» » Мыңның бірі...

Мыңның бірі...


1972 жылы Келінтөбе совхозына жер аударылып барғаным айтылып та, жазылып та келеді. Арада 6-7 жыл өткенде Қожакент ауылындағы Ергеш Үсенов деген қожамен танысып, туған аға-інідей болып жүрдім. Ергеш ағамыз аса абыройлы кісі болатын. Ерекеңді білетін адам оның алдынан қия кесіп өтпейді. Жүре келе сол кісімен көңілі жақын, ауылдас Әуезхан Сәдірбайұлы деген жас жігітпен де жақсы таныс болдым.

Шетте жалғыз жүрген ешбір сүйеніші жоқ адамға кім жылы қабақ танытса, сол туыстай, тіпті әкең табыстап кеткендей көрінеді екен. Қожакент ауылына келгенімді естісе болды, Әуезхан үйіне ертіп барады. Келіншегі Күләш бір жарала салған адам. Қашан көрсең байлық-кедейлік ойында жоқ, күліп тұрғаны. Қабағына ризасың. Қолдарында кішкене балаларынан өзге сабылысып кіріп-шыққан 2-3 бойдақ қайнысы бар. Соларға Күләш туған інілеріндей қарайды. Жалпы, Сыр елі Кеңес кезінің өзінде де қазақ жолын жақсы сақтаған ғой. Ал, Әуезхан отбасы соның өзінде ұлтымызға үлгі етіп айтарлықтай көрінді маған. Әлгі сапырылысқан бойдақтарды шетінен үйлендіріп, бір-бірлеп отау етіп шығару деген өзінше бір тарих қой. Соның жымын білдірмей атқару қандай жеңгенің қолынан келеді демейсіз бе?! Көп нәрсені сөзбен, оймен орнына қойған қазекең «жеңге қойған еттің ішінде желке жүреді» деген болса, халқымыздың Күләштай көп келіндерін оған қалай қиясың. Әлгі «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегеннің мысалы ғой. Шай берген Күләшты мақтаймын деп отырып, Әуезханды тасада қалдырып барамын.
Ол менің ешнәрсеме, яғни дүние-бірдемеме қызығып сыйлап жүрген жоқ. Қаңқа басымды құрметтейді. Негізінде «адам адамды өрлесе сүйейді» деген бар. Әуезхан мені барынша төмендеп жүрген кезімде сүйемелдеді. Үйіне шақырғанының өзі ел ішінде қайырымдылар бар екенін білдіріп, жетім қиялыма қанат бітіретін. (Сөйткен Құдайды бүгін ұмытпауға тиіспін, оған да Алла ықпал еткен шығар. авт.). Бұның ішінде бірдемені ойланбай айта салатын жеңіл ауыздылардың сөзіне ілесіп «Қытайдан келген шпион екен... Бұл жаққа жер аударылып келіпті» деп, мені қолымен емес, аяғымен көрсетіп жүргендер болды. Әуезханды соған салғастырғанымда, ол маған неге ерекше көрінбесін! Туылыс-жаралысынан көңілі дархан, бар нәрсеге төменнен қарамайтын, биік болмысы бар Әуезхан солай боп туыла салған.
Қайран классик ақын Қасым Аманжолов:
«Жаны – жаз, көңілі – жайлау, ақ пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім», – дегенді неден тарығып, неден зарығып айтты екен. Сол ауылда да, басқа жерде де жас шамасы Әуезхандай жігіттер толып жүр. Адамның бірі «талдан асып ұшпайтын тауық қанат» болса, бірі басқаша. Ешнәрсені мойныма қарыз еткім келмейді; «жақсыға жаман баппен де теңеле алмайды» демей ме. «Біреулер өзінің иіс білмес – тартыншақтығын «заттылығым деп біледі» деген тағы бар. «Ез өзі сөз білмейді, өзгені көп сөйлейді деп күндейді», «Білмеске ауырып жатса ем жасама, жазыла бастаса ұмыта бастайды», «Жақсыны сыйласаң есінен кетпейді, есерді сыйласаң есігіңнен кетпейді», «Жақсыға қылған жақсылық өміріңде тозбайды, жаманға еткен жақсылық бір күнгідей болмайды», «Жақсының алдында жадырарсың, жаманның алдында тарыларсың», «Басыңа іс түссе жақсы көмектеседі, жаман күліп өтеді», «Жақсы сөзіңе қарап сыйлар, сөз танымастар бөзіңе қарап сыйлар», деген мақал-мәтелдерді данышпан қазақ текке шығармаған.
Өмірден таршылық тартқан кезеңде жақсы сөзімен көзге көрінген іні дос, рухани бауыр Әуезхан туралы қорыта айтқанда, «Жақсы – өзгенің көңіліне кент салып жүреді, жаман – өсегімен өрт салып жүреді» дегенді айтсақ жеткілікті шығар. Аралықта бірталай жыл хабар-ошарсыз, үзіліп қалған едік. Майталман журналист Қаныбек Әбдуовтың «Сыр бойы» газетіне «Жаңақорғанға жер аударылған жазушы Жанат Ахмади» деген мақаласын оқи салып, Қызылордадағы сол «Сыр бойы» газетінің телефонына Жаңақорғаннан хабарласып, менің дерегімді тауып алып, маған тізгін ұшынан хабарласқанының өзі – қаншалық деңіз. Баспасөздерге соқталы мақалалары шығып тұратын оның жалпы көңіл-күйінің жүрдектігі – ақын-жазушыларға берілген жаралыстай. Яғни, жазбай жүрген жазушыдай ойшылдығы аңғарылады. Әуезхан Сәдірбайұлы жайлы айтатын тоқсан сөздің түйіні: «жақсылық – ағаш басында, жамандық – аяқ астында» дейін. Ол – мыңның бірі.
Жанат АХМАДИ,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
17 шілде 2018 ж. 921 0