» » Төтенше жағдай бейқамдықты көтермейді

Төтенше жағдай бейқамдықты көтермейді



Қыс айының аяқталуына санаулы күн қалды. Төтенше жағдайды ескерусіз қалдыруға болмайды. Қазақта «қыстың бір күнінен қорық» деген сөз бар. Сондықтан әрбір төтенше жағдайдың алдын алу үшін сақтық шараларын қатаң сақтауымыз қажет. Адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан түрлі қайғылы жағдайлар орын алып отырғаны рас. Азаматтар боран, бұрқасын, көктайғақ, және жауын-шашынның мол түсуі кезінде сақтық шаралары мен қауіпсіздікке бей-жай қарамауы тиіс.


Су айдындарындағы қауіпсіздік бірінші кезектегі мәселе. Мұз үстінде балық аулау, мұз үстімен келесі жағалауға өту және балалардың мұз үстінде ойнауының соңы қайғылы жағдайға әкелуде. Қазір аудан аумағында Сырдария өзенінде мұз қатпағанмен су арналар мен көлдерде мұз қатқан. Алайда ауа-райының жылы болуына байланысты каналдар мен көлдердегі мұздардың қалыңдығы мәз емес. Әрдайым тұрғындар тарапынан мұздың қалыңдығына, ауа-райының суық-жылылығына жете мән берілмейді. Балалардың жұқа мұздың үстіне шанамен шығып ойнауы, балық аулау кезінде ақауы бар жүзу құралдарын, яғни ескі қайықтарды пайдалану, сонымен қатар азаматтардың балық аулау барысында спирттік ішімдік ішіп қауіпсіздік ережесін сақтамауы салдарына келеңсіздіктер орын алуда.
Көлді жалға алушы жеке кәсіп­керлер тарапынан өз меншігіндегі су айдындарына бақылауды күшейту қажет, көл жағалауларына судан құтқару құралдары мен ескерту тақтайшалар орнату қажет. Қыс айларында су айдындарында мұз үстімен өту кезінде облыс аумағында азаматтардың қайғылы жағдайға ұшырауы жыл санап артып келеді. Осы жағдайларды ескере отырып, қыс мезгілінде өзен, көл, каналдарда мұз қату кезеңінде көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің мұз үстімен жүруіне тыйым салынатындығын ескертеміз.
Адам өміріне қауіпті келеңсіз жағдайлардың бірі – ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығу. Қыс мезгілінің тосын мінезінде әрбір адам өзін құтқаруға дайын болуы тиіс. Құтқару ережелерін, аман қалу жолдарын, өзін-өзі құтқару амалдарын барлық аңшылар, мал іздеушілер мен ұзақ жол жүрушілердің жадында жүргені артықтық етпейді. Осындай жағдайда мынадай ережелерді сақтаған жөн. Бірінші кезекте қыс басталысымен автокөлігіңізді қысқы дөңгелектермен жабдықтаңыз. Жолға шықпас бұрын автокөлігіңіздің техникалық жағдайына, жанармайының жеткілікті екендігіне көз жеткізіңіз. Азық-түлігіңізді жолға жеткілікті етіп алыңыз. Автокөлікте болуы қажет құралдар, қосалқы бөлшектер және дәрі-дәрмектер қобдишасын (аптечканы) тиісті мөлшерде толықтырыңыз. Жолға шықпас бұрын жақындарыңызды, туыстарыңызды жол жүру бағыты мен уақытын хабардар етіңіз. Автокөлікте ұялы телефоныңызды қуаттайтын құрылғы үнемі болуын қамтамасыз етіңіз.
Ал аң аулауға немесе мал іздеуге шығатын болсаңыз да ұялы телефоныңыздың қуаты толықтығына көз жеткізіңіз. Жылы киініп, ыстық шәй немесе кофе құйылған термосты, қолшам болуын ескеріңіз. Қарлы боранда жолда қалып қойсаңыз үрейге бой алдырмаңыз; Автокөлікпен жолда қалсаңыз жылы оранып, жанармай үнемдеу үшін көлікті жиі жылытыңыз және автокөліктен жиі шығыңыз, себебі қозғалтқыштың жұмыс істеуі кезінде шығатын улы газ өте улы. Егерде төтенше жағдайларға тап болсаңыз «112» нөмеріне телефон шалып, тұрған жеріңді және қандай көмек қажеттігі жөнінде хабарлау қажет.

Төтенше жағдайлар бөлімі

22 ақпан 2025 ж. 227 0