№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СЫҒАНАҚ ЭТНОТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ МА?

СЫҒАНАҚ ЭТНОТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ МА?

Жаңақорған қашаннан тарихи нысандарға бай өлке. Әрбір төбесі мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Қаншама құпиясын ішке бүккен көне шаһар мен мәдени мұра көмбеде жатыр. Біз бүгін Сығанақты этнотуризм орталығына айналдыру бағытында қандай жұмыстар жасалынып жатқанын қозғамақпыз. Әрі көне шаһарға көптеп туристерді тартудың жолын іздедік. Рас, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын жеткілікті. Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік туристерді қалай қызықтырамыз? Міне, мәселе осы тұстан күрмеледі. Қайтпек керек? Әрине біз үшін сала маманының пікірі құнды. Сондықтан да ауданда жаңа жобамен айналысып жүрген «TurCity» туристік компаниясының директоры, жиһанкез Жахангир Заировты сөзге тарттық. 25 мемлекетті сапарлаған жас жиһанкездің айтуынша, шетелдік туристерді көне тарихи орындары қатты қызықтырады екен. Яғни, сұраныс бар. Тек сол сұранысқа сай сервистік қызмет көрсетілсе болғаны. Ал Сығанақты этнотуризм орталығына айналдыруға қатысты мынадай тұшымды пікірін айтты.
– Қазақстанда этнотуризмді дамытуға мүмкіндік мол. Көршілес Өзбекстан тарихи және мәдени туризмге айрықша көңіл бөледі. Өйткені, оларда қаз-қалпында сақталған тарихи ескерткіштер молынан кездеседі. Өзім Өзбекстанның бірнеше туристік мекенінде болдым. Соның ішінде Аққала деген тарихи қалаға бардым. Ескерткіштері жақсы сақталған. Айналасына 3 киіз үй тіккен. Қалашықты түйемен аралап көресіз. Инфрақұрылым мәселесі шешілген. Міне, осындай қарапайым құндылықтарды бізде де жасауға болады. Мәселен, Сығанақ қалашығының аумағына киіз үйлер тігіп, оны күн энергиясынан қуат алатын панельмен жабдықтаса. Ескі мен жаңаны байланыстыру керек. Шетелдік туристер жасандылықтан шаршаған. Оларды иісі аңқыған ескі құндылықтар қызықтырады. Сосын қалашықтың бір бөлігін қайта қалпына келтіріп еңсесін тіктесе немесе декоративті үлгіде көне Сығанақ қалашығын салса, – дейді Жахангир Заиров.
Сондай-ақ, туристік компания директоры қонақ үй қызметіне қатысты да құнды ойын жеткізді. Шетелдік туристер көбіне «хостел» қызметіне жүгінеді екен. Хош. Хостел дегеніміз не? Бұл – ас үйі, жуынатын бөлмесі ортақ, бір бөлмеде бірнеше адам сүретін қонақ үйдің түрі. Осындай шағын бөлмелі, мини қонақ үйлер елімізде сұранысқа ие. Эконом санаттағы хостелдердің бағасы да арзан. Әрі шетелден не әрбір өңірден келген туристерге емен-жарқын әңгімелесуге ортақ диван, үлкен үстелдер қойылған холлы бар. Меймандарға үлкен экранды теледидар, wi-fi қызметі қосылған интернеті тағы бар. Бізде бүкіл дүние жүзіне қызмет жасап тұрған booking.com сайтына кіріп, Қазақстандағы хостел қызметінің құнын білдік. Бақсақ, Алматы Астана, Тараз, Шымкент қаласында орташа баға бір күнге 2000 теңге. Одан бөлек, қызмет сапасына қарай 50 мың теңгеге дейін жоғарылай береді. Аталмыш сайттың пайдасы жер-жаһандағы кез келген мемлекеттен «Хостел» отелін тауып береді. Міне, осындай эконом санаттағы хостел қонақ үйлері Жаңақорғанға да керек.
Ендігі кезекте Сығанақ этнотуризм мекеніне айналғанынан не ұтамыз? Бірінші кезекте, жұмыс көздері ашылады. Қалашыққа жақын орналасқан Сунақ ата ауылының кәсіпкерлері арнайы киіз үй тігу арқылы қымыз-қымыран саудасын жүргізуге мүмкіндігі бар. Екіншіден, егер тұрғындардың жол талғамайтын «Джип», «Нива» автокөлігі болса, ақылы түрде туристерді Сыр жағасындағы Төлегетай-Қылышты ата кесенесі, Хорасан-ата, Құмиян, Ақтас-Айқожа ишан кесенесі, Сауран және ежелгі адамдардың жазған петроглифтері бар, Бесарық ауылындағы таңбалы тастарға апарып көрсете алады. Үшіншіден, қазақ, орыс, ағылшынша ағып тұрған гид не экускурсовод болса, тіптен тамаша. Ақысын сағатына қарай есептеседі. Оған қоса, Сығанақтың жер асты жолын ғылыми айналымға енгізіп, зерттеу жұмысын жүргізсе, бұлда бір маршруттық бағыт болары айқын. Түптеп келгенде, этнотуризмнің түпкі мақсаты, келген қонақты күтіп, тайқазанға табыс түсіру. Келесі жолы қайта келетіндей әсерде қалдыру.
КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДІҢ ӘЛЕУЕТІ
Орталық Азия елдері туризмді дамытуға о-бастан ден қойған. Айрықша атап өтерлігі, бұл бағытта «Жібек жолы» тур маршруты маңызды рөл атқаруда. Бүгінгі таңда бұл құрлықаралық бағыт шетелдік туристердің қызығушылығына ие әлемдік брендке айналып үлгерді. Әсіресе саяхатшыларды жол бойында өмір сүретін халықтардың ерекше мәдениеті, бай мұрасы мен тұмса табиғаты қызықтыруда. Мәселен, Өзбекстанда туристерге Хиуадағы Ичан-Қала мен Самарқандағы Гур-Эмир сынды орта ғасырлардағы сәулет өнерінің айшықты мекендері ұсынылады. Ал, Түркіменстан болса, «Динозаврлар мекені», Дарвазедегі газ кратері және ақмәрмәрлі Ашхабадпен таныстырады. Тәжікстанда туристер Памир шыңын бағындыруға аттанады. Қырғызстанда экотуризм жақсы дамығандығының куәсі болады. Осы «Жібек жолы» туры арқылы бір кездері халықаралық сауда, қолөнер орталығы мен мәдениеті тоғысқан Тараз, Түркістан, Сайрам, Жанкент сынды көне шаһарларға саяхаттаса. Мұның қатарында өз дәуірінде «Қыпшақ даласының гаваны» деп аталған Сығанақ қалашығын қосыңыз. Мемлекеттің сауда және саяси орталығы ғана емес, Ақ Орданың астанасы болған. Оған қоса, теңге сарайы тағы бар. Осындай құнды мәліметтердің қиюын қиыстырып, көне Сығанақ шаһарын этонтуризмнің орталығына айналдырсақ Сыр елінің брендіне айналары сөзсіз.
Әбдісамат ӘБДІШ.
14 шілде 2018 ж. 1 201 0