссыз бос кеудесің бе? – деп Мұрат досына ренжіп кетті.
...Жылдар жылжи берді. Уақыт керуен ешкімге бағынбайды екен. Көпқабатты үйлерді аралап кетіп бара жатып аулада асыр салып ойнаған балаларға телміре қарап отырған Ержан досына көзі түсті. Қырықтың жетеуіне келген досына енді кім қарасын...
Түйін. Атам қазақ «Он үште отау иесі» деп, үйдегі бозбаланың ертерек үлкен өмірге қадам басып үйлі-жайлы болғанын қалаған. Жеңгелері сұрау салып, жақсы жердің қызына айттырып, жеңгетайлық қызметін орындайтын. Ал, бүгіннің бейнесі бас ауыртып тұр. Дүние шіркін біреуге қолбайлау болса, енді біреуді босбелбеулікке алып келіп жатыр. Қалай десек те, арыстай азаматтар түбі жоқ терең шыңырауға құламай, отбасы құндылықтарының қайнарынан нәр алып, бойда қаруы, белде қуаты барда жанұя құрып, шаңырақ шаттығына бөленуге асықса игі.
Айгерім Мұхамадиқызы.
01 қазан 2018 ж. 1 126 0