Таным дамыса – мүмкіндік кеңейеді
Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – әрбір баланың мүмкіндігін ашу, оның қоғамда толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. Бұл ретте ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға көрсетілетін қолдаудың маңызы зор. Себебі мұндай балалардың танымдық үдерістерін дамыту – олардың білім алуына, өзін-өзі танып, ортаға бейімделуіне тікелей әсер етеді. «Таным дамыса – мүмкіндік кеңейеді» деген ұстаным дәл осы салада ерекше маңызға ие.Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар – бұл денсаулығында, психикалық дамуында немесе мінез-құлқында белгілі бір ерекшеліктері бар балалар. Олар үшін оқу тек ақпарат алу емес, сонымен қатар өзін тану, өзіне сену, қоршаған ортамен байланыс орнату үдерісі болып табылады. Ал бұл жолда танымдық үдерістердің дамуы шешуші рөл атқарады.
Танымдық үдерістерге қабылдау, зейін, есте сақтау, ойлау, сөйлеу және қиял жатады. Бұл үдерістер бір-бірімен тығыз байланысты және баланың жалпы дамуының негізін құрайды. Егер осы үдерістердің бірі жеткілікті деңгейде дамымаса, оқу барысында түрлі қиындықтар туындайды. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларда зейіннің тұрақсыздығы, есте сақтаудың әлсіздігі, ойлау әрекетінің баяулығы жиі байқалады. Мұндай жағдайда баланы кінәлау немесе одан жоғары нәтижені талап ету тиімсіз. Керісінше, оның мүмкіндігін ескеріп, психологиялық қолдау көрсету, арнайы жаттығулар арқылы танымдық үдерістерін дамыту – ең дұрыс шешім.
Қабылдау – баланың қоршаған ортаны танып-білуіндегі алғашқы қадам. Ерекше балалар кейде заттың түсін, пішінін, көлемін ажыратуда немесе дыбысты дұрыс қабылдауда қиналады. Сондықтан қабылдауды дамытуға бағытталған жаттығулар жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Мысалы, заттарды салыстыру, ұқсастығы мен айырмашылығын табу, сурет бойынша әңгімелеу сияқты тапсырмалар баланың көру арқылы қабылдауын жетілдіреді. Ал әртүрлі дыбыстарды тыңдап, ажырату, әуеннің көңіл күйін анықтау есту арқылы қабылдауды дамытады. Мұндай жаттығулар баланың айналасына деген қызығушылығын арттырып, белсенді танымдық әрекетке жетелейді.
Зейін – табысты оқудың кілті
Зейін – баланың белгілі бір тапсырмаға назарын шоғырландыру қабілеті. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың көпшілігінде зейін тұрақсыз болады, олар тез алаңдайды, тапсырманы соңына дейін орындауда қиналады. Зейінді дамытуға арналған психологиялық жаттығулар баланың ішкі тәртібін қалыптастырып, оқу әрекетіне бейімдейді. «Тыныштық минуты», «Белгіні тап», «Нұсқауды орында» сияқты қарапайым тапсырмалар зейіннің тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар қимыл-қозғалысқа негізделген ойындар баланың қызығушылығын сақтап, зейінін табиғи жолмен дамытуға мүмкіндік береді.
Есте сақтау қабілетін жетілдіру жолдары
Есте сақтау – білімді меңгерудің негізгі тетігі. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларда көбіне қысқа мерзімді есте сақтау әлсіз дамиды. Олар жаңа ақпаратты тез ұмытып қалуы мүмкін. Есте сақтауды дамыту үшін қайталау, көрнекілік және ассоциация әдістері тиімді қолданылады. Суреттер тізбегін есте сақтау, сөздерді ретімен қайталау, өлең жолдарын қимылмен жаттау сияқты жаттығулар баланың есте сақтау қабілетін арттырады. Ақпаратты ойын түрінде беру есте сақтауды жеңілдетіп, баланың қызығушылығын арттырады.
Ойлау қабілетін дамыту – дербестікке жол
Ойлау – баланың талдау, салыстыру, қорытынды жасау қабілетін қалыптастырады. Ерекше балаларда ойлау әрекеті баяу дамуы мүмкін, сондықтан олармен жұмыс барысында шыдамдылық пен жүйелілік қажет. Логикалық тапсырмалар, себеп-салдарлық байланыстарды анықтау, сурет бойынша ой қорыту баланың ойлау қабілетін дамытады. «Неге олай болды?», «Қалай ойлайсың?» деген сұрақтар баланы өз пікірін айтуға үйретеді. Бұл оның өзіндік ойлауын қалыптастырып, дербес шешім қабылдауға жетелейді.
Ал, сөйлеу – баланың ойы мен сезімін жеткізудің басты құралы. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларда сөздік қордың аздығы, өз ойын толық жеткізе алмау мәселесі жиі кездеседі. Сондықтан сөйлеуді дамытуға арналған жаттығулар ерекше назарды талап етеді. Сурет бойынша әңгіме құрастыру, ертегі ойлап табу, рөлдік ойындар баланың сөйлеу дағдысын дамытып қана қоймай, қиялын да кеңейтеді. Қиялдың дамуы баланың шығармашылық қабілетін арттырып, оның эмоциялық жағдайын жақсартады.
Психологиялық жаттығулардың маңызы
Психологиялық жаттығулар – ерекше білім беруді қажет ететін оқушылардың танымдық үдерістерін дамытудағы тиімді құрал. Бұл жаттығулар баланың жеке ерекшелігін ескере отырып жүргізілуі тиіс. Ең бастысы – баланы мәжбүрлемей, оның әрбір жетістігін қолдап, мадақтау. Педагог, психолог және ата-ананың бірлескен жұмысы ғана нақты нәтиже береді. Үйде де, мектепте де бір бағытта жүргізілген жұмыс баланың дамуын жылдамдатады.
Иә, әрбір бала – қоғамның бір бөлшегі. Оның бойындағы қабілетті ашу, өзіне деген сенімін арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Таным дамыса – мүмкіндік кеңейеді» деген қағида инклюзивті білім берудің басты ұстанымына айналуы тиіс. Осындай мақсатты жұмыстар арқылы ғана біз ерекше балалардың жарқын болашағына жол аша аламыз.
№289 орта мектептің педагог-психолгы, Перизат Әлжігітова.




