Теле өнім тәрбие көзі ме?
Жаһанда мылтықсыз майдан жүруде. Батыс үлкендерді мәнсіз шоу бағдарламамен алдап, зұлымдық пен қантөгіске толы фильммен санасын улауда. Бүлдіршіндерге де арналған даңғаза жобасы жетерлік. Ол – айқай-шуға толы, сабырсыздыққа, өзім білемдікке жетелейтін мультфильмдер.
Батыстық экспанция жалғаса берсе адамдар тобырға айналуы әбден мүмкін. Себебі қазір интернет немесе сандық теледидары жоқ отбасы некен-саяқ. Олар балаларымен пультке таластан ұтылып, өздерінің жатын бөлмесіне бөлек теледидар қояды. Міне, қызық. Бала өзімен-өзі. Ата-ана өздері қалаған арнасын көреді. Мұны бір деңіз.
Екінші нұсқа. Жұмыстан шаршап келген ата-ана баласының қандай теле өнім көріп жатқанына басын ауыртпайды. Өздері тынықса болды. Оларды баласы әрнәрсені айтып мазаламаса болғаны.
Үшінші нұсқа. Ата-ана баласына тәуір киім алып беріп, қолына ноутбук пен планшет ұстатса міндетін орындағандай сезініп, баланың рухани-мәдени байлығын дамытуды телеарналарға ұстатты.
Ата-ана ма, бала ма, телеарна ма? Кім ұтты, кім ұтылды? Әрине, итжығыс деп үш жақтың қолын көтеруге болады. Бірақ, қазақ болмысы, қазақ мүддесі, ұлттық құндылық оңбай ұтылды. Неге десеңіз, ата-ана баласын бақылау құқығынан айырылды. Бүлдіршіндер «Fox kids», «Boomerang», «Карусель», «Disney канал», «Multimania», «Детский мир», «Балапан» және т.б. арнадан не көрсе де, еркі өзінде. Мұндай отбасыда тәлім алып жатқан баланың психологиялық мінез-құлқы қандай болып қалыптасарын – бір Құдай біледі.
Ертең не болатынын бағамдамай-ақ, мамандардың ой-пікіріне жүгінсек. Лондондағы Университет колледжінің мамандары жүргізген зерттеу барысында балалар мультфильмінің зұлымдыққа, қатыгездікке толы екенін анықтаған. Зерттеу жұмысы барысында мультфильмнің кейіпкерлері ересектерге арналған фильм кейіпкерлеріне қарағанда 2,5 есе көп өлген. Керек десеңіз, кейбір мультфильмдердегі басты кейіпкерлер кем дегенде бірнеше рет жарақаттанып, достары өледі және т.б. жағдайларды байқаған. Бұл жан-жағын толық танымаған баланың психикалық жүйесіне қалай әсер ететінін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Оны ойлаудың өзі қорқынышты.
Осыны түсінген Үкімет Kaz-Sat-3 ғарышқа аттандырып, «Отау-tv» эфирлік телехабар тарату желісін әрбір үй пайдалану үшін жағдай жасауда. Бұл жұмыс аяқталуға жақын.
Алайда бүгінгі жастар көзбен көргенін қолмен жасап жүр. Олардың бір-біріне суық қарумен оқ атып, пышақ ала жүгіруі соның дәлелі.
Құралай ӘУЕЗХАНОВА, психолог:
– Нарықтық қоғамға бейімделген жұмысбасты ата-ана баласын теледидар тәрбиесіне қалдырды. Оны мойындау қажет.
Біз телеарналардың ықпалымен ой-өрісін дамытатын балалардың өзіндік ой-пікірі жойылатынына мән бермей отырмыз. Әрі 40-45 минуттан ұзақ отыратын балалар көру қабілеті нашарлап және психологиялық ауытқушылықтарға ұрынуы мүмкін. Сосын шетелдік өнімдерді көп көрген жеткіншектердің мінезі ауыр болып қалыптасады. Сондықтан ата-ана баласының теледидардан не көріп жүргенін ұдайы бақылауы қажет. Олай болмаған жағдайда суицидке ұрынған балалардың саны көбейе береді.
Түйін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», – деген ойы бала тәрбиесінде негізгі ұстаным болуы шарт. Олай болмаған жағдайда жаһандану үрдісі бізді аямайды. Бала тәрбиесін бүгіннен қолға алмасақ, ертең кеш болады.
Әбдісамат ӘБДІШ.