№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол апаты неге жиіледі?

Жол апаты неге жиіледі?


Жалпы жыл басынан бері елімізде жол апаты жиіледі. Оған бірден-бір себеп ауа райының күрт бұзылуы болса, екіншіден, жүргізушілердің масаң күйде көлік басқарғанынан дейді сарапшы мамандар. Жол апатының жиі орын алуы жылдағы дәстүрге айналғандай. Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өскені, салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алғаны көрсетілген.


Бүгінде техника тізгін­дегендер қата­ры көп. Арасында мек­тептегі жеткіншек пен жетпістегі қария­лар да бар. Әр үйде кем дегенде бір көлік қажетіне жарап тұр. Біз бұған қуанамыз. Қазақ байып жатса қанекей. Бірақ жолда жүру ережесіне келгенде өрескел қателікке бой алдыратынымыз өкінішті. Өзім де күнде рөлде жүргеннен соң жиі тәртіп бұзатындарға тап боламын. Түсінгенім, ереже сақтамайтындар­дың басым көбі алпысты алқымдаған аға буын мен нәзік­жандылар. Ал, түнгі мезгілде жастар жүгенсіз кетеді. Жүйіткіген көліктер түннің бел ортасына дейін жаңақорғандық жұрттың мазасын алады. Оған себеп өзара жарысу, жалпақ тілмен айтқанда «адреналин» алады-мыс.
Рөлге мас күйде отыру, жылдамдық­ты асыру, жүргізушілердің жүгенсізді­гі, жаяу жүргіншілердің бейқамды­ғы мен жауапкершілікті сезінбеуі, ескі көліктерден шыққан ақау, апатқа басты себеп осы жағдайлар. Соның ішінде, көлікті масаң күйде айдайтындар азаймай тұр. Олардың қатарында орта жастағы аға буынның қарасы көп. Мұндай құқық бұзушылықтың жазасы ауырлатылған, екінші рет ұсталғандар жеті жылға дейін жүргізушілік куәлігінен айрылады. Соған қарамай адамдардың заңсыз әрекеті тыйылар емес. Қарапайым қатардағы жұмысшылар, таксистер, мемлекеттік қызметшілер, қандай саланың болмасын мамандары ережені бұзып, жауапқа тартылып жататынын көз көріп, құлақ естіп жүр.

Айыппұл артты, жол сапасы сын көтермейді

Рас, біздегі кейбір көшелердің тозығы жеткен, кейбір жол белгілері де дұрыс қойылмаған. Оны мойындау керекпіз. Соған қарамастан айыппұл да артып отыр. Біздің ауданда ең көп төленетін айыппұл – жылдамдықты 20 км/сағ асыру (5 АЕК) – 18 460 теңгеге дейін өсті. Белдік тақпау, самокат немесе мопедте шлемсіз жүру, аялдау және тоқтап тұру ережелерін бұзғаны үшін де дәл осындай соманы төлеуге тура келеді. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендерге 10 АЕК – 36 920 теңге айыппұл салынады. Жүргізушілер мына жағдайда 10 АЕК айыппұл арқалайды: егер жаяу жүргіншіге жол бермесе; жылдамдықты 20 км/сағ-тан 40 км/сағ дейін асырса; мүгедектерге арнал­ған тұраққа көлігін қойса. Жүргізуші куәлігінен айырылған адамға көлік жүргізгені үшін 50 АЕК немесе 184 600 теңге айыппұл көзделген. Сондай-ақ ол 10 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.
Жол апаты орнынан кетіп қалған жүргізушіге де осындай көлемде айып­пұл салынады немесе айыппұл бір жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасына алмастырылады. Утиль алымы да айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Яғни, 50 АЕК базалық ставка құны 184 600 теңгеге дейін көтеріледі. Автокөлікті кіргізгені үшін ең төменгі төлем:1000 см³ дейін – 276 900 теңге; 2000 см³ дейін – 646 100 теңге; 3000 см³ дейін – 923 000 теңге. Электромобильдер үшін ештеңе төлеудің қажеті жоқ – утиль алымы нөлге тең. Автокөлікті бастапқы тіркеу ставкасы 923 теңгеге тең. Үш жылға дейінгі көліктерді есепке қою 172 500 теңгеден 184 600 теңгеге дейін өседі. Үш жылдан асқан авто үшін (500 АЕК): 1 725 000 теңгеден 1 846 000 теңгеге дейін белгіленген.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде 30 жыл ішінде жол-көлік апатынан 84 мыңға жуық адам қаза тапқан. Бұл жағдайға темір тұлпарды тізгіндегендер де, жолдың сапасыздығы да, ауа райының құбылуы мен жолда жиі жүретін төрт түліктің де үлесі өте көп. 2023 жылдың он айында елімізде 11 мың 618 жол көлік оқиғасы болған. Салдарынан 1942 адамның өмірі қиылған. Жан тапсырған жасөспірімдер мен балалар саны да аз емес. Ал әртүрлі деңгейде дене жарақатымен алғандар саны 14 мың 456 адамды құрап отыр.
Енді ауданға оралайық. Аудан көле­мінде былтыр 41 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 жолаушы жан тапсырса, түрлі жарақат алғандардың саны 54-ке жетіпті.
– Кент орталығында болған жағдайдан 28 тұрғын зардап шеіп, 2 тұрғын өмірден озса, облыстық маңызы бар жолдар, яғни елді мекенге барар жолда бол­ған апаттан 4 жолаушы қайтыс бо­лып, 13 адам жараланды. Республикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» тас жолының бойында болған оқиғадан да 13 жолаушы түрлі дене жарақатын алды, – деді полиция капитаны Ермұханбет Әбдраманов.
Жоғарыда апатқа басты себеп жыл­дамдықты асыру, қарсыдан мал шығып қалу салдарынан да болады дедік. Мал демекші, кент, ауылдағы ағайынға құлаққағыс болсын, қараусыз қалған төрт аяқтылардың кесірінен қаншама тұрғын зиян шегуде. Оның айыппұлы да бар, бірақ ондай кезде көбісі өз малын аяқасты танымай жалтарып жатады. Кент тұрғындары бұрындары малды өріске айдаушы еді, қазіргілер есігінен шығарып жібереді. Егер малды асырай алмаса обалына қалудың не жөні бар?
Елді мекенде апат жиі болады. Осыған байланысты поли­ция бөлімі «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқықтық тәртіп», «Мас жүргізуші қылмыскер», «Учас­кі» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын жиі өткізіп келеді. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданып, азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Кей жағдайда жол апатына жаяу жүргіншілер кінәлі. Қазақстандағы әр­бір үшінші жол-көлік оқиғасы – жаяу жүргіншіні қағып кету. Күрежолдың бой­ында қаза тапқандардың жартысы­нан көбі осындай жағдайлардан зар­дап шеккендер екен. Көбі алып-ұшып, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан немесе белгіленбеген жерден жолды кесіп өтеді. «Асығу – шайтанның ісі» дегендей, асығыстықтың ақыры қаралы оқиғаға әкеліп соғып жатады. «Ащы суға» сылқия тойып алып, көше кезетін жүргіншілер де жоқ емес. Өкінішке қарай, кейде жол апатына балалар да кінәлі. Кейбірі жол қозғалысы ережелерін біл­месе, кейбіреуі біле тұра сақтамайды.
– Кейде шұғыл шаруамен аудан орталығына жедел жету үшін кез келген таксиге отырамыз. Сонда байқайты­ны­мыз, көп жүргізуші жолаушылар­дың талабымен санаспайды. Мәселен, бұрылысы көп күре жолдың бойында көлікті өте жоғары жылдамдықпен жүргізеді. Жолаушылардың ескертуін құлағына ілмейді. Оған себеп осы бағытқа қатынайтын такси өте көп. Сондықтан кезек күтуге тура келеді. Тіпті кезекке таласып, қоғамдық ортада бір-бірінің жағасына жармасып, балағаттап жататынын көзіміз көріп жүр. Сондықтан кейбір ақшаға құныққан таксилер бір адамды артық алып, екі-үш қатынауға үлгеріп қалғысы келеді. Олар тізгіндеген темір тұлпарын жүйіткітіп, адамның қауіпсіздігін емес, діттеген жеріне жылдам жетуін көздейді, – дейді көпбалалы ана Алтынай.

Әлемдік тәжірибенің қарапайым қағидасы

Жылына көлік апатының салдарынан әлем бойынша шамамен алғанда 1 миллионнан астам адам көз жұмады екен. Олардың арасында қаншама жасөспірім бар. Көліктердің кесірінен қаза болғандар саны жөнінен кірісі төмен немесе кірісі орташа елдер алда тұр дейді статистика. Бұдан бөлек, жыл сайын миллиондаған адам жол апаты салдарынан жараланады. Егер жол-көлік оқиғаларын азайтпаса 2030 жылға қарай бұл адам өліміне себеп болатын жетінші көрсеткіш деңгейіне көтерілмек.
Жоғарыда басты қауіптің неден келетінін тарқаттық. Осы орайда ше­телдік тәжірибеден ұтымды мысалдар ұсынсақ.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жол апатын тыюдың бірден-бір жолы – бейнебақылауды тиімді пайдалану. Алысқа бармай-ақ, Қызылорда қаласын айтайық. Көше бойындағы күндіз-түні істейтін бейнебақылау жүйесі полиция қызметінің бақылауында. Осы арқылы жолдағы келеңсіздіктер саны азайды.
Сондай-ақ, әлемдегі жол сапасы жөнінен алдыңғы орында тұрған Ұлы­британия жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. АҚШ-та да жол-көлік оқиғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік айдауға тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып оты­рып жанжалдасқан жүргізушілер тура­лы ақпаратты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.
Біз жобалап-жүйеледік, қалғаны уақыттың еншісінде, ел аманда мұн­дай апатты оқиғалардың көбейгені қынжылтады. Бұл тек құқық қорғау қызметкерлерінің міндеті емес, бұл дертпен жаппай күресуіміз керек.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

20 ақпан 2024 ж. 446 0