Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Ерлер де ерте емделу керек

Ерлер де ерте емделу керек


Әйел затының дәрігерге жиі жүгініп, гинекологиялық ем алуын қалыпты жағдай деп қарағанымызбен, ер азаматтардың ақ халаттыларды жағалауды ар санайтыны рас. Бүгінгі күн мінберінен қарасақ, мұндай кереғар түсініктен арылуға тиіспіз. Жауапсыздықтың салдары, Сексенбай мен Тоқсанбайлардың дүниеге келуі тоқтады. Қазір Елубай былай тұрсын, Қырықбайдың өзі сиреп қалды.

Сөз төркінін түсінген боларсыз. Қау­зай­тынымыз – қазақтың қамы. Демография – мемлекеттік мәселе. Ұлт қасіреті – ядролық апат десек, қазіргі кездегі ер мен әйел арасындағы бедеулік пен белсіздік сол ядролық апаттан кем түспей тұр. Ана мен әкеге жарық дүниеде ұрпақсыз қалудан асқан қасірет бар ма? Табиғи жолмен тамыры тереңге тартылмаған дімкәстіктің ақыры ұрпақтың азуына әкеп соқтырмасына кепілдік бар ма? Бедеулік пен белсіздік – бүгінгі таңдағы белең алып отырған басты трагедия. Дүниені теңселтетін шырғалаң проблема қазақ отба­сының да басына түсіп, талай шаңырақтың шайқалуына себепкер болуда. «Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығар» дегендей, елімізде 14 мың әйел бедеулікке ұшыраса, 1000-нан аса еркек белсіздіктің зардабын тартуда. Бұл дерттің батпандай салмағын Қазақстандағы жас отбасылардың 20 пайызы көтеруге мәжбүр.
Ер-азамат – отбасының қорғаны, ұлтының ұстыны. Алайда соңғы жылдары бөріктілердің денсаулығы алаңдатарлық деңгейге түсті. Жүрек аурулары, белсіздік, психикалық күйзеліс, қатерлі ісіктер – мұның бәрі ер адамның өмір сапасын ғана емес, қоғамның да ынтымағын ыдырататын факторлар. Дәрігерлер бұл мәселеге әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей ықпал ететін кешенді құбылыс ретінде қарап отыр. Дәрігерлердің айтқанын бірінші орынға қоюға болады. Өйткені, қазір ерді ғана емес, отбасын, тіпті қоғамды бұзуға қауқарлы күш – қаржы болып тұрғаны ақиқат. АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректеріне сүйенетін болсақ, жүрек аурулары әлемдегі ерлердің әр төртінші өліміне себепкер болады екен. Ер адамдар инфарктке әйелдерге қарағанда ертерек шалдығады. Бұл, бір жағынан, шылым шегу, күйзеліс, семіздік пен гипертония секілді қауіп-қатерге толы мінез-құлық пен физиология­лық өзгерістерге байланысты. Бұдан кейін репродуктивті бұзылыстар ерлер денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді екен.
Соңғы кездері әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, жігіттердің «жігерін жанып, күшін тасытады» деген түрлі дәрумендер жарнамасы жер жарып тұр. Оны белгілі өнер адамдары мен спортшылар және танымал тұлғалар дәріптеп, жастардың санасына сіңіріп жатыр десек те болады. Соның бірі – «Ветаман» жарнамасы. Әрине, дәрігерлер мұндайды құп көрмейді, өйткені бұл уақытша құбылыс екені айтпаса да түсінікті. Мамандар ер адамдарға медициналық немесе дәстүрлі жолмен емделуге кеңес береді, яғни ағарған ішіп, жылқы мініп, жан тыныштығына сын келтірмеуді ұсынады. Айту оңай, алайда қоғамда бір баланың тырнағына зәру жандар аз емес. Бүгінде белсіздік деген дерттің белең алып бара жатқаны қынжылтады. Екінші жағынан, жігіттердің бойын жігерсіздік, ынжықтық мінез жайлап бара жатқандай.
Шетелдік ғалымдар мен отандық медици­на саласының мамандары бұл әлеуметтік мәселенің жылдан жылға ушығып бара жат­қанын айтып дабыл қағуда. Оған үш түрлі себепті айтады, бірінші, туабітті аурудың болуы, бірақ ол да уақыт өте келе қалпына келеді. Экологиялық ахуал және зиянды заттарға тым әуес болу. Сондай-ақ жігіттердің белсенділігінің төмен болып бара жатқаны да жасырын емес. Экология дегеніміз түсінікті, бұл жағдай біздің ауданға да қатысты. Екінші, қазір ішімдік пен есірткіге тым әуестену басым. Соның салдарынан ұрықсыздық немесе сәбилердің әртүрлі дертпен туылуы жиілегенін дәрігерлер алға тартады. Үшіншіден, ерлердің қоғамдағы немесе үйіндегі дәрежесінің төмендеп кетуі, тіпті біржынысты мәселесін қолдауы да осы типте екен.
– Бүгінде еркектердің белсіздігі әйелдердің бедеулігінен қалыспайды. Біздің ауданның өзінде еркектер арасында белсіздік дертіне ұшырағандардың қатары көп. Бірақ олардың басым бөлігі дәрігерге қаралуды намыс көріп, саналы түрде емделуден бас тартып жатады. Осы себептен де олардың нақты саны белгісіз. Тіпті ер адамдардың 60 пайызы дәрігерге қаралудан бас тартады. Сондықтан біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз, – дейді уролог-дәрігер Ғалым Нәбиев.
Дәрігердің сөзінше, бүгінде эректильді дисфункция дертіне шалдыққандар көп. Бұл ауру көбіне физиологиялық бұзылыстан, гипертония, қант диабеті, тік ішекке жасалған ота және т.б. салдарынан туындайды. Еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі түрлі қабынулар, яғни, аталық без бен қуықасты безінің қабынуы, жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Жалпы, ерлі-зайыптылар бала сүю мәселесін мейілінше 35 жасқа дейін шешіп алғаны жөн. Өйткені, жас ұлғайған сайын генетикалық өзгерістердің әсерінен ұрпақтың сапасы нашарлап, балалы болу мүмкіндігі азаяды.
Айта кетерлігі, ер адамдарда жасөспірім шақтан болатын варикоцеле дерті бар. Оны дер кезінде емдеп, ота жасамаса соңы бедеулікке соқтырады. Өйткені аталық безге қан бармағандықтан, қан айналу процесі өзгеріп, жыныс жолдарына әсер етеді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жыныстық жолмен жұғатын мерез, соз, хламидиоз, трихомониаз, микоплазма сияқты аурулар көбейіп кеткен. Бұлар да бедеулікке апарады. Ең сорақысы, бұл індеттер еш белгі бермей, ағзада ұзақ уақыт жүреді. Сондықтан, ер адамдарға да дәрігер тексерілуінен уақытылы өту өте маңызды. Ел басшылығы осы тақырыпқа арнайы маңыз беріп, жағдайды оңалту бағдарында тиімді тетіктерге жол ашуды қаперге алып келеді.
Енді жігіттердің жігерсізденіп кетуіне аз-кем тоқталайық. Әлеуметтік желінің зияны­ның бүгінгі тақырыбымызға тікелей қатысы болып тұр. Бұл жөнінде уролог-андролог, медицина ғылымдарының магистрі Батыр­жан Сабырханұлы ер адамдарға аса қажет тестостерон гармонының неге төмендеп бара жатқанын былай деп түсіндірді:
– Қазір жастар мен балаларға бәрі қолжетімді. Мәселен, жасөспірімдер телефон арқылы түрлі суреттер мен бейнебаяндарды, киноларды жиі көреді. Оның үстіне мектепте де, үйде де бұл тақырыпта ешкім түсіндірмей­ді. Жалпы, статистика бойынша эротикалық көріністерді әйел адамдарға қарағанда ер адамдар көп көреді. Бірақ бұл әдет екі тарапты да тәуелділікке алып келеді. Өкінішке қарай, мұндай тәуелділік жыныстық сауаттылықтың жоқтығынан туындап отыр. Енді гүл жарып келе жатқан жас өскінге құпия әлемнің сырын там-тұмдап болса да ұғындыруға кәсіби құнттылық қажет. Жасөспірімдерде ұятсыз бейнеге тәуелділік интернет желісінен басталады. Қазір бәрін оңай көріп, оңай қол жеткізеді алады. Мұны да бір фактор ретінде қарауға болады, – деді маман.
Маманның не айтқысы келгенін түсінген боларсыздар, қоғамдағы ерлердің ұсақталып бара жатқанына әлеужелінің кесірі аз емес. Бірі көрсеқұмарлық, салдарынан инфекцияға душар болуы, екінші, жігіттердің психикасы­ның бұзылып, табиғи болмысынан ажырап, кері байланысқа бет бұруы. Әлеуметтану­шы Салтанат Оразбекованың саралауынша, ер кісілердің емделуге немкеттілігі қоғамдағы қысымның, тым намысшыл болудың салдарынан екен. Соның кесірінен ажырасу көп дейді. Статистикаға сүйенсек, биыл 48 мыңнан астам отбасы ажырасқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп. «Баланың жоқтығынан ажырасу проценті өте жоғары. Қоғамдағы қысым өте жоғары. Ер адам саулығындағы кінәрат, оның намысына қатты тиеді» – дейді әлеуметтанушы.
Иә, халықтың медициналық сауатын арттыру – бәрінен маңызды. Алайда осы олқылықтың орнын толтырамыз деп, жалған жарнама мен күмәнді кеңеске алданып қалу қаупі де жоқ емес. Сондықтан бұл бағытта кәсіби медицина өкілдерінің үні басым болуға тиіс. Ең бастысы – ер азаматтың денсаулығына деген көзқарасты өзгерту маңызды. Әлсіздігін жасырудан бұрын онымен күресуді батырлық санайтын сана қалыптастыру қажет-ақ.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

18 қараша 2025 ж. 5 279 0