№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ХАЛЫҚ ӨСІМІ: ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫҢ КӨРІНІСІ

ХАЛЫҚ ӨСІМІ: ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫҢ КӨРІНІСІ


«Биыл денсаулық сақтау саласында адам өлімінің көрсеткіші 1,5 пайызға азайды, әсіресе, сәби өлімінің саны былтырғымен салыстырғанда 14,3 пайызға төмендегені қуантады». Бұл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың облыстық мәслихатының кезекті ХХІ сессиясында айтқаны. Осы тұста, Жаңақорған ауданында табиғи өсім қандай? Осыған жауап іздедік.
Бүгінде Жаңақорған ауданында 84 200 адам өмір сүруде. Мұны статистика басқармасының басшысы Болат Құтыбаев ауданның әлеуметтік жағдайының жақсаруымен байланыстырады. Аудан орталығында құрылған «Саяжай», «МАИ» бекеті, «Ипподром» аймағындағы тұрғын үй құрылысы мен ауылдарда жаңадан бой көтерген шаңырақтар соның көрінісі. Соңғы жылдарда тіркелген туу көрсеткіші мен өлім-жітім туралы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Абдуллаевадан сұрадық.
– Белгілі бір уақыт аралығында туылғандар мен қайтыс болғандардың саны арасындағы айырманың абсолюттік шамасы. Егер туылғандардың саны қайтыс болғандардың санынан асатын болса, халықтың табиғи өсімі оң өсім болмақ. Өлім-жітім өте көп болғанда немесе туу деңгейі өте төмен болғанда өлім-жітім саны туу санынан көп болып, халықтың табиғи өсімі теріс өсімге айналады Сондықтан, екі көрсеткішті бақылап, ай сайын белгілі пайызбен көрсетіп отырамыз, – деді ол.
Ауданда 2015 жылы 1996 бала туылса, 384 адам қайтыс болған. Ал, 2016 жылы 2006 бала туылып, 364-і бақилыққа аттанған. 2017 жылы 1706 бала дүниеге келіп, 396 адам өмірден озған. Сондай-ақ, 2018 жылдың алғашқы жартысында 647 бала туылып, 154 адам қайтыс болыпты. Міне, осы мәліметтерден-ақ, халық өсімін аңғара аламыз.
Жас отбасылардың белгілі бөлігі жұмыс сапарымен шет қалаларға кетіп, сонда ұрпақ көбейтіп жүргені мәлім. Өзге өңірде өмірге келген балалардың туу туралы куәлігінде анасының туған жері көрсетіледі. Сондықтан, оларды анықтау қиын емес. Осындай себептермен жылына 130-400-ге дейін туу туралы куәліктер табысталуда. Яғни, олар біздің ауданның есебіне кіреді.
Халық санының артуына өзге өңірден көшіп келушілердің санының артуымен байланыстыруға еш негіз жоқ. Керісінше, солтүстік аймаққа қоныс аударушылардың саны артып келеді. Оған мемлекеттік бағдармалар оң әсер етуде. Өткен жылы ауданнан 35 отбасы солтүстікке көшуге ниет білдіріпті. Десе де, туу көрсеткіші төмендеген жоқ. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көбеюі, бала күтіміндегі әйелдің қызмет орнының сақталуы, баланың бір жасқа дейінгі жөргек пұлының берілуі және тағы басқа да көмектер туу жасындағы әйелдерге қолдау беруде. Бір қызығы, тәуелсіздік алған жылдары тұрмыс құрып, ұрпақ өрбітіп, көп балалы ата-ана атанғандардың саны көп. Яғни, ауданда бес мыңға жуық «Алтын алқа» иегері болса, оның 3285-і тәуелсіздік жылдарынан кейін шаңырақ көтергендер екен.
ТҮЙІН. Халық өсімі – әлеуметтік ахуалдың жақсара түскенін меңзейді. Келесі жылы өтетін халық санағында демографиялық жағдайымыз толық айқындалмақ. Десе де, мамандар келтірген ақпараттардан табиғи өсімнің тұрақты даму үстінде екені даусыз...
Мақпал МАРҚАБАЙ.
24 шілде 2018 ж. 1 109 0