Сары судың кесірі жол апатын жиілетті
Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында, күнделікті рейдтік-профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеді. Жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау, ең бастысы, мас халде көлікке отырмау керектігі жүргізушілерге үнемі ескертіліп отырады. Соның ішінде заң қатаңдатылғанымен, ішімдік ішіп көлік басқаратындар да баршылық.
– Аудан бойынша 2022 жылдың 10 айында мас күйде көлік жүргізудің 122 дерегі анықталған. Мәселен, біздің қызметкерлер тек 1 тәулік ішінде аудан аумағында масаң күйде көлік басқарған екі жүргізушіні анықтаған. Полиция қызметкерлері аталған жайттарға байланысты ӘҚБтҚ-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша жауапкершілікке тартып, іс құжаттарын аудандық сотқа жолдады. Соның нәтижесінде жүргізушінің екеуі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Асанұлы.
Осы тұста Жаңақорған ауданының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Өйткені, жыл басынан бері тіркелген 3 жағдайдың соңы адам өліміне алып келгенін бәріміз білеміз. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе. Енді қылмыстың алдын алу үшін не істемек керек? Полиция қызметкерлері осы жағдайға ерекше тоқталды. Олар ішімдік айналымынан бас тартқан ауылдарды көпке үлгі етіп көрсетуде.
– Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елі қоғамның өзегіне түскен осы дертпен күресте бірқатар шаралар атқаруда. Салауатты өмір салтын наси-хаттау үшін Қазақстанда да ішімдікке қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында дүкендер мен сауда нүктелеріне тексеру жүргізуде. Әрбір азамат зайырлы қоғамның белді бір мүшесіне айналу үшін алдымен ішімдік пен жаман әдеттерден түбегейлі бас тартуы керек, – деді аудандық полиция бөлімінің капитаны Ермұхамед Әбдраманов.
Сала қызметкері осы ретте, елімізде алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдарынан орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтармен улану секілді сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жүйелі екенін жеткізді. Жаңақорған ауданының полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторлары әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындарға ішімдікті тұтынудан толықтай бас тарту жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.