№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОЙДЫМ-ОЙДЫМ КӨШЕЛЕР ОЙЫҒЫ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕР?

ОЙДЫМ-ОЙДЫМ КӨШЕЛЕР ОЙЫҒЫ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕР?

«Кент тұрғындары ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі» дегенде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қуанып, су тасу бейнетінен құтылатына сенген еді. Кең көшелер көлденеңнен қазылып, жол қозғалысына қиындық келгенде әлеуметтік желіде оқтын-оқтын ойын жазып, билік назарын жол мәселесіне бұрды. «Қазылған көшелердің қаншасы түзелді?», «Жамау-жамау көшелердің жол қозғалысына қандай әсері бар?», «Жолды қалпына келтіру ісі қашан аяқталмақ?». Осы сұраққа жауапты мамандардың пікірін тыңдап, тұрғындармен тілдесіп едік.
Кентте су жүргізу ісі көлік қозғалысын тежеп, халықтың шамына тигеннен кейін, ел тізгінін ұстаған жандар су құбырын жүргізуші мердігер компаниядан «жолды қалпына келтіріп береміз» деген уәдесін алған еді. Міне, сол сертпен кентте не бәрі 3 көше қайта қалпына келтірілуде. Тарқатып айтар болсақ, Пахырдинов көшесінің ойығы толық тегістелсе, С.Қожанов, С.Құрманғазы көшелерінде шұңқырларға асфальт төселуде.
Әлеуметтік желіде С.Сапарбеков көшесінің тұрғындары жиі пікір жазады. Оған себеп көшенің қырық жамау күй кешуі. Кенттегі ұзын көшелердің бірі саналатын С.Сапарбеков көшесінде 120 түтін өз тіршілігін жасауда. Біз осы көшені жаяу аралап, көшенің жағдайын бақыладық. Мұнда су жүргізуден кейін көшені қақ жарған 22 жолақ шұңқырға көз сүрінеді. Әрі көше қиылыстарында жол жолақтары өшіп қалған. Сондықтан жаяу жүргіншілерге жол қатынасы қиындық туғызуда.
Жолдың азабын тартқан көлік жүргізушісі Сұлтан Рақымұлы: «Көлікке обал. Әр апта сайын жөндеуден өткіземін. Дөңгелектер мен тежегіш тез істен шығады. Осы себепті көлік жөндеу орындарында кезек көп. Бұл бейнеттен құтылып, ауыз суға жарыған күн қашан болар екен?» – деп, көлік иелерінің шығынға көп батып жатқанын сөз етті.
Тұрғындардың тілегін жеткізген көше комитетінің белсенді мүшесі Гүлжан Нұртазаева: «Жаңа  оқу жылы әні-міне дегенше басталғалы тұр. Көшенің күйі болса мынау. Шаң-топыраққа малынған балалар мектеп формасын тоздыратын болды. Қыс түссе көлік қатынау қиындай түспей ме?», – дейді.
«Жырым-жырым жол қашан жөнделеді?» деген сауал жанарында тұрған жан қыс түскенше көшелердің қалпына келетініне алаңдаулы. Себебі, көше өте тар, әрі жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Өзі тар көше су құбыры жүргеннен кейін, одан әрі тарылып, жалғыз көлік әзер сиятындай күйге түскен. Осының салдарынан қатты жылдамдықпен жүйіткіген көліктер жиі қақтығысады екен. Темірді қойшы, түзелер-ау, адам өміріне қауіп төнсе кім түзетпек? Тұрғындар үш ай үйде демалысын өткізіп жүрген балаларының алаңсыз ойнай алмайтынын айтты. Себебі, біріншіден ойын алаңқайы жоқ. Екіншіден жолға шығып, ойнап жүрген жеткіншектерге көліктен қауіп көп. Мұндайда көлік иесін де, баланы да кінәлай алмайсың. Осындай күйді бастан кешкен З.Мұсаханов, Жеңіс, Достық, Қ.Сейтпенбетов, Б.Байкенжеев, Н.Илялетдинов көшелері де жөндеу жұмысын қажет етеді.
Алаңдаған көңілге бір үміт сыйлап, жоғарыда аталған мәселеге байланысты көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап іздедік. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов: «Тұрғындардың алаңдауы заңдылық. Кенттегі 20 көше мен «Май бекеті», «Ипподром», «Саяжай» учаскілерінде су құбыры жүрзілгендіктен, жол сапасы сын көтерместей болды. Алайда, олардың орны көп ұзамай қайта қалпына келтіріледі. Көше біртіндеп қалыпқа келеді. Біз ең алдымен, кенттегі көше қатынасындағы маңызды көшелерді қалыпқа келтіруге көңіл бөлудеміз. Қысқа дейін жұмыс аяқталады деп жоспарланған, – деді.
Бөлім басшысы алдағы уақытта Т.Бигелдинов, А.Құнанбаев, С.Сапарбеков көшелерінде жырылған жол жамалып, асфальттанатынын жеткізді.
Жоба бойынша ауыз су құбырын жүгізген «Темир-Строй-Сервис и Ко» ЖШС-нің уческе басшысы Нұрсұлтан Андиров:
– Жоба бойынша Сапарбеков көшесінде 22 су құдығы қойылды. Яғни, 22 рет көшені қиып өтуге тура келді. Алдағы уақытта көше толық қалыпқа келеді, – деп сүйіншіледі.
Айтып өтуіміз керек, көшені қалыпқа келтіру жұмысы қысқа дейін біткенімен, жоспар бойынша ауыз су құбырын іске қосу 2019 жылдың желтоқсан айына дейін атқарылады. Сондықтан сабыр сақтап, әліптің артын баққан жөн секілді.
Мақпал МАРҚАБАЙ.
16 тамыз 2018 ж. 1 134 0