№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол апаты неден шығады?

Жол апаты неден шығады?


Елімізде жыл басынан бері жол апатынан 1400-ге жуық адам қаза болса, 16 мыңнан аса азамат жарақат алған. Жыл сайын темір тұлпардан келетін қатердің саны азаяр емес. Оның себебіне келсек, жолдың нашарлығы, жүргізушілердің масаң күйде көлік басқаруы және жол белгілерінің дұрыс болмауынан деген болжам айтуда сарапшылар. Біз бұлардың қатарына тәртіпті жиі бұзатын егде жастағылар мен нәзік жандарды және түнгі мезгілде желдей жүйіткіген жастарды қосар едік. Бұл мәселе Президент Жолдауында да айтылды. Мемлекет басшысы қауіпсіздікті жол-көлік инфрақұрылымын жақсартып, интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы қамтамасыз етуге болады деді.


Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 984 адам қайтыс болған. Биылғы жылы да бұл статистика азаятын емес. Дәл осы тұста ведомство жол апаттарының көбеюіне елдегі жолдардың сапасыздығы себеп болғанын алға тартқан екен. Қазақстанда жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақыры­мы республикалық жолдардың еншісінде. Көлік министрлігі 2024 жылдың алғашқы 6 айында еліміз жол құрылысында рекорд орнатқанын жария еткен еді. 12 мың шақырым жол жөнделген, оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар.
Халықаралық қауымдастықтар жол апаты төңі­регінде түрлі зерттеулер жүргізген. Мәселен, БҰҰ бұған дейін әлемде жыл сайын 1,3 миллион шамасында адам жол апатынан қаза табатынын хабарлаған. Оқыс оқиға салдарынан көз жұматындардың әрбір төртіншісі жаяу жүргінші мен велосипедші. Ал жарақат алатындар саны 50 миллионды көрсеткен. Өкініштісі, өміріне қауіп төнгендердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейін. Яғни, жастар жағы жол апатынан көбірек құрбан болуда. Былтырғы Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде жол сапасы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 93-орынға тұрақтапты. Өте төмен көрсеткіш. Бұған қоса сарапшылар елдегі жол апаттарының 25 пайызы жолдардың сапасыздығынан болатынын алға тартады.

Сыр өңіріндегі статистика

Өңірде жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 81 адам қаза тапса, түрлі дәрежедегі жарақат алғандар саны 667-ге жетіп отыр. Қара жолдағы қайғылы оқиғалардың белең алуына ең алдымен жүргізушілер­дің жүгенсіздігі мен жауапсыздығы себеп болып отыр, дейді мамандар. Әсіресе көлік жылдамдығын шама­дан тыс асыру жағдайлары жиілеген. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда мен Ақтөбе облысы аралығын жалғайтын аумақтан тәулігіне 10 мыңға жуық көлік өтеді. Жыл басынан бері аталған аумақ аралығында 53 жол-көлік апаты орын алса, оның 35-і қайғылы жағдаймен аяқталғаны баяндалды.
– Кемінде 1 ауданда 3-4 елді-мекеннен бар. Ішкі Істер министрлігінің жоспарына сәйкес, біз барлық учаске инспекторларын, патрульдік полиция қызметкерлерін жұмылдырып, автокөліктердің кептеліс уақыттарын бақылауға алып отырмыз. Онымен қоса, көліктің өзі-өзінен аударылатын жағдайы жолда ұйықтап кетуден болады. Сондықтан күнделікті қызметкерлермен бірігіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді ОПД ЖПҚ басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев.
Айта кетейік Ведомствоның мәліметінше, респуб­ликалық маңызы бар тас жолдарда тоғыз айдағы 99 жол апатына үй жануарлары себеп болған. Салдарынан екі адам мерт болып, 14 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Бұл көбіне «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолында жиі орын алатын жағдай. Біздің ауданда да бұл жағдай қалыпты құбылысқа айналды.

Аудандағы ахуал

Полиция бөлімінің патрульдік полиция тобы қызметкерлерінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 10 айында аудан көлемінде 43 жол-көлік оқиғасы орын алып, оқиға орнында 15 адам қаза болса, 58-і жараланған. Бұл былтырғы статистикадан әлдеқайда жоғары, 2023 жылы 5 адам өмірден озса, биыл олардың саны үш есе көп. Талдау көрсеткендей, оқыс жағдайлардың 12-сі халықаралық жолдарда, 2-еуі облыстық, 6-ы ауданаралық ішкі жолдарда және қалғаны кент ішінде тіркеліпті. Апаттан көз жұмғандардың 9 жағдайы халықаралық жол бойында орын алса, кент ішінде 4 жағдай тіркеліпті. Аудан орталығында жол апаты жиілеп кеткені жасырын емес. Жол кедергілерін орнатып, бақылау камераларын жиілетіп, полиция қызметкерлерінің қатаң режимді бақылауы да тәртіп бұзушылықты ауыздықтай алмауы қынжылтады.
Тағы бір статистика, көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 72 жүргізуші ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабы бойынша айып тағылып, көлік басқару құқығынан айырылған. Темір тұлпарды тізгіндеу құқығынан айырылса да, тәртіпті бұзып, рөлді меншіктеген үш адамға айып тағылып, заңды түрде жазасын өтеді. Жол апатына себеп болған малдың таңбалары болмауынан көбіне иелері жазадан құтылып кетеді екен. Әсіресе, түнгі мезгілінде Жайылма-Жаңақорған тас жолының (ескі М-32 Самара-Шымкент тас жолының орман алқабы тұсы) бойында ірі қара малдың көп жүруі жол апатына себепші болатыны айтылды.
– Қазіргі таңда аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында елді мекендерге бекітілген учаскелік полиция инспекторлары төрт түлікке байланысты рейд жұмыстарын күшейтті. Олар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында өздеріне қарасты округ тұсындағы тас жолдарға шығып кеткен жануарларды жолдан ығыстырып, олардың ені мен таңбаларын суретке түсіріп, иелеріне әкімшілік қылмыстық іс бойынша шара көру жұмыстарын атқаруда, – деді аудандық полиция бөлімінің кадр жөніндегі инспекторы Ермұханбет Абдраманов.
Бізде бір мәселе бар, ол мектеп оқушыларының көлік басқаруы. Кәмелет жасқа толмағаны былай тұрсын, 9-10-шы сыныптың балалары әке-шешесінің немесе аға-әпкелерінің көлігін мініп шығып, тайраңдап жүреді. Соңы орны толмас қайғыға алып келеді. Биылдың өзінде мұндай екі жағдай тіркелді. Бұған ең алдымен ата-ана кінәлі.

Жолдың жайын жүрген білер

Аудандық маңызы бар жолдар толық дерлік асфальттанғаны рас. Бірақ кент ішіндегі кейбір көшенің жолдары талапқа сай емес, салдарынан апат орын алып жатады. Кінәні өзгеден емес, өзімізден іздегеніміз дұрыс. Сарапшылар жолдың нашарлығын, өзге де себептерді алға тартуда. Бірақ, басты қателік көлік тізгіндегеннің ережені бұзуынан дер едік. Күні бойы жол бойында байқайтынымыз, басым көпшілік тәртіп бұзатындар зейнет жасындағы көкелеріміз бен қыз-келіншектер екенін айтпасқа амалымыз жоқ. Ал, түнгі уақытта жүйрік аттай жүйіткіген есер жастарды көргенде жаға ұстайсыз.

– Өзім такси қызметінде жүргеніме 10 жылдан асты. Неше түрлі жол апатына куә болып жүрмін. Көбіне тапа-тал түсте соғысып жататын көліктер ызаңды келтіре­ді. Олардың арасынан қызметтік көліктерді де көрдік, жалпы темір тұлпардан төнген қауіп аз емес. Барлығын жолдың нашарлығына жабу қисынсыз, одан бұрын көше бойында бейқам жайылатын үй жануарларының кесірінен қаншама жағдай орын алуда. Тағы бір жайт, жаяу жүргіншілер де тәртіпті жиі бұзады. Жүргіншілер жолағын елемей, жолдың кез келген жерінен келесі бағытқа өте салады. Бұл жағдай кенттің күретамыр көшелерінде жиі байқалады. Салдарынан қаншама жүргізуші кінәлі болып табылады. Айта берсек, себеп жетеді, біз жай ғана жазым дейміз де қоямыз, – деді Нұрділла ағамыз.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен биылғы жоспар бойынша жөнделіп жатқан жолдар бойынша мәліметтер іздедік. Жоспар межелі, жұмыс сапалы, тек кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын көреміз. Ой-шұңқыры көп көше де аз емес, бірақ бұл көлікке кінәрат әкеледі демесеңіз, жол апатының себебін одан көру қате түсінік болар еді.

Дәрігерлер не дейді?

Таяуда Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан автокөлік иелерінің такси қызметін атқара алмайтынын мәлімдеді. Ол үшін қалааралық тасымалда танымал «Индрайвер», «Ян­декс» компанияларымен келісім жасалған. Бұл да жол апаттарын азайтуға септессе игі. Әйтпесе алыс жолдарда апатқа түсіп жатқан көліктерді қарасақ, рөлі оң жақта орналасқан, жүргізушілер арасында «зымыран» атанған Toyota Alphard секілді көліктер екенін жиі байқаймыз.
Дәрігер қауым жол апатының тағы бір кезекті себебі энергетикалық сусындарды көп қолдану деп тұжырымдайды. Қалааралық көлік жүргізушлердің көбі ұйқысы қанбаған күйі жолға шығады. Соның салдарынан көпшілігі энергетикалық сусындарды пайдаланатыны анық.
– Жол апатының көбеюінің бірінші себебі – энергетикалық сусындар. Көбі назар аудармайды, энергетикалық сусындарды шығарушы компания­лардың өзі «жүйке жүйесі қозған адамдарға тыйым салынады» деп ескертіп отырады. Жүйке жүйесі қозған адамдарға кімді жатқызамыз? Мәселен, неврология бойынша ұйқысы қанбаған немесе ұйқысы дұрыс болмаған адамдар осы санатқа кіргізіледі. Такси жүргізушілердің ұйқысы қанбаған күйі энергетикалық сусын алып жолға шыға беретінін жақсы білеміз. Бұл сусынның ішіндегі L-карнитин және кофеин заттары жүйке жүйесін толықтай блоктайды. Жүргізушінің көзі ашық, сөйлеп, әңгімелесуі мүмкін, бірақ өзін басқара алмайтын күйде болады. Адам бұны сезінбеуі мүмкін, шынында барлығы өз бақылауында болмайды, – деп жеткізді маман.
Қысқаша айтқанда, жол апаты себебін әркім әр түрлі бағамдар, бірақ, қазақта «Сақтансаң, сақтайды» деген бар, соны ұмытпағанымыз жөн.

Әли ТЕМІРБЕК

09 қараша 2024 ж. 270 0