Адалдық жемқорлықты жүгендейді

Қазіргі таңда еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл құбылыс тек қана мемлекеттік құрылымдарға емес, бүкіл қоғамға қауіпті індетке айналып отыр. Жемқорлық – әділдікке сызат түсіріп, халықтың сенімін жоғалтып, мемлекеттің дамуын тежейтін жағымсыз құбылыс.
Зерттеулерге сүйенсек, жемқорлық қай мемлекеттің болсын іргетасын шайқалтатын, экономикалық өсімге кедергі келтіретін ең қауіпті фактордың бірі. Ол әділетсіздік пен теңсіздікті өршітеді. Халық пара беруге немесе тамыр-таныс арқылы ісін шешуге әдеттенген жерде заңның қадірі болмайды. Сондықтан бұл дертпен күрес жалғыз мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс.
Президент сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтудің нақты жолдарын үнемі айтып келеді. «Қандай да болмасын сый-сияпат жасау доғарылсын. Мамандар қызметке арнайы конкурс арқылы қабылдансын» деген тапсырмасы – қоғамды әділдікке, ашықтыққа бастайтын маңызды қадам. Бұл талаптардың орындалуы – заң үстемдігін орнатып, шынайы құқықтық мемлекет құруға жол ашады.
Халық даналығында «Параны тықпалап беруші болмаса, бұқпалап алушы да болмас еді» деп айтылған. Яғни жемқорлықтың тамыры тек пара алған тарапта емес, пара берген жақта да жатыр. Өкінішке қарай, кей азаматтар өз мәселесін жең ұшынан жалғасқан таныстық арқылы шешуді жеңіл көреді. Мұндай әрекеттер түптің түбінде әділетсіздіктің көбеюіне, адал еңбектің қадірсіз болуына әкеледі. Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, әрбір азаматтың да борышы. Елдің тұрақтылығы биліктің ғана жұмысына байланысты емес. Әрқайсымыз заңды сыйлап, әділдікті ту етіп, адал еңбекке ұмтылғанда ғана қоғамда береке орнайды. Қытай ойшылы Конфуций айтқандай: «Өзіңе ұнамаған жағымсыз дүниеге шағымдану – оның отын екі есе арттырады». Демек, өзгелерді кінәлаудан бұрын әркім өз ісіне әділ қарауы керек.
Қорытынды, сыбайлас жемқорлықпен күрес – ел болашағы үшін аса маңызды. Бұл дерттен түбегейлі арылмайынша, қоғам толыққанды дамымайды. Әр азамат адалдық пен әділеттілікті өмірлік қағидасына айналдырғанда ғана біз жемқорлықсыз қоғам құра аламыз. Болашағымыздың жарқын болуы үшін баршамыз мүдделі болып, бірігіп әрекет етуіміз қажет.
Гүлнар Сарқұлова,
Жаңақорған аудандық қазынашылық басқармасының маманы




