№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғандағы балық шаруашылығының жай-күй қалай?

Жаңақорғандағы балық шаруашылығының жай-күй қалай?

«Теңге – тиыннан, ынтымақ – ұйымнан» деген қазақ мәтелі тегін айтылмаса керек. Мағынасына келсек, әрбір үлкен істің бастауындағы ниет бірлігіне саяды. Яғни тиыннан тау тұрғызып, мол табысқа кенелуге болады деген сөз. Мәселен, балықты көбейтуді мақсат еткен кәсіп иелері шабақ өсіруге аса мән беруге міндетті. Әсіресе, күріш суы тартылғанда қараусыз қалған майшабақтар аң-құсқа жем болып, құрт-құмырсқаның азығына айналғанын талай көз көрді. Сондықтан осы салаға жауапты мамандар көл иелері жаздың соңына қарай шабақты құтқару науқанына білек сыбана кіріседі. Биыл да «Балық шабақтарын құтқару акциясы – 2024» дәстүрлі жалғасуда.
Облыс әкімдігінің хатымен бекітілген «2024 жылға облыс көлеміндегі күріштік алқаптарда қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстарының іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасарымен бекітілген жоспар аясында 700 000 дана балық шабақтарын құтқару тапсырылған. Кезекті шабақ құтқару шарасы барысында облыстан арнайы мамандар келіп, күріштіктерді аралап, көлдерге шабақ салу жұмыстарына қатысты.
Акцияға Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас мамандары Б.Белгібаев, Б.Балжанов, Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциясы директорының орынбасары Е.Баязитов, ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ж.Тұраповтар қатысып, дәстүрлі науқанға серпін берді. Сондай-ақ, табиғат пайдаланушылар арасынан «Кіржуған», «Қойлақы-Ата», «Имаш», «Жыңғылдысай», «Тынысбек», «Қалғандария-1», «Қалғандария-2», «Баспақкөл» және «Мырзакөл» көлінің иелері де ортақмақсаттан тыс қалмады.
– Жыл сайын шабақ құтқару жұмысына жұмыла кірісіп, мүмкіндігінше көл байлығының шығын болмауын қадағалаймыз. Биыл жұмыс берекелі ұйымдастырылып, құт¬қарылған шабақтар келесі жылдың көктеміне дейін өсіп, кәсіптің керегесін кеңейтеді деген ниетіміз бар. Ең бастысы, табиғат байлығы талан-таражға түспей, көптің игілігіне жаратылуы керек, – деді «Кіржуған» көлінің иесі Н.Жұманов.
Арнайы топ «Р-11» каналы бой¬ынан шабақ құтқаруға қатысып, Кіржуған көліне – 50 000 дана, Жыңғылдысай көліне – 60 000 дана, «Р-16» каналы бойынан Қойлақы-Атаға – 40 000 дана, Тынысбекке – 40 000 дана, Имаш көліне – 10 000 дана, Қалғандария-1-ге – 30 000 дана, Қалғандария-2-ге – 20 000 дана, Баспақкөлге – 15 000 дана, Мырзакөлге – 15 000 дана, барлығы 280 000 дана балық шабақтарын тиісті су айдындарына жөнелтті.
– Акцияны орындау барысында ағымдағы жылдың 12-13 тамыз күндері «Борықты» көлінің иесі және 3 жұмысшысы, 1 дана УАЗ техникасы, 1 дана су сорғыш насос қондырғысы, 3 дана шелек, 1 дана балық сақтайтын бөшке көмегімен Жаңақорған ауданының шипажайына баратын «Тұздыкөл» көліне құятын арнаның бөлектенген бөлігінен 60 мың дана (карас – 48 мың, сазан – 9 мың, тұқы – 3 мың) балық шабақтары құтқарылып, «Борықты» көліне жіберілді. Одан бөлек, Аққорған ауылдық округінде күріштік алқаптарын сумен қамтамасыз ететін «Р-11, Р-16» каналдарынан балық шабақтарын құтқару акциясы ұйымдастырылды. Акцияға 6 техника, 20 адам, балық тасығыш систерна, бөшке, шелек, аулағыш торлар, өзге де құралдар қатыстырылды. Алдағы күндері акция Сунақата, Екпінді, Қыркеңсе, М.Нәлібаев, Өзгент, Жаңарық ауылдық округтерінде жалғасын табатын болады, – деді жауапты маман Жасұлан Тұрапов.
Шыны керек, шабақтың шығынын көргенде «әттеген-ай» деген ой келеді. Неге? Өйткені бізде балық шаруашылығы дами қойған жоқ. Шабақ деген дайын өнім ғой, соны өсіріп-өндірсек, не болмаса сол дайын күйде иігілігімізге идірсек деген ой ғой. Өткенде де айтқн болатынбыз, біздің күнделікті тіршілікте тұтынып жүрген майшабақ консервілері, балық паштеттері немесе қазір кез-келген дүкеннен табылатын кептірілген майда балықтар біз әлгінде ғана атап өткен күріш алқабында күз келсе қырылып қалатын шабақтардан жасалған. Оның дүкендегі орташа бағасы – 500-600 теңге. Көзге түскен консервідегі балықтардың басым бөлігі Орал өңірінде дайындалса, қалтадағы кептірілген балықтар Алматы облысынан шығарылады.
Осы жерде балық бизнесіне бет бұратындарға құлаққағыс болсын, балық шаруашылығын субсидиялау да әжептеуір көңілге демеу. «Балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау» 034 бағдарламасы бойынша бекіре, арқан және тұқы балықтарының түрлері мен олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын жемді сатып алуға жұмсалған шығыстардың 30%-ын, өзге де шығыстардың 50%-ын өтеу облыстық бюджеттен қаралатын қаражат арқылы жүргізіледі.
Биыл ауданда күріш өсіру межелі орындалды, өнім де көңіл қуантарлық. Диқандар төккен термен еңбекті ақтады деп қуануда. Енді шабақтар шығын болмаса болғаны. Өйткені балық та табиғаттың бір байлығы, әрі табыс көзі. Тілін түсініп, істің көзін тапқан адамға балық бизнесі қыруар пайда әкеледі. Десе де Жаңақорғанда балық шаруашылығы аяғынан тік тұрып кете қойған жоқ.
Қорыта айтқанда, жасалынып жатқан игі іс – Сыр балығына деген қамқорлық. Табиғат сыйы – тіршілік иесін құтқару әрбір азамат алдындағы үлкен жауапкершілік. Табиғат өзі жүктеп отырған маңызды міндет дер едік. Сондықтан бұл тіршілік иесіне де мейірімділік танытқан абзал.
 
Әли ТЕМІРБЕК
15 қараша 2024 ж. 223 0