№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БҮГІНГІНІҢ АЛҚА БИЛЕРІ

БҮГІНГІНІҢ АЛҚА БИЛЕРІ


Әңгімеміздің әлқиссасын Төле бидің даналығынан бастайық. Заман тыныш уағында іргелес отырған Жанту пен Жантас ауылының екі жігіті шабындыққа таласып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серт берісіп, екеуі ат кекілін кеседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі татуласпай қояды. Үлкендердің ақыл-кеңесіне де мойынсұнбайды. Жалған намысқа мініп, бір-бірін кешіруді арсынады. Осыны естіген Төле би араздасқан жігіттерді шақыртады. Бидің үйіне жігіттер аттарын қазыққа байлап, үйге енеді. Тізе бүгіп, амандық-саулық сұрасады. Алашқа төрелігімен танылған би екі жақтың уәжін тыңдайды. Ойы озық би азаматтардың бір-бірін кешкісін келмейтініні аңғарады. Бірнеше сағатқа созылған пікір-таластан кейін тысқа шығады. Бидің көзі қазыққа байланған жылқыларға түседі.
– Япырм-ай, мына екеуінің татуын қарашы? Кекілдері де келісті екен, – дейді Төле қасынып тұрған аттарды көріп. Астарлы сөзден тәлім алған қос азамат татуласты деседі.
Жалпы, мұндай оқиғалар тым көп. Тіптен, ауыл мен ауыл араздасқанда от ауызды, орақ тілді билек тоқтау айтып, ағайындарды бітістіріп отырғаны тарихтан мәлім. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі, қазір арға емес, заңға жүгінетіндер көбейді. Қит етсе, ағайын арасындағы араздастықты сот алаңына шығарып, абыройға нұсқан келтіріп жатқандар жоқ емес. Қазақтың сөзге тоқтап, үлкенге ұйысып, өкпе-назды елдіктің жолында ысырып қоятын асыл қасиеті қайда кетті? Рухани жаңғырудың өзі осындай қанда бар қасиеттерді кәдеге жаратуға үндейтіндей.
Осы ретте, Мемлекет басшысы медиация қызметін жандандырып, сотқа дейін елішілік мәселелерді дала заңымен шешуді ұсынды. Яғни, билердің орнын басатын медиаторларға үлкен сенім артылып отыр.
Бүгінде дамыған елдерде медиаторлар азаматтық істердің 32 пайызына дейін қарайды. Әсіресе, Еуропа елдері медиация қызметінің игілін кәдеге жаратып отыр.
Жалпы, медиация дегеніміз не? Соған тоқталайық. Латын тілінен аударғанда медиация "делдалдық ету" деген мағына береді. Яғни, өз ерікті келісімі негізінде үшінші бейтарап әділ тарап медиатордың көмегімен олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында дауларды соттан тыс шешу түрі. Медиатор – екі тарапты татуластыққа үндейтін қызметкер.
Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қалыптасып келеді. Осының ішінде, кәсіби медиаторлардың қоғамда атқарар рөлі ауқымды. Жаңақорған ауданында да кәсіби медиаторлар қызмет ете бастады. Олардың қатарында Нұржан Мырзаханов, Ботагөз Ержанова, Анарбек Баймұратов және Ақылбек Жәнібеков және т.б айтуға болады.
Осы саланың жұмысымен танысу үшін Ақылбек Жәнібековті әңгімеге тарттық.
– Медиаторлардың мақсаты не?
– Біздің мақсат – дауды бітімгершілікпен шешу. Яғни, екі тарап да қанағаттанатын шешім шығару. Бір сөзбен айтқанда, «дәлдей алсаң жауды жеңесің, дәлелдей айтсаң дауды жеңесің», демекші, біздің қызмет туралыққа төрелік ету.
– Медиация қызметінің тиімділігі неде?
– Медиация арқылы дауды шешудің тиімділігі көп. Біріншіден, сот өндірісіне қарағанда аз уақыттың ішінде бітеді. Екіншіден, қызмет көрсету арзанға түседі. Үшінші, тараптар арасындағы қатынас бұзылмайды, заңды емес тараптар мүдделері ескеріледі. Ең бастысы құпиялылық сақталады. Сондықтан, арызданушылар егер ауыр қылмыс емес, азаматтық істерді сотқа жеткізбеудің тетігін іздесе кәсіби, яғни арнайы құжаты бар медиаторларға жүгінгендері жөн.
– Оқырманға түсінікті болу үшін айтыңызшы, қалай арзан болады?
– Тараптардың келісім бойынша жұмыс төлемі ақылы, ақысыз негізде жүргізіледі. Яғни, жеке және заңды тұлғалар үшін дауларды шешудің балама неғұрлым аз шығынды тәсілін ұсынады.

P.S.: Айта кететіні, медиатор судьяны алмастырмайды. Алайда орта қылмыстық істерге, азаматтық істер бойынша кейбір санаттағы, еңбек, отбасылық және жеке, заңды тұлғалар қатысатын өзге де құқықтық қатынастарға араласауға құқы бар.
23 қаңтар 2018 ж. 1 352 0