Рухани жаңғыру: Прагматизмнің пайдасы қандай?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында «реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды» деген еді. Демек, ұлттық сананың мінез-құлқын жаңғыртатын прогматизм жаңа дәуірге қадам бастайды. Осы жолда әр адам бойында табылуға тиіс қандай қасиеттер мен мәдениет болуы керек? Жаңа дәуірдің прогматигі қандай болуы керек? Осы сауалдар төңірегінде азды-кемді қалам тербеп көрдік.
Прогматизм бізге қайдан келді?
Жалпы, оқырманға түсінікті болу үшін, «прагматизм» ұғымына сәл үңілген артық болмас. Бір сөзбен айтқанда, прагматизм – іс немесе іс-әрекет дегенді білдіреді. Демек әр адам өз ісіне жауап беріп, ой мен ар таразысынан өткізу керек. Бұл термин ең алғаш ХIХ ғасырда, америкалық философ Чарльс Пирстің есімімен бұхараға мәлім болды. Сондықтан -прагматизмді таза АҚШ-тық философия деуге негіз бар.
Прагматизмнің басты қағидалары реализиге бағытталған. Әрі шынайылылық пен турашылдықты нұсқайды. Елбасының прагматизм философиясына назар аударып отырғандығының басты себебі де осында жатса керек. Мақалада, ұлттың рухани жаңғыруының күре тамыры прагматизм ұстанымдарының ұлт санасына сіңуімен тікелей байланысты екенін, ол үшін қанымызға сіңген, ментальдық болмыстың сипатына айналған кейбір дағдылардан арылу қажеттігі туралы ой айтылады.
Соның бірі – аста-төк ысырапшылдық, даңғойлық, астамшылдық. Әу баста, «бұл қасиеттен нарық құтқарады, ұлтты үнемшіл болуға, байлықтың құны мен қадір-қасиетін бағалауға үйретеді» деген ой-пікірдің де болғаны белгілі. Нарық заманының ширек ғасырын артқа тастасақ та, әлі сол ысырапшылдыққа жол берудеміз. Үнемдеуді негеүйрене алмай келеміз? Ысырапшылдық – жеке тұлға, ұжым, әлеуметтік топ, тіпті мемлекет деңгейінде көрініп отырғаны мәлім. Біздің әлі де болса, еңбекті, байлықты бағалай алмай жүргеніміз көңілге қаяу салады. Келген байлық адал еңбектен болса, маңдай терің сіңсе, мүмкін ойланған болар ма едік? Байлық шашуды емес, жинауды, еселеуді, үнемдеуді қалайды. Дүниенің иесі мен киесін ұққан қазақ ұлтарақтай жерін, тамылжыған әсем табиғатын, өшеусіз мол мұрассын ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен. Мұндағы мақсат – келешек кем болмаса екен дегені шығар...
Қазақы прогматизм
Біздегі байлықтардың иесі болғанмен, киесін түсінген жан бар ма? Киесіз байлық кетуге, шашылуға дайын тұрады. Абай сөзімен айтқанда, «иттікпен тапқан малды, адамшылықпен жұмсайтын» уақыт жеткен тәрізді. Рухани жаңғыруда Елбасының прагматизмнің жарқын үлгілерін бабаларымыздың өмір салтынан іздеп, оны бүгінгі өскелең ұрпақтың мінез-құлықтық негізі, іргетасы ретінде қалыптастыру, бүгінгі ұлттық идеологияның басты бағыттарының бірі екенін айтты. Демек, ұлт менталитетінде өзіндік орны бар құндылықтардың бірі үнемшілдік, қанағатшылдық. Соңғысы астамшылдық пен ысырапшылыққа жол бермеудің тегеріштері мен тосқауылдары.
Дәстүрдің озығы да, тозығы да болғаны сықылды сананың да кертартпа тозығы болады. Сананы өзгертудің бір жолы –шынайы прагматикалық ойлау. Шынайы прагматика асып-таспайды. Қолда барын оңды-солды құр шашып, күн көрмейді. Керсінше, қолында бар қаржысы мен мүмкіндігін пайдалы істерге жұмсайды. Мәселен, жастардың арасында шектен тыс билікқұмарлық, мақтанқұмарлық, кердең мінез, келіссіз істерді байқаймыз. Қарапайым ғана өмірде, бұған мысал мыңдаған оқиғалар бар. Өзін прагматик санайтын тұлға мұндай шектен тыс әуесқойлыққа бармайды. Дәстүрдің де, сананың да тозығы осы емес пе?!
Абай прогматик пе?
Ұлттық сана мен тәрбие жайында қазақта Абай Құнанбайұлынан артық ешкім жазбағандай. Абайдың «45 қара сөзі» тұнып тұрған прогматикалық ойлар орамы деуге болатындай. Қарасөздің тереңіне үңілсеңіз, «ішсем, жесем, ұйықтасам деп туатын бала емес, көрсем, білсем, үйренсем деп туатын баланы тәрбиелеп, оны білімге, ғылымға үйретіп, жеңдіріп, қанағатшылдық пен үнемшілдікке үйрету» керектігін талай айтқан. Сонымен қатар, ол мақтаншақтықтың түрлерін көрсетіп, «десін» дейтіндердің «демесін» дейтіндерден озып кету себебін іздеп, оның түбі надандық екенін, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озбақ. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой, демектің бәрі де ақымақтық, – деп, ой түйген болатын. Бұған қояр тосқауыл қайда? Тосқауыл – білім мен тәрбиеде. Енді бір сөзінде Ұлы Абай: «ғылымсыз ахирет жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды »,– деген еді. Демек, ғылым мен білім ұлттық тәрбиемен негізделуі керек. Ғылым мен білім дамыту үшін ұлттық сананы жаңғыртып, әлемнің озық инновациясын меңгере отырып, қазақы түп-тамырымыздан ажымарамайымыз маңызды.
Ойшыл Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» демеп пе еді? Қазақы прагматизмнің ерекшелігі де осында. Елбасының прагматикалық философиясы да Абайдың қарапайым қарасөзімен үндесіп тұр.
Шетелдік прогматизм
Неміс халқының аса көрнекті фолософы Макс Вебердің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде ысырапшылдық пен астамшылдыққа жол бермеуді протестанттық этикадан іздегені белгілі. Еңбекқорлық, тәртіп адалдық, үнемшілдік кәсіпкерліктің рухани негізі ретінде қарастырылып, оларды протестантизм дінінің өркениеттік дамуға қосқан үлесі ретінде қарастырды. Адамдар бойындағы еңбекқорлық пен үнемшілдікті тек протестанттық діни этика қалыптастырды десек артық айтқан болармыз. Осындай астамшыл пиғылы үшін кезінде Макс Вебердің жоғарыда аталған еңбегін Люк Болтански, Эв. Кьяпелло және Хенрик Гроссман сынға алған болатын.
Бұдан еңбекқорлық, үнемшілдік, тәртіп, адалдық, кімге де болса ортақ қасиет. Ұлт мәдениеті неғұрлым осы жоғарыда аталған құндылықтарды адамдар іс-әрекетінің негізі ретінде қалыптастыруға ұмтылса, ықпалы мен пәрмені күшті болса, саналы түрде бағытталса, аталған құндылықтар солғұрлым адамдар санасы мен мінез-құлқында көрінері сөзсіз.
Түйін. Әр адам өзі прогматик болуы шарт. Өз ойы бар адам ғана нақты мақсатына жетеді десек, жақсы ой түзу, шыншылдық мен шынайылылықты қалыптастыру өз қолыңызда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл заман шынайы прогматиктер заманы» деді емес пе? Демек, мінезіңіз мен әдетіңізді көшке қарай түзеуге тура келеді.
Мақпал Марқабай.