№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ: ЕҢБЕК ӨТІЛІ 500 ЖЫЛ

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ: ЕҢБЕК ӨТІЛІ 500 ЖЫЛ

Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Рзаевтар әулеті жайылмалықтарға жақсы таныс. Себебі бұл отбасының барлық мүшесі ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек етуде. Бір ерекшелігі, олардың бәрі де қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін адал еңбекпен көтерілген. Елбасы айтқан нағыз еңбек адамын осы әулеттен табасыз. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан жайылмалық отбасы мүшелерінің жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асады.
Иә, шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан атақты «Орынбор – Ташкент» теміржол бойындағы шағын Жайылма разъезіне бүгінде пойыз тоқтамайды. Бірақ, қандай да бір себеппен пойыз тоқтайтын болса, оны қамтамасыз ететін 4 бағыттамалық бұрма, 10 бағдаршам қашан да жұмыс істеп тұр.
Осы тұста тамыздың бірінші жексенбісі теміржолшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында атакәсіпті жалғастырған ұрпақтар, яғни көпке үлгі Рзаевтардың үлкен отбасымен сөйлесудің сәті түсті. Қарашаңыраққа жан-жақтан әулеттің үлкен-кішісі, келіндері мен немерелері жиналған екен. Ә-дегеннен әулеттің үлкені Құлтас Рзаұлын сөзге тартып, тарлан тарихқа сусындап қалдық.
– Қызылорда жол бөлімшесі бойынша танымал Ырзар әулетінің ата қонысы осы Жайылма станциясы. Жері малға жайлы. Жолдың арғы бетінде суы терең, балығы мол Бозкөл жатыр. Жайылмада туып-өсіп, өмір бойы теміржол да жұмыс істеген Рза Әбілезімовтің әкесі Әбілезім 1900-1904 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолының топырақ төсемін салуға қатысады. Теміржол пайдалануға берілгеннен кейін ұзақ жыл жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Үйленеді. Балалы шағалы болады. Өзінің алты баласының үшеуі әке жолын қуып теміржолшы болады. Содан бергі уақытта Рза ұрпағының төртінші буыны теміржолда жұмыс істеп, әулет жолын жалғастырып келеді. Жасыратыны жоқ шойын жолдың бойында балалық шағымыз да өтті. Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс, – дейді әулеттің үлкені.
Ауылда тұратын бұл отбасының тірлігі теміржолмен біте қайнасып, құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін ұрпақтар бүгінде ата дәстүрін бұзбай, атакәсіптің құлағынан ұстағандарын мақтан тұтады. Әңгімеге араласқан станция бастығы, электрмеханик Оразбек Құлтасұлы да теміржолшылар әулетіндегі бабалар ізін дәріптеді.
– Атамыз Рзаның үлкен баласы Бектас теміржолда жұмыс істеп жүріп Ұлы Отан соғысына алынады. Соғыстан қайтып келіп 1969 жылы өмірінің соңына дейін Жайылма станциясында кезекші болып жұмыс істейді. Одан кейінгі әкеміз Құлтас теміржолда 45 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан адам. Кіші ұлы Битас Ташкенттегі теміржол инженерлік институтын бітіріп, еңбек жолын жол бригадирі болып бастайды. Қызмет бабының барлық сатысымен өсіп, Қандыағаш жол дистанциясының бастығына дейін көтеріледі. 1981 жылы туған жер топырағына қайтып келіп, Шалқия теміржол кешенін салуға қатысады. Төртінші ұлы «Құрметті теміржолшы» Абдулла зейнетке шыққанға дейін Шиелі жол дистанциясында еңбек еткен адам, – деді Оразбек Рзаев бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ  тілдесу барысында  Құлтас Рзаұлы Жайылма станциясы арқылы Совет Одағы дәуірлеп тұрған кезде тәулігіне 42 жұп пойыз өткізгенін айта келе, жоспарлы жол жөндеу жұмысын орындауға өте жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді.
Иә, тарих бедеріне үңілсек, Жайылма станциясында сексенінші жылдарға дейін отыз шақты тұрғын үй, шағын комплектілі бастауыш мектеп болған. Осы жерде 4 СОБ маманы, 4 станция кезекшісі, оншақты жол жөндеуші тұрған екен. Тұрғындар темір жолдағы жұмыстан басқа, мал ұстап, Бозкөлден балық аулаған. 1991 жылы Совет Одағы тарқағаннан кейін пойыз қозғалысы күрт азайып, Жайылма станциясы тәулігіне 6 жұп пойыз өткізіп жүреді.
Міне, бүгінде ата жолын қуған Рзаевтар әулетіндегі ағайынды Оразбек пен Абдолланың өнегелі жолы көпке үлгі. Екеуі де қуатты Қазақстаның темір жол саласындағы тарландары деп атасақ артық айтқандық емес.
Әуелі Абдулланың атқарған қызмет жолына тоқталсақ. Мектеп бітірген Абдулла еңбек жолын жол жөндеуші болып бастайды. Дистанция жолдамасымен оқып, 1975 жылы Алматыдағы теміржол техникумын бітіреді. Қайтып келіп, бригадир болып жұмыс істейді. Ол кезде қазіргідей жол жөндеу кешені жоқ. Жұмыс қол күшімен атқарылатын. 1980 жылы ұзындығы 24 шақырым «Жайылма-Жаңақорған» 26 разъезд аралығын қамтитын учаскенің жол шебері болып тағайындалады.Міне, осы сәттен бастап оның өмірінде қызметтегі қарбалас тіршілік басталып кетеді.
– Біздің участоктың ұзындығы 70 шақырым болатын. Ақмаядан Аққұмға дейінгі аралықты қамтитын. 1990 жылға дейін қарауымда 84 адам жұмыс істеді. Сол замандарда пойыз қарқыны көп болғандығы сонша бір пойыз сәл тұрып қалса, оның соңынан келе жатқан 10-15 пойыз тұрып қалатын. Шиеліден Аққұмға дейінгі біртарамды 90 шақырым аралықта қарама-қарсы бағытта кезекпен 10 пойыздан өткізіп отыратын едік. Осы аралықтағы 9 раъезде жүк пойыздары жолаушы пойызы өткенше тосып тұратын, – деп өткенді еске алады Абдулла Рзаев.
Иә, Абдулла 1987 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін учаске бастығы болып абыройлы қызмет атқарады. Темір жол саласындағы еселі еңбегі еленіп, «Құрметті теміржолшы», «Қозғалыс қауіпсіздігінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады.
Ал Оразбек Рзаев 1974 жылы мектеп бітіргелі теміржол саласында жұмыс істеп келеді. Алғашқыда жол жөндеуші болады. Кейіннен Отан алдындағы әскери борышын өтеп келеді. 1981 жылы Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясына монтер болып ауысады. Өндірістен қол үзбей жүріп, 1990 жылы 10 айлық электромеханик курсын тәмамдайды. Оған қоса, Қызылорда эконмика және көлік колледжінің автоматика және телемеханик мамандығын оқып алады.
Орекең бүгінде станция бастығы. Жайылма станциясы арқылы бүгінде 20 жұп пойыз өткізуді қамтамасыз етеді. Оның ішінде 6 «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыз бар. Оразбектің учаскесінің ұзындығы 7 шақырымды құрайды. Бүгінде осы раъездің жұмысын 4 маман қамтамасыз етеді. Шағын ұжым апта сайын бағыттамалық бұрма үшкілінің рамаға қысылу саңлауын тексеріп, ауытқу болып жатса, ретке келтіреді. Ай сайын шкафтардағы релелер кернеуін өлшейді, рельс тізбегі, шунттық сезімталдық, кабель, аккумулятор тексереді. Бағдаршамдардың шамын ауыстырады. Бәрін белгіленген уақытта, талапқа сай орындайды.
– Жайылма станциясындағы ЭЦ-2 электрлендірілген орталық 1972 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Әрине, ескі дүние. Қосалқы бөлшегі табылмайды. Қолдағы барды жөндеп, пайдаланып отыруға тура келеді,– дейді Оразбек Құлтасұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, Орекең 1994 жылдан бері Жайылмада станция бастығы – электромеханик болып тағайындалғалы бері өз учаскесінде бірде бір рет бракқа жол берілмепті. Десе де, заманауи технология жедел дамыған заманда біліктілікті арттыру – басты талап. Осыны ескерген Оразбек жыл басында Ақтөбе облысына  барып, 1 айлық оқыту курсын оқып келді. Әрине Орекеңнің де бүгінге дейін атқарған еселі еңбегі еленіп, дистанция бастығы мен сала басшылығының бірнеше мәртеграмотасымен марапатталған. Бұлда болса ертелі-кеш еткен жұмыстың жемісі деп білеміз.
Иә, Оразбек Құлтасұлы бүгінде мықты маман ғана емес, тәлімгер ұстаз. Оның қарауында жұмыс істеген Нұрлан Зұлқаров станция бастығы –электромеханик болып жұмыс істеп жүр. Ал өзінің қасында Құранбек Әлиев есімді теміржолшыны  баулып жүр.
Әрине, біз мақалада әке мен қос ұлының қызметін ғана тарқата жаздық. Ал, ақиқатында Рзаевтар әулетінде жас теміржолшылар буыны өсіп келеді. Ендігі кезекте солардың еңбек өтілін бағамдасақ. Әлгінде айтқан Оразбек Рзаевтың ұлы Бауыржан бүгінде дистанцияда байланыс механигі, Олжасы теміржолшы мамандығын оқып жүр. Ал Орекеңнің інілері Арыстанбек жол жөндеуші, Бақытжан белгі беру және байланыс дистанциясының аға механигі.
Оған қоса Абдулла Рзаевтың қызы Меруерт Қызылорда жол бөлімшесінде жауапты қызметте. Ал Рзаның үлкен баласы Бектастың немересі Жансая Есенжолқызы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік коммуникация Академиясында «Тасымалды ұйымдастыру» факультетін бітіріп, кейіннен 2 жыл тағы оқып логистика магистрі атанған. Қазіргі таңда ол «Атасу Групп» тасымалдау компаниясында логист болып жұмыс жасайды. Соымен қатар Битастың қызы Гүлнар Қызылорда қаласында Белкөл станциясында жауапты қызметте.
Түйіндей айтқанда, теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының  қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр. Мұның қатарында жалпы еңбек жолы өтілін есептегенде 500 жылдан асқан, ынтымағы ұйысқан  Рзаевтар әулетінің еселі еңбегі елге үлгі. Әулеттің әрбір мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәуелі шаңырақта бүгінде төртінші буын өзінің қызметін теміржол саласымен байланыстырып, ризығын теруде.
Әбдісамат ӘБДІШ.
05 тамыз 2018 ж. 1 670 0