№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Осы ретте табалдырыққа нені меңзеп тұрғанымызды түсінген боларсыздар. Аудан қонақтары алдымен табаны тиетін темір жол вокзалының маңының тазалығы қашан реттеледі екен? Ондағы тазалыққа кімдер жауапты? Әлде...
Әрине, сұрақ көп. Біз соның жауабын іздеп көрдік...
Ең алдымен вокзал маңына көз салып, шойын жол бойының тазалығын бақыладық. Бірден көзге ұрғаны, пластик ыдыстар, пакеттер, бөтелкелер, темекі тұқылы. Нәжістің де исі аңқып тұр.
Ағылып жүрген жолаушыларды сөзге тарттық. Өзін Алматылықпын деп таныстырған Болат Жанпейіс: «Жаңақорғанға жаз айлары жиі келем. Шипажайға анамды алып келіп, емделіп, күнге қыздырынып, керемет тынығамыз. Дегенмен, вокзалдың сервистік қызметі, тазалық жағдайы мәз емес. Мұнда әжетхана мен қолжуғыштың жоқтығынан-ақ, санитарлық талаптардың сақталматыны түсінесіз», – деді.
Өзге жолаушылар осы іспеттес пікірлерімен бөлісті. Одан кейін Жаңақорған темір жолы вокзалы басшысының міндетін атқарушы Руслан Штабаевқа арнайы бардық.
– Вокзал ұжымы белгіленген аумаққа күн сайын тазалық жұмысын жүргізеді. Таңнан түнге дейін вокзал аумағының тазалығын мұқият қадағалаймыз», – деді ол.
Вокзал әкімшілігінің жауапкершілігіне алдымен темір жолдың жолаушылар күту алаңы мен вокзал алды кіреді екен. Сондықтан тек өздеріне тиесілі аймақтың ғана тазалығына мән береді. Қалааралық қатынаста маңызды үш темір жолына «Қазақстан темір жолы жүк тасымалы» АҚ-ның «ГП Қызылорда бөлімшесі» филиалының Жаңақорған станциясы жауап беретіні белгілі болды.
Біз станция басшысы Жанболат Мамуовты жұмыс орнында жолықтырдық. Ол: «Станция жұмысына тазалық шаруасы кірмейді. Дегенмен, сенбілікке шығып, станция аймағын тазалаймыз. Үш жол Ірілендірілген Қызылорда жол дистанциясы 5-ші өндірістік телім кеңесіне қарайды. Қалған екі жол тазалығына «Шалқия ЦИНК ЛТД» АҚ жауапты, – деп қысқа қайырды. 
«Станцияға сенбілік жасаймыз» деген басшыға осы төңіректегі қоқыс жиналған бұрыштың ластығы төңірегінде: «Мұнда түнгі мезгілдерде әлдекімдер келіп, арақ ішетінді шығарды. Біз күнде осы жерді тазалап, жинап жүрміз», – деп бір жәйттің шетін ашты станция басшысы.
Сонда бұл аймақ құлқынын қу арақ кернеген жандардың ошағына айналған ба? Арақ ішіп, ардан безгендердің түнде жолаушылай келген жанға тап бермесіне кім кепіл? Оларды ішкі істер қызметі неге бақыламайды? Осы сауал санамызға маза бермеді. Ірілендірілген Қызылорда жол дистанциясы 5-ші өндірістік телім кеңесінің басшысы Бекболат Зареровпен телефон арқылы тілдестік.
– Біздің жұмысымызға газеттің не қатысы бар? Басқа тақырып қалмаған ба? – деп қатуланған басшы сәлден соң, тазалық жұмысын қалай атқаратындықтарын әңгімеледі.
– Біз тазалық науқанын жылына 3 рет жасаймыз. Яғни, өскен шөпті шауып, қалдық заттардан арылтамыз. Бұл өрттің алдын алу шарасы деуге болады. Күнделікті тазалауға біздің ағымдағы жұмыстар мен жұмысшы топтың қауқары жетпейді, – деді ол.
Басшының сөзіне қарағанда, мұнда 25-30 жұмысшы бар. Тоқсан шақырым аймақтың темір жолын тазалап, бұзылған жолды түзеу, келген пойызды шекарадан аман-есен өткізіп жіберу оңай шаруа емесі анық. Тазалыққа аса көңіл бөлуге жұмысшы қолы жетіспейді.
Темір жолдың оң жағалауына мән берсеңіз, тау-тау үйілген күл-қоқысты көресіз. Баланың жөргегінен бастап, тұрмыстық қалдықтар төгілген. Көзге түрпідей тиетін көрініске дәтің шыдамайды. Бұл маң кент әкімдігінің жауапкершілігіне кіретіндіктен, кенттің тазалық жұмыстарына жауапты Алма Мамировадан мән-жайды сұрадық
– Бұл мәселе көптен бері қозғалып келеді. Осы аумақтың тазалығы үшін бірнеше қоқыс жәшігін қойып көрдік. Тұрғындар жәшікке емес, оның айналасына қалдық тастап, жағдайды ушықтырды. Содан кейін, жәшікті алып тастап, қоқыс тастайтын арнайы орын белгілеп, тазалықты сақтауға шаралар қолдандық. Бірнеше рет тұрғындарға түсіндірме жұмысын жасап, ескертпе хаттар жолдадық. Десе де, еш нәтиже көрмей келеміз, – дейді қапаланған маман.
Тазалыққа жауапты мамандардың жауабы осы. Біз бір-бірімізге жауапкершілікті сілтеп жүргенде қаншама жолаушы ағайынның көңілінде айықпас дақ қалды.  Вокзал маңы ауданның айнасы. Табалдырық тазалығының тапталуы ар-намысымыздың тапталуы деп түсінсек игі.
Мақпал МАРҚАБАЙ.
21 шілде 2018 ж. 2 019 0