Соңғы жаңалықтар

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 48

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қайда барасың, такси бағасы?

Қайда барасың, такси бағасы?


Жаңақорған кентінің аумағы кеңейіп, халық санының көбеюінен такси қызметін пайдаланушылар қатарының артуы заңды. Сәйкесінше, қызметтің осы түрін ұсынатындар да көбейді. Бірақ таксидің бағасын әркім өз бетінше жөн-жосықсыз көтере беруге ерікті ме? Неге қымбат? Әлде біздің таксилерде ерекше жағдай жасалған ба?


Алыстан орағытпай, жәй-жапсарды өз ба­сымнан тарқатып көрейін. МАИ бекеті аумағына қоныс аударғалы таксидің тұрақты тұтынушысы болдық. Бастапқыда кент орталығына 500 теңгеге белгіленсе, қазір 700 бен 900 теңгеге қымбаттады. Енді қараңыз, Жаңақорғаннан 70 шақырым қашықтықтағы Шиелі кентіне бару үшін 1000 теңге төлесек, МАИ бекетінен бие сауым жердегі кент орталығына 700 теңгемен жетеміз. Сонда логика қайда қалды? Күні түскеннің көнбістігін пайдаланып ойларына келгенді істеуге бола ма екен? Осыдан бір ай бұрын орталықтан Ипподром аймағында орналасқан мектебіне бару үшін 500 теңге төлеп келген оқушы ұлым қарашадан бастап такси құнының 600 теңге болғанын айтты. Бір айдың ішінде нарықта қандай өзгеріс болды екен деген ойға қалдым.
Алдымен таксидің ауыларалық, қалааралық жолақысын білу мақсатымен такси тұрақтарына арнайы бардық. Жаңақорған кентінен Қызыл­ордаға дейін 2500 теңге, Түркістанға дейін 1300-1500 теңге, ал Түркістаннан Жаңақорғанға қайту құны 2000 теңге. Бұл да миға сымайтын дүние. Қайтар жол ұзақ деп тағы айта алмайсың. Ал, Шиеліге 1000 теңге, Төменарыққа 600 теңге, Түгіскенге 700 теңге, Жаманбай ауылына дейін 1000 теңге, осылай кете береді. Жүз шақырым қашықтықтағы Көктөбе мен Қандөз тұрғындары аудан орталығына келгісі келмейтінінің себебі түсінікті болған болар. Ал, шиеліліктер елді мекенге бару үшін автобус қызметін пайдаланады. Осыдан-ақ бізде елді мекен арасында қатынау қымбатқа түсетінін аңғару қиын емес. Бұған не себеп? Әрине, санасы нарыққа байланған жерлестерімізде ынсап пен қанағат азайғанынан деп білеміз.
Абайдың пәлсапалық ойларын зерделесеңіз, қанағат – қол қусырып, несібеңнен қағылып, қарап отыру емес, керісінше, шектен шықпау, өзіңе тиесілі емес дүниеге ұмтылмау, рухани болмысқа қиянат жасамау екенін ұғасыз. Ал, ынсап туралы ізденгенде Абайды қайта табамыз. Ақын «Талап, еңбек, терең ғой, Қанағат рақым ойлап қой» деп талап пен қанағатты қатар айтады. «Ынсапсыздың ұяты жоқ» дейді халық даналығы. Енді журналистік қисынға салсаңыз, ұят кеткен жерде ынсапсыздық орнамайтынын оңай ұғуға болады. Міне, жаңақорғандық және шиелілік таксистерді салыстырғанда ынсап туралы сөз сабақтауымыздың сыры осында.
Бұл ойымызды кент тұрғыны Ақнұр Шалабайқызы да растады:
– Көрші Шиелімен ертеден құдандалы елміз. Жақында құдалар жақта үлкен ас болып, жолымыз түсті. Сонда Шиелі кентіне дейін 1000 теңге төледік. Қайтарда тағы 1000 теңгемен келдім. Бұл қалай болғаны? Көлігі ерекше болса мейлі ғой. Шиелінің автобекетінен Қызылорда мен Түркістанға қатынайтын таксилер көп. Олар Қызылордаға 1300-2000 теңге, Түркістанға1200-2000 теңгеге қатынайды екен. Мәселен, Түркістан қаласы мен Жаңақорған кентінің арақашықтығы 108 шақырым болса, Түркістаннан Шиеліге дейін 166 шақырым. Солай бола тұра, Жаңақорған-Түркістан бағытындағы такси қызметі Шиелі-Түркістан бағытынан әлдеқайда қымбат. Неге? Сонда біздің таксистерде қанағат деген жоқ па? – дейді ол.
Бұл жөнінде жауапты мекеме – аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мамандарынан мән-жайды сұрадық. Біздің сауалымызға бөлім басшысы Марлен Нұртазаев егжей-тегжейлі жауап берді.
– Кенттің ішінде, қалаларға және ауылдық округтерге қатынайтын таксилерге бағаны бақылай алмаймыз. Олар жеке кәсіпкер ретінде Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп салық төлейді. Яғни заңды жұмыс атқарып отырған таксистерге кедергі келтіре алмаймыз, – деді сала басшысы.
– Ауыларалық, көшеаралық таксидің жайы түсінікті болды. Ал, арнайы бағдарламамен жұмыс жасап отырған «Ало», «Халық» сынды такси бағасын бағамдауға болмай ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, біз мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпкерлердің қызметіне, өкінішке қарай, қандай да бір тексеру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Дегенмен, бағаның қарыштауына халықтың өзі де себепкер. Егер қымбат қызметті тұтынбаса, жүргізушілер амалсыз бағаны азайтар еді. Екіншіден, такси қызметінде бақталастықтың аздығы себеп. Мәселен, көрші Шиелі ауданында «InDraive», «Яндекс Go» секілді бағдарламамен жұмыс жасайтын такси дамыған. Ол жерде әркім өз бағасын көрсетеді. Нәтижесінде баға арзандайды. Біздегі баға тұрақсыздығы уақытша құбылыс. Шиелідегі әдіс көп ұзамай бізге де келеді. Сонда баға тұрақталады, – дейді ол.
Шыны керек, бүгінде кәсіпкерлер үлкен қолдауға ие. Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін кәсіпкерлік субъектілер жұмысын тексеруге тыйым салынды. Алайда кәсіпкерлер мемлекеттің қамқорлығына лайықты жауап беріп отыр ма? Міне, көп сұрақ осы жерден туындайды. Содан болар, ауыларалық таксидың бағасын қымбаттататын болса, оған шектеу қою мүмкін болмай тұр. Әрине, көлік ауамен жүрмейді. Бірақ бір айдың ішінде жанар-жағармай мен газдың бағасы қымбаттамаған секілді. Сөзіміз нақтырақ болу үшін «ТS»жанармай құю бекетіне атбасын бұрып, соңғы үш айдағы бағаның бағамын білдік:
–Жалпы, биыл жанармай бағасы тұрақты. Мәселен, 92-ші жанармай қыркүйек айында 197 теңге болса, қазанда 198 теңге, қарашада 200 теңге болып тұр. Ал, газ бағасы 65 теңгеден 70 теңге болды. Бағада қатты өзеріс жоқ, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Алайда жоғарыда жазғандай, Шиелі ауданымен салыстырғанда бізде қымбатшылық едәуір сезіледі. Мұның бәрі халықтың қалтасын қағатыны айтпаса да түсінікті. Егер аудан орталығына немесе кенттің шеткі аумағындағы тұрғындар күнделікті жұмысқа таксимен қатынайтын болса, табысының қомақты бөлігін шығындайтыны анық.
– Біздің ауданда жол жүру ақысы қымбат. Кент ішіндегі қоғамдық көліктің кестесі тұрақты емес. Оған күні қарағанның көбі сабақтан, жұмыстан кешігіп әбігерге түседі. Сосын амал жоқ, такси шақырады. Такси құнының қымбаттауы өз алдына, шақырған мекенжайға уақытылы келмейді. Сағаттап күттіреді, ал өздері 5 минуттан аса күте алмайды. МАИ бекетіндегі бірінші көшеге 700 теңгемен бұрылатын такси, 10-11-ші көшелерге одан да көп ақы алады. Бұл қарапайым халықтың қалтасын мәдениетті түрде қағу деп білемін, – дейді кент тұрғыны Ержан Балғынбеков.
Бұл пікірге тасымалдау қызметін ұсынып отырған кәсіп­керлер мен таксистер не дер екен?! Оны өздерінен сұрап білдік.
– Соңғы 2 жылда біздің қызметті пайдаланушылар саны күрт артты. Жігіттер тапсырыстарды кейде қабылдап үлгермей жатады. Әсіресе, жаз айларында жүргізушілер маусымдық жұмыстарға кетіп, такси саны азайғандықтан тапсырысты уақтылы орындай алмай қаламыз. Газ құю орындарындағы кезектің кесірінен де жіпсіз тұсалатын жай көп. Соның салдары бізге тиді. Ал, бағаға келер болсақ, баға тұрақты. Кейде база қате шығаруы мүмкін. Бірақ тұтынушы операторға звондап баратын жеріне дейін ақысының қанша болатынын білсе болады. «Адам аласы ішінде», демекші неше түрлі клиент бар. Тіпті әйел адамдардың өзі жүргізушілерді балағаттап жатады. Таксистердің барлығы отбасын асырап жүрген азаматтар. Олар да сол халықтың бірі. Мен жалғыз өзі бағаны түсіре алмаймын. Егер баға қатты түссе жүргізушілердің де, жалдау ақысының да құнын өтей алмайды. Ал, қалтасында жанармай мен қосалқы бөлшектің пұлы қалмайтын қызметке ешқандай жүргізуші жалданбайды. Қымбатшылық алқымнан алған заманда баға тұрақтылығын бағамдау өте қиын. Таяқтың екі ұшы бар. Таксидің ақысын төмендетсең халықтың қалтасына тиімді болғанымен жүргізушінің еңбегін ақтамайды. Ал, еңбегі ақталмайтын жұмысқа ешкімнің келмейтіні белгілі. Сондықтан бір қоғамда өмір сүріп жатқан соң бір-бірімізге түсіністікпен қарағанымыз абзал, – дейді «ALO taxi» тасымалдау қызметінің басшысы Біржан Қалжанұлы.
– Қазір көліктің қосалқы бөлшектері қымбаттады. Бинзиннің де, газдың да бағасы ай сайын 2-3 теңгеге болса да өседі. Ол айтқанда азғантай тиын болып көрінгенімен күнде көлік тізгіндейтін жүргізушінің қалтасына әжептәуір салмақ салады. Біз отбасымызды асырауымыз керек. Амал жоқ, жол ақысын көтеруге тура келеді, – дейді такси жүргізушісі Арыс Ерболұлы.

P.S.: Тақырыпты ашу үшін мемлекеттік қызметкерлермен де, тұрғындармен де, таксистермен де тілдесіп, пікірлерді бір арнаға тоғыстыруға тырыстық. Санаға түйгеніміз, қым­батшылық – қарапайым халық қалтасын қағып әлек. Көлік иелері мұнысын қанағатсыздық емес, күн көріс қамы дегенді алдыға тартады.
Түйгеніміз, нарық қоғамында күнелтіп жүрген адамзаттың санасын қаржы билеген. Бұдан шығар жол қайсы?

Айсұлу АЛДАНАЗАР
09 қараша 2024 ж. 280 0