» » Тіл – ұлт тағдыры

Тіл – ұлт тағдыры

Қазақ топырағында қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде қолдану мәселесі тәуелсіздік алғалы бері табанды қолға алына бастағаны мәлім. Қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі тілдердің біріне айналуы оның қолдану аясын арттыру арқылы болады. Бұған қазақ тілінің сөздік потенциалы толығымен жетеді, тек басты шарт тілді сақтап қалу керек.
Әр халықтың тілі – бұл оның тарихи жадысы екені ақиқат. Түрлі мәдениеттердің өзара қатынасынан тіл араласуы орын алады. Біздің тіліміз ғасырлар мен дәуірлердің, жылдар мен айлардың, іздеу мен ізденудің, сан түрлі тәжірибелердің арқасында дамып, жетілді. Сөздік қорын байытты. Қазақ тілінің осындай дәуірі Керей мен Жәнібектің қазақ хандығын құру кезеңінен басталады. Тіл мүмкіндігін еркін пайдаланған от ауызды дүлдүл көсемдер мен шешендер, дуалы ауыз билер, ақын-жыраулар қазақ халқының баға жетпес руханияты – тілін дамытты. Кейін келе жазба мәдениеті дами бастаған шақта татар, араб, парсы тілдерінен кірме сөздер енді.
Ана тілімізді құрметтеудің басты тетігі – сөз тазалығы. Десекте, тілдің даму тарихында өзге тілдерден енген кірме сөздер көптеп кездеседі. Олардың кейбірі кеше, кейбірі өте ежелден келеді, және жер бетінде жүз пайыз өз тілін ғана қолданатын халық жоқ деуге болады.
1925 жылы Ресейдегі санақ кезінде бұл елде 193 ұлттың бар екені анықталған. Ал жетпіс жылдан кейінгі санақта бұл мемлекетте 103 ұлт қалыпты. Бұл арадағы ұлттар қайда, бір жаққа үдере көшіп кетті ме? Ол ұлттар ешқайда да кеткен жоқ, тек тілінен, ұлттық сипатынан қол үзіп, орыстанып, ұлт болудан қалды.
Дербес ұлт болудан айрылып қалмас үшін, тілдік нормаларды қатал бекітіп, қажеттілікті заң жүзінде іске асыру қажет.
Адам баласы ана құрсағында жатқанда-ақ туған тілінің түрлі белгілерін қабылдай бастайтындықтан әр ұлттың тілін қорғап, қолдау мақсатында ЮНЕСКО көлемінде «Халықаралық туған тіл күні» бекітілген.
ЮНЕСКО тіл байлығы баға жетпес рухани байлық болғандықтан әр ұлт тілі өзінің аясында қорғалатынын жариялады. Әлем бойынша қазіргі қалған 6000-ға жуық тілдің 3000-ға жуығына жойылу қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.
Ғылым мен техника дамыған ғасырдың негізгі ерекшелігі – тілдер санының жедел қарқынмен азаюында.
Европа түгел ағылшын, ТМД аумағы түгел орыс тілінде сөйлеу арқылы өз тілдерін өгейсітуде, өз тілінен жерігендер ағылшын, қытай, болмаса француз, не орыс тілінің үстемдігінде қалу арқылы басқа халық тілдеріндегі ғылым-білім, әдеби-мәдени мұралардың барлығын жоққа шығаруда. Қазір көптеген фирмалар, компаниялар, кәсіпорындар қай елде болсын ағылшын тілін білетін мамандарды жұмысқа алуға ықыласты. Үлкен көлемдегі жалақы да соларға тағайындалады. Қазақ жерінде жүрген қытайлардан да тілімізге осындай қауіп төніп тұр. Бұл бағытта туған тілді сақтау тұрғысында нақты заңдар мен ұстанымдар қажет-ақ.
Евростандарт елдерінің тіл саясаты негізінде азаматтарын ең алдымен ана тілін, одан соң ағылшын, сондай-ақ тағы бір көрші елдің тілін үйреніп, мәдениетімен танысуға міндеттеп отыр. Бұл әр елдің руханиятына құрмет көрсетіп, тілін сақтап қалуы үшін жасалып отырған игі шаралар.
Бұл бағытта мұсылман елдерінің де белгілі межесі бар. Әрі-беріден соң шариғат та көп тіл білуді қостайды. «Адамға жетпіс тіл білу де аз» дейді. «Ілімді Қытайда болса да үйрен» дейді. Қазақ «Үйрен де, жирен» дейді. Мұның барлығының астарында оқу, іздену, табу, жақсысын алу, керегіне жарату, сайып келгенде, жасампаздыққа ұмтылу талабы жатыр. Ал оның басты тетігі – тіл. Көп тіл білсең – бес қаруың сай, болмысың биік.
Тіл – жүйе, оған абсолютті еркіндік жат. Оны әркім өз қалауынша өзгертуге қахы жоқ. Тілдің кез-келген күйі тарихи факторлар жемісі, тілдегі таңбалардың өзгеріссіз қала беруі, өзгелермен ауыстыруға келмейтіні осыдан.
Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшу мәселесінде сөздік қоры неше мыңдаған сөздерден тұратын қазақ тілінің зор руханиятының сынын бұзбау, халық санасынан өшірмеу бағытында жан-жақты алғышарттар қарастырылуда. Әрине, ең басты талап – таңба мәселесі. Ол «білгендерге – анықтай, білмегенге танықтай» деңгейде айқындалып алмай бұл турасында бір жүйеге түсу қиын.
Өңірімізде қазақ тілінің қолданыс аясы 98 пайызды құрайды. Аудан төңірегінде 17 ұлттар мен ұлыстар мекен етсе, тұрмыс жағдайында өзге тілде қарым-қатынас жасаушылар 498 адам. Бір ғана мектепте орыс сыныптары болса, 3 балабақша орыс топтары ашылған. Бір қарағанда аудан төңірегінде тіл мәселесі мүлдем жоқтай сезілгенімен көңіл бөлуге тиіс бірқатар мәселелер бар. Алдымен, кенттің төрт қапталындағы кіреберіс маңдайшалардағы жазуларға тоқталсақ, «Жаңақорған» сөзінің әр түрлі қәріптермен берілгеніне көз де үйренді. Бір тұста «janakorgan» десек, енді бір тұста «zhanakorgan» деп жазулы тұр. Ал билборд беттерінде «zhanakorqan» деп жазылған. Әлеуметтік желі қолданушылардың парақшаларында да әр түрлі латынша жазылған атаулардын көз сүрінеді.
Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, кәсіпкерлік бағыттағы жарнамалар мен брендтер бетімен кетіп бара жатқандай. Орыс тіліндегі жарнамалардан тікелей аударылған мәтіндердің қатесін айтып өтсек, «Сатылымға шықты» дегенше «Сатылады», «Жеңілдетілген» деген сөзді «қолжетімді» деп кәдемізге жаратсақ қалай болар еді?! Соңғы бес жылда ашылған тамақтану орындарының атауы ағылшын тілінде берілуі де ойландырады. Мысалы «Newcastle» мейрамханасының қазақша мағынасы «Жаңақорған» екенін бірі білсе бірі білмес. Себебі халықтың көбі ағылшын тілін меңгермен. Жастардың жиі басқосар орталықтары «WOW» мен «Laim» да қазақ атауынан ада. Әрине, біздің мақсатымыз кәсіпкерлікке тіл тигізу емес, бәріміз бірауыздан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерсек игі
Ұлт руханиятының өміршеңдігін, мемлекетінің мәңгілік елдігін ойлайтын жұрт ең әуелі ана тілінің мәртебесіне мән берсе керек-ті. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айып кеткендей, ана тіліміздің тынысын кеңейту еліміздің жайқалып өсуіне тікелей әсерін тигізбек. Қорытындылай келе, тіл тазалығы – маңызды мәселе екенін ескеріп, өз ана тілімізді өзіміз ғана биікке көтере алатынымызды еске салғым келеді. Тіл – ұлт тағдыры. Сондықтан тағыдырымыз тым қысқа болмасын десек, ұлттық тілдің мәртебесін, ұлттық рухтың айб
ынын асқақ ұстау парызымыз.
Әли ТЕМІРБЕК
07 маусым 2025 ж. 312 0